Жыл сайын форумда медиа саласындағы үздік сарапшылар, журналистер, веб-сайттардың бас редакторлары кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылайды. Биыл қатысушылар қазақ тіліндегі онлайн контенттен ақша табу, Қазақстан медиа нарығын дамыту мәселелерін ортаға салды. Форумды еліміздегі АҚШ елшілігі мен Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырды. Шара қонақтары National Geographic Qazaqstan ұсынған Қазақстан мен АҚШ тақырыбында фотосуреттер көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х.Мозер алғы сөзінде бүгінгі қазақ тілді медиаға деген сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. «Qazforum осыдан 4 жыл бұрын қазақ тілінде хабар тарататын онлайн медиа өкілдерінің кәсіби алаңын қалыптастыру мақсатында басталды. Бүгін қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп келеді. 4 млн адам медианы тұрақты қазақ тілінде тұтынады екен, 500-ден астам медиа бар. Алайда қазақ тіліндегі медиа үшін жарнама тарту мәселесі әлі де қиын болып тұр. Бұл алаңда әртүрлі медиа өкілдері бүгінгі жаһандық өзгерісте пайда болған медиа саласындағы басты сын-қатерлерді шешу жолын табуға тырысады», деді Уильям Х. Мозер. АҚШ елшісі бүгінгі қазақтілді медиа ғана емес, жалпы әлемдік медиа жалған ақпарат мәселесімен бетпе-бет келіп отырғанын айтты.
Qazforum 2020 медиафорумының пленарлық отырысында «Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?» тақырыбы көтерілді. Белгілі саясаттанушылар Айдос Сарым және Самат Нұртаза, Tarlan.kz веб-сайтының бас редакторы Нұрғали Нұртай, Nege.kz веб-сайтының бас редакторы Ерік Рахым, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғара еліміздегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарына нарықтандыру үдерістері мен соңғы саяси өзгерістердің әсерін талқылады. Қатысушылар Интернет пен жаһандық цифрландыру ғасырында жаңа медиа мен дәстүрлі БАҚ-тың сұранысы туралы сұрақтарға жауап беруге тырысты. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараның айтуынша, бүгінгі баспасөзде көтеріліп жатқан тақырыптар аясы кең. Журналистер цифрландыру, IT, digital саласын терең зерттеп, оқырманға сапалы сараптамалық мақалалар ұсынып жүр. Сондай-ақ ол баспасөздің электронды БАҚ-пен бәсекеге түсуі үшін дәстүрлі жолдармен қатар, соңғы технологияларды меңгеріп, аудитория сұранысына сай форматта ақпарат таратуды үйренгені абзал екенін баса айтты.
Сондай-ақ жетекші медиа сарапшылардың қатысуымен шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті. Қазақ тілінде You Tube әлеуметтік желісінде сапалы әрі табысты жоба жүргізу кеңінен талқыланып, қатысушылар қызығушылық танытқан тақырыптардың бірі болды. Шараға 200-ден астам адам қатысты. Елордалық қонақтармен қатар, еліміздің өңірлерінен келген мамандар аймақтық медиа кеңістікте сапалы әрі мазмұнды хабарлар санын арттыру туралы пікір алмасып, басқа облыс, аудандағы әріптестерімен байланыс орнатты.