Менің ойымша, Абай өзін таныту үшін өлең жазбаған сияқты. Керісінше, өлеңдерінен әр қазақ өзін-өзі танысын деп толғаған. Өзін ғана емес, ақын өлеңдерінен өзгені де танып, шумақтарынан мысал келтіріп жатады. Демек, ақынның шығармаларын оқып, түйсініп, тіршілігімізге тірек ете алсақ, жеткілікті. Дос кім, дұшпан кім, қалай өмір сүру керек, не жақсы, не жаман, елдің болашағы немен өлшенеді, шын өлім мен мәңгілік өлмеудің ара салмағы қандай? Бәрі айтылған, бәрін айтқан. Батыс пен Шығыстың ғылымы мен білімін, әдебиеті мен өнерін үлгі етіп, жұртына насихаттаумен ғұмыр кешті. Қазақ поэзиясына бұрын-соңды болмаған ұшқыр ой, әуенді ырғақ, боямасыз көркемдік әкелді. Байлықтың өлшемін малмен есептеген сананы өзгертуге әрекет жасады. Абай адам баласын табиғаттан жоғары қойды. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дей келіп, нағыз адам болып қалудың нақты ұстанымдарын ұсынды. Адам бойына қажетті үш қасиетті «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» түрінде екшелеп алып, «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» деп, «өлді деуге болмайтын» адамның деңгейлік межесін айқындады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты толғамды мақаласында «...Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалап, ...ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударғанына» ерекше тоқталады. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз», дейді ұлы ақын. «Бір ғылымнан басқаның бәрі де кесел асқанға» екенін ескерте келіп, ешкім не зорлық күшпен, не айла-тәсілмен тартып ала алмайтын байлық – ғылым екенін ұғындырады. Надандықты білім-ғылымның жоқтығымен (38-қара сөзі) өлшейді. Ақын үшін әр қазақ – ұлттық намыс, ар-ұят, кемел болашақ, халықтың бет-бейнесі. Абайдың көркем образын әлемге танытқан Мұхтар Әуезов ақынның дүниеден өткеніне елу жыл толғанда жазған «Қазақ халқының ұлы ақыны» (1954 жыл) атты мақаласында: «Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді», дейді. Абай әр тұлғаның адамдық қасиетін бағалай отырып, халқын шексіз сүйе білді. «...Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа!?» деген тұжырымға тоқталды. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын жазылған өлеңдері мен қара сөздеріндегі қоғам және адам жайлы зерделі ойлары бүгінгі заман ақиқатымен астасып жатыр. ...Құдай тағала еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?! (10-қара сөзі). Бұнымен қатар, «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» ғақлиясын ұсынады. Халқының келешегін ажырамас егіз ұғым еңбек пен ғылымнан күтеді. Осы екі керемет ұғымды ақиқат жолына айналдырған елдердің бүгінгі таңда «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» болып отырғанына көзіміз жетті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс» деп орынды атап өтті.
Бүкіл адамзатқа ой салар, үлгі болар Абай шығармалары әлемдік деңгейде зерттелмей келеді. Себебі оның шығармаларын өзге тілге аудару аудармашы тұлғаның тіл меңгеру қабілетімен қатар, ерекше ақындық талантын талап етеді. Ұлы ақынның туғанына 175 жыл толу мерейтойы қарсаңындағы атқарылар іс-шаралардың ең бастысы – шығармаларын өзге он тілге аудару мәселесі болуы керек. Адамзатқа Абайды танытудың тура жолы – шығармаларын өзге ұлттың танымына сай аударып беру. Абайдың сөзін емес, ойын дәлме-дәл жеткізе алсақ, өзге жұрт та ақын туындыларынан өзін-өзі тани алар еді. Ал аударманы жасау жолдарын ұлы ақынның өзінен үйренген жөн. А.С.Пушкиннен аударған «Жас жүрек жайып саусағын, Ұмтылған шығар айға алыс» немесе «Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы едім» жолдары қазақы ойлаудың теңдессіз көрінісі ретінде қолданылып келеді. Қазақ оқырманына И.А.Крыловтың сатиралық өлеңдерін табиғатымызға тән мәнермен жеткізе білді. Ес біле бастаған баладан еңкейген кәріге дейін жатқа білетін «шырылдауық шегірткенің» («Шегіртке мен құмырсқа», орысша нұсқасы «Стрекоза и Муравей») мазмұнында инелік туралы мәлімет берілмейді. Кәдімгі түнімен қазақ ауылында шырылымен маза бермейтін сүйкімсіз шегірткенің қылығы баяндалады. Өлеңнің сөзін емес, ойын аударып жеткізудің озық үлгісін көреміз. И.А.Крыловта:
Попрыгунья Стрекоза
Лето красное пропела;
Оглянуться не успела,
Как зима катит в глаза.
Абайда:
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп
жазды алған...
Екі ақынның түпнұсқа мен аудармалары арасындағы сөз айырмашылығы байқалғанымен, ой дәлдіктеріне күмән келтіре алмайсыз. Абайдың аударма саласындағы басты жетістігі, алдымен қазақ ұлтының болмысына сай келетін шығарманы таңдай алуы, сосын сол шығарманың сапалық деңгейін түпнұсқадан да асыра құлпыртуы. Мысал өлеңнің аяқталуы да ерекше. И.А.Крыловта:
...Ты все пела? Это дело:
Так пойди же, попляши!
Абайда:
– Қайтсін қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
Егер ақын өлеңдері сөзбе сөз аударылып, «Қазаққа қара сөзге дес бермедім – И равных себе в красноречье не знал; Мен ішпеген у бар ма?! – Есть ли яд, что не пробовал я?» түрінде ұсынылатын болса, даналық ойдың ұшқыны да сезілмейді.
Мерейтой қарсаңында жарық көретін Абай шығармаларының (он тілге) аудармалары көркемдік кеңес талқысынан өтіп, жаһандық оқырмандарына ой салуға жол тартса, әлемдік аренада ақынның өзі болып күңірене толғанса, қазақ халқының кемеңгер тұлғасының «Адамның баласы – бауырың» деген ұлы идеясы жаңғырып тұрар еді.
Мұратбай ЖОЛДАСБАЕВ,
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Парламент Сенатының депутаттары