Күрес • 25 Ақпан, 2020

Азияның алдыңғы легіндеміз

348 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Үндістанның астанасы – Нью-Делиде аяқталған Азия чемпионатында Қазақстанның балуандары табысты өнер көрсетті. Аталған жарыста жерлестеріміз 5 алтын, 2 күміс және 12 қола медаль жеңіп алды. Осылайша күрестің үш түрі бо­йынша да еліміздің ұлттық құрамасы сары құрлықтағы ең үздік командалардың санатына қосылды.

Азияның алдыңғы легіндеміз

 Грек-рим күресі – 5 жүлде

Даңқты балуан, білікті бапкер Бақтияр Байсейітов жетекшілік ететін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатын 1 алтын, 1 күміс және 3 қо­ла медальмен қорытындылады. Бір­лес­кен күрес әлемінің (UWW) бекіткен ережесіне сай жер­лес­теріміз жалпы­командалық есеп­те үшінші орынға табан тіре­ді. Ал жүлделердің сапасы мен са­ны жағынан Иран, Оңтүс­тік Корея және Өзбекстан құра­малары алдымызды орап кетті.

Осы орайда Олимпия ойындары және лицензиялық турнирлерге даярланып жатқан еліміздің бетке ұстар балуандардың біразы айтулы додаға қатыспағанын айта кетуміз керек. Мәселен, Нұр-Сұлтанда өт­кен әлем чемпионатында жеңіс тұғы­рына көтерілген Мейрамбек Ай­нағұлов пен Алмат Кебісбаев Нью-Делиде бой көрсеткен жоқ. Тәжірибелері әбден толысқан Нұрмахан Тінәлиев пен Асхат Ділмұхамедов те Үнді еліне кел­меді. Егер сол саңлақтар құрама сапында болғанда көрсеткішіміздің едәуір жоғары болатыны сөзсіз. Десек те «болары болып, бояуы сіңгеннен» соң байбалам салудың еш қажеті жоқ деген ойдамыз. Егер былтырғы Азия біріншілігінде біздің балуандар бас жүлдеге қол жеткізе алмағанын ескерсек, биылғы нәтижеге көңіліміздің толғаны анық.

Сары құрлықтың саңлақтары жиналған жарыста Қазақ елінің әнұранын шырқатуға 77 кило салмақтағы Темірлан Шадукаевтың күш-жігері мен қарым-қабілеті жетті. Жастар арасында әлем бірін­шілігінің жеңімпазы, 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған дарынды балуан осы додаға тамаша бабында келген екен. Ширек финалда ирактық Хуссейн Әлбидханды, жартылай финалда иорданиялық Сұлтан Әли Дәменді және финалда ирандық Пижман Поштамды айқын басымдықпен ұтқан Темірлан алтын тұғырдан қол бұлғады.

Темірланның жеңісті жолын жалғастыруға 72 кило салмақтағы Ибрагим Магомадовтың тамаша мүмкіндігі болды. Бастапқыда қос қарсыласын еш қиналмай жеңген отандасымыздың ирандық Әмин Кавиянинежадқа әлі жетпеді.

Былтыр Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында күміс ме­даль­ды мойнына іліп, барша қа­зақ жанкүйерлерін қуантқан Қор­лан Жақанша (55 кило) сары құр­лық біріншілігінде қола жүлдені қанағат тұтты. Ширек финалда ол өзбекстандық Жасурбек Ортак­боевтан ойсырай ұтылып, үшінші орын үшін тартыста таиландтық Сахатсават Пхуангкеоның тас-талқанын шығарды. Әрине бұл көрсеткішке «Қорланның кө­ңілі толды» деп айта алмаймыз. Сонымен қатар Азамат Құстыбаев (87 кило) пен Мансұр Шадукаевқа да (130 кило) дәл сол белес ба­ғынды.

Үшінші орын үшін сайысқа түскен Айдос Сұлтанғали (60 ки­ло), Ернұр Фидахметов (63 кило) және Евгений Поливадовқа (72 кило) шешуші тұста ынта мен жі­гер жетіспеді. Ал Әділхан Сатаев (67 кило) пен Әлімхан Сыздықов (97 кило) алғашқы айналымда сүрінді.

Тағы бір айта кетерлігі, Нью-Делиде 63 кило салмақ дәрежесінде Өз­бекстанның туы астында өнер көрсететін қазақтың ұлы Елмұрат Тасмұратов бас жүлдені олжалады. Ол қарсы келгендердің бар­­лығын қоғадай жапырды. Ба­луандық өнерде беделі зор Қа­зақстан, Үндістан және Иран елі­нің өкілдерін оп-оңай еңсерді. Осы­лайша өзінің спорттық мансабында Елмұрат бесінші рет Азия чемпионы атанды.

Биылғы Азия чемпионатында небәрі сегіз мемлекеттің грек-рим күресі шеберлеріне жүлделі орындар бұйырды. Жеңіс тұғырына көтерілгендер қатарында Иран (5 алтын+1 күміс+4 қола), Оңтүстік Корея (1+4+0), Өзбекстан (1+2+3), Қазақстан (1+1+3), Үндістан (1+0+4), Жапония (1+0+0), Қыр­ғыз­стан (0+2+3) және Тәжік­стан мен Ирактың (0+0+1) өкілдері бар.

2020 жылғы Азия чемпиондары: 55 кило – Пуя Насерпур (Иран), 60 кило – Кеничиро Фумита (Жапония), 63 кило – Елмұрат Тасмұратов (Өзбекстан), 67 кило – Хансу Рю (Оңтүстік Корея), 72 кило – Әмин Кавиянинежад (Иран), 77 кило – Темірлан Шаду­каев (Қазақстан), 82 кило – Махди Ибра­хими (Иран), 87 кило – Құмар Сунил (Үндістан), 97 кило – Мохаммадхади Сарави (Иран) және 130 кило – Әмин Мирзазаде (Иран).

Дерекке жүгінсек: 1993-2020 жылдар аралығында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатында 25 мәрте күш сы­насты. Сол кезден бері біздің балуандар 37 алтын, 32 күміс және 52 қола медальды олжалады. Барлығы – 121 жүлде. Осы толағай табысының арқасында жалпы отандастарымыз командалық есепте 15 мәрте үздік үштіктің қатарынан көрінді. Тарқатып айтсақ, алты рет – бірінші (1995, 2003, 2004, 2005, 2006, 2014), бес рет – екінші (1993, 1996, 1997, 2009, 2016) және төрт рет – үшінші (2011, 2012, 2013, 2018) орындарды иеленді.

 Еркін күрес – 6 жүлде

Кезіндегі сақа спортшы Әсет Серікбаев баптаған жігіттер Азия чемпионатының алғашқы күнін үш қоламен қорытындылағанда көңіліміз кәдімгідей құлазып қал­­­ды. Себебі осы жарысқа кіл мық­­­тыларды әкелген Қазақ­стан құрамасынан біз керемет нәти­же күттік. Әсіресе әлем чем­пио­на­тының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы Нұрислам Санаев (57 кило) сәтсіздікке ұшырайды деп еш күтпедік. Бастапқы бәсе­ке­лерде Ирак пен Иран балуандарынан басым түскен ол шешуші тұста үндістандық Құмар Рави мен жапониялық Юки Такахашиден ұтылып, елге еңсесі түскен күйде оралды. Сол секілді тәжірибелі Ғалымжан Өсербаевтың да (79 кило) асығы алшысынан түс­педі. Қырғызстандық Арсалан Будажапов пен ирандық Әли Бақ­тияр Савадкоухиге жол берген қандасымыз жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Өзінің спорттық мансабында Азия чемпионатында үш алтын және үш қола медальды иеленіп, дүниежүзілік додада екі рет жүл­де­герлер қатарынан көрінген Дәу­лет Ниязбековты (65 кило) бұл жолы 2018 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Такуто Отогуро тоқ­татты. Одан кейін Ниямбордж Батулгадан басым түскен Дәулет қола медальды еншіледі.

Мейіржан Әшіров (70 кило) пен Әлішер Ерғалидің (97 кило) Иран­ның апайтөстеріне әлдері жетпеді. Есесіне үшінші орын үшін тартыс­та екеуі де өз қарсыластарының аяқтарын көктен келтірді. Мейір­жан үндістандық Невен Невенді, ал Әлішер қырғызстандық Маго­мед Мұсаевты жолдан ығыс­тырды.

Жарыстың екінші күні жерлес­теріміз жасындай жарқырады. Спорт кешеніне жиналған мың­да­ған жан­күйер Данияр Қайсанов­тың өнеріне тамсанып, құлшына қол соқты. 74 кило салмақта өнер көр­сеткен қан­дасымыз алғашында ирактық Карам Шәкір Махмұт (10:0) пен жапониялық Дайши Такатаниді (9:4) тізе бүктірсе, ақтық сында боз кілем иесі Житен­дер Жи­тендерді (3:1) жеңді. Сөйтіп Данияр қатарынан екінші рет Азия чемпио­ны атанды.

Алыптармен айқасқан Юсуп Батыр­­мұрзаев (125 кило) тәжік­стандық Фархад Анақұ­лов, үндіс­тандық Сатендер Сатен­дер және ирандық Парвиз Хади­басманиды бас көтерт­пей ұт­ты. Финалда оның жо­лы Моң­ғолияның мықтысы Худербулга Дорджхандпен қиыс­ты. Бұл бәсекеде де Юсуп қар­сы­ласына соқыр ұпай ұс­татпады. Осы айқын жеңісінің арқа­сында Батырмұрзаев Азияның теңдессізі деп танылды.

Үшінші орын үшін тартыс­та Азамат Дәулетбеков (86 кило) пен Илисхан Чилаев (92 кило) Өзбек­станның өкілдерімен күресті. Аза­мат Иса Шәпиевке есе жіберсе, Илисхан Аджинияз Сапарниязовқа сан соқ­тырды.

Нью-Делидегі Азия чемпионатында Қазақстанның еркін күрес шеберлері 2 алтын және 4 қола медальды олжалап, командалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Көш басында – Иран. Парсы елінің өрендері 2 алтын, 2 күміс және 4 қоланы қоржынға салды. Үшінші орында – Жапония. Күншығыс елінің өкілдері 2 ал­тын, 1 күміс және 4 қоланы ием­денді. Одан кейінгі сатыларға Қырғызстан (2+0+2), Үндістан (1+4+2), Жапония (1+1+3), Өзбек­стан (1+0+1), Тәжікстан (0+2+1), Моңғолия (0+1+1) және Оңтүстік Корея (0+0+1) жайғасты.

2020 жылғы Азия чемпиондары: 57 кило – Кумар Рави (Үндістан), 61 кило – Ұлықбек Жолдошбеков (Қырғызстан), 65 кило – Такуто Отогуро (Жапония), 70 кило – Ілияс Бек­болатов (Өзбекстан), 74 кило – Данияр Қайсанов (Қазақстан), 79 кило – Арсалан Будажапов (Қырғызстан), 86 кило – Шутаро Ямада (Жапония), 92 кило – Мұхаммадджавад Ебрахими (Иран), 97 кило – Моштаба Голейж (Иран) және 125 кило – Юсуп Батырмұрзаев (Қазақстан).

Дерекке жүгінсек: 1993-2020 жылдар аралығында Қазақстанның еркін күрес шеберлері Азия чемпионатында 25 мәрте бақ сынады. Сол кезден бері 19 алтын, 23 күміс және 37 қола медальды олжалады. Барлығы – 79 жүлде. Ең үздік нәтижеге жерлестеріміз 2006 жылы қол жеткізген еді. Алматыда өткен байрақты бәсекеде бес жүлде (3 алтын+2 қола) алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Одан бөлек, екі рет – екінші (2016, 2019) және бес рет – үшінші (2010, 2014, 2017, 2018, 2020) сатыға жайғасты.

 Әйелдер күресі – 8 жүлде

Әйелдер күресі жарысында әдеттегідей Жапонияның жұл­дыз­дары шашаларына шаң жұқ­тырмады. Күншығыс елінің бес аруы алтыннан алқа тағынса, үшеуі күміс медальды мойнына ілді. Үнді елінің сұлулары 3 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салды. Үшінші сатыға Қазақстан құрамасы жайғасты. Біздің қыз­дар­дың ен­шісінде – 2 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде. Әрине жерлестеріміз үшін бұл – керемет нәтиже. Олай дейтініміз, жарыс жолына шыққан 10 спортшымыздың сегізі жеңіс тұғырына көтерілді. Бұған дейінгі Азия біріншіліктерінің бірде-біреуінде дәл осындай толағай табысқа қолымыз жетпеген еді.

Үндістанда 53 кило салмақтағы Татьяна Аманжол-Ахметова мен 72 кило салмақтағы Жәмила Бақбер­генова Қазақ елінің әнұранын шыр­қатып, барша жанкүйердің алғысына бөленді. Екеуі де финалда Жапонияның балуандарын ұтты. Татьяна әлемнің екі дүркін чемпионы және екі дүркін күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің жеңімпазы Маю Мукаданы қос жауырынымен жерге қадаса, Жәмила Мэй Шиндоны шаң қаптырды.

Ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткен Аяулым Қасымова (62 кило) шешуші тұста жапониялық Юкако Каваидың осал тұсын таба алмады. Нәтижесінде, қазақ қызы күміс медальды иеленді. Ал Валентина Исламова (50 кило), Марина Зуева (55 кило), Алтынай Сатылған (57 кило), Мадина Бақбергенова (59 кило) және Эльмира Сыздықова (76 кило) қола жүлдеге қол созды.

 2020 жылғы Азия чемпиондары: 50 кило – Михо Игараши (Жапония), 53 кило – Татьяна Аманжол-Ахметова (Қазақстан), 55 кило – Пинки Пинки (Үндістан), 57 кило – Рисако Каваи (Жапония), 59 кило – Сарита Сарита (Үндістан), 62 кило – Юкако Каваи (Япония), 65 кило – Наоми Руике (Жапония), 68 кило – Дивиа Какран (Үндістан), 72 кило – Жәмила Бақбергенова (Қазақстан) және 76 кило – Хиро Сузуки (Жапония).

Дерекке жүгінсек: Әйелдер күресі­нен Азия чемпионатының тұ­сауы 1996 жылы кесілді. Сол кезден бері айтулы жарыстың жалауы 23 мәрте желбіреді. Сол байрақты бәсекелерде Қазақстан құрамасы 13 алтын, 15 күміс және 40 қола медальды олжалады. Барлығы – 68 жүлде. Сары құрлықтың барлық мықтылары бас қосқан дүбірлі додалардың жалпыкомандалық есебінде біздің аруларымыз алты рет (2007, 2009, 2010, 2012, 2014, 2020) үздік үштіктің қатарына қо­сылды.

1