1949 жылы менің он жасқа толған кезім, өзара тығыз шоғырланып отырған бізді, Грузия гректерін ойламаған жерден алыстағы Қазақстанға асығыс, аса қауырт жағдайда көшіріп әкелді. Біздің отбасымыз алдымен Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданы Темір стансасына келіп қоныстанды, кейін Түркістанға қарай бет түзедік. Кейінірек өз еліне оралуға рұқсат берген аз уақыттық рақымшылықты пайдаланып, әке-шешем үйренген Кавказына қайта көшіп кетті. Шымкенттің музыка мектебінде оқып жүрген мен оларға ермей, Қазақстанда қалып қойдым. Оны үздік дипломмен тәмамдаған соң жолдамамен Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіп, опера әншісі болып шықтым. Әрі қарай Қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестріндегі қыз-қыз қайнаған әншілік қызметім, үйленіп, үйлі-баранды болғаным, қысқасы, кезегімен келетін өмір заңдылығына сәйкес тізбектелген тіршілік көшіне ілесіп кете бардым.
Грекия – бабаларымның ата қонысы, балаларымыздың айналып соғар алтын қазығы, бірақ менің Отаным – Қазақстан. Міне, жетпіс жыл бойы осы қасиетті жерді мекен етіп келемін. Қандай кереғарлық десеңізші: бала күнімде кісінің бетіне тура қарай алмайтын өте ұяң болған екенмін, бірақ кейін ауқымды аудиторияларда жүздеген, мыңдаған адамның алдына шығып ән салатын асыл мұрат арқаладым. Қазақ жерінде сүйікті ісіммен айналыстым, жан қалауымның рахатын таптым, халықтың сүйіспеншілігіне бөлендім. Әнімді, өнерімді бағалағандардың махаббаты менің шығармашылығыма шабыт берді, құдіретті музыка өзімді де, өмірімді де көкке самғатып, шарықтата түсті. Әрине ол басқа кезең еді, адамдары мейірімді, көшелері таза, радио мен телевизиядан шырқалатын әндер мөлдір, тұнық еді.
Басына салған азаптың бәрін көріп, тағдыры қым-қуыт болып, әупіріммен жан сақтаған босқынның баласы болсам да және бұл біздің тұрмысымызға анық таңбасын түсірсе де, өнердегі өмірім бұл ауыртпалықтан ада болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мыңдаған грек тарихи отанына оралуды ойлап, лек-легімен үдере көшіп жатқанда, кей таныстарым: «туысың мен балаларыңның бәрі ата-бабасының еліне кетті, өзің қашан кетесің?» деп менен де жиі сұрайтын. Мен сонау Түркістанда жүрген бала кезімнен бастап ән айттым, әнсіз өмір сүре алмайтынымды сол кезде-ақ сезгенмін, ендеше мені танымайтын елде әнсіз, әуенсіз қалай өмір сүрмекпін? Жол ортасына келгенде сүйікті кәсібімнен қалайша қол үзіп қалмақпын? Музыкадағы мансабымды одан әрі жалғастыру үшін, мойындалуым үшін мен сол жақта туып, сол елде өмір сүруім керек. Ал мен болсам Қазақстанда қалыптасқан адаммын, музыка мені танымал етті, сүйікті кәсібімнің арқасында сыйлы болдым. Музыка – менің, мен – музыканың бір бөлшегіне айналып кеткелі қай заман. Адам ретіндегі қабілет-қарымымды жүзеге асыру үшін музыка маған мүмкіндік сыйлады. Барлық адамның маңдайына генерал болу жазылмайды, бірақ әннің арқасында мен арманым мен тілегіме толық қол жеткізген адаммын. Тіпті «Лаки» деген есімімді «бақыт» сөзінің баламасындай көремін. Себебі бүкіл бір елдің сүйікті әншісіне айналғанымды сахнаға шыққан сайын жүрегімнің әрбір қылымен қапысыз сезінетінмін. Анығында, құрметпен қарсы алып, қуанып отырып ән тыңдап, құшағымды гүлге толтырып, қошеметпен шығарып салатын ыстық ықыласымен сездіріп тұратын. Өнерім мен Қазақ елінің қолдауы алып аумақты алып жатқан Одаққа атымды тез әйгіледі. Мәскеудегі Одақтар үйінің колонна залында жеті рет ән салдым, бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан 2 000 000 данамен күйтабағымның таралуы үлкен жаңалық ретінде қабылданды. Қазақстанның халық әртісі атандым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болдым. Бір адам армандап-аңсайтындай бақытты тағдыр бұйырды. Өмірімнің барлық сәулелі кезеңі мен шуақты шақтары тек осы елмен, осы топырақпен байланысты өрілді. Бұл бақытты менен ешкім тартып ала алмақ емес. Әйтпесе Одақ көлемінде атағым дүрілдеп, таныла бастаған тұстан бастап көз қызықтырып, көңіл арбайтын уәдесін үйіп-төгіп, эстрадасын, өнерін көтеру мақсатында өз еліне шақырғандар аз болмады. Алайда Қазақстанды, таңғажайып табиғаты тілмен айтып жеткізгісіз ару Алматыны қимадым. Тағдырым Қазақ елімен тығыз байланысты болғаннан кейін өзімді елімнің үлкен патриотымын деп санаймын. Қазақ әндерінің насихатшысы болдым десем, көзі тірі куәгерлер сөзімді сөге қоймас, ұлттық классиканың жауһарлары, заманауи композиторлардың әндері шығармашылығым мен репертуарымнан әрқашан берік орын алды. Көптеген композиторлар жүрегін жарып шыққан ең алғашқы тырнақалды туындыларын тыңдаушысына таныстыру үшін менің орындауыма сеніп тапсырды. Гастрольдік сапарлармен, арнайы концерттермен топырағын баспаған, дәмін татпаған қазақ ауылы, сірә, жоқ шығар. Қазақстанның барлық облыстарын, әр өңірін, түкпір-түкпірін армансыз аралаған жастық өмірім алыста қалса да, бүгінгі сексеннің сеңгірінен көз салғанда, сол аяулы кезеңнің сағынышқа толы естеліктері көңілімді жасартып, сол күнге қайта оралтқандай болады.
Мұның сыртында Қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрі мен әншілері тараған соң, шығармашылығымды педагогикалық бағытта жалғастырып, қазақ өнерінің сахнасы үшін талантты шәкірттер тәрбиелегенімді мерейімді тасытатын өмірімнің маңызды кезеңі деп білемін. Эстрада-цирк колледжінде, Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында эстрадалық вокал кафедрасында еңбек ете жүріп, бірінен-бірі асқан талантты шәкірттерімнің өнер сахнасын бағындырғанын көріп, кеудемді мақтаныш кернейді. Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева, Жастар сыйлығының лауреаты Жеңіс Ысқақова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, белгілі әншілер Сәкен Қалымов, Қайрат Нұртас, Алмас Кішкенбаев, Динара Сұлтан секілді әншілер менің ғана емес, өз елінің мақтанышына айналды.
Кейде әндерімді сүйіп тыңдаған аға буынның өкілдері мені көшеде, қоғамдық көлікте көріп, кездестіріп жатса, танып, амандасып, жылы шыраймен алғысын айтып жатады. Ондайда, керісінше, танығаны, бағалағаны үшін қолын алып, оларға алғысты менің айтқым келіп тұрады. Жалпы, алғыс деген – аманат арқалаған ардақты сөз. Үлкен ұғым. Маған өмір сыйлаған ата-анама, қабілетіме сеніп, өмірге жолдама берген, талантымды ұштап, тәрбиелеген ұстаздарыма, сахнада серіктес болған әріптестеріме ғана емес, жай ғана атқан таң мен күткен күнімді қарсы алғаным үшін де өз басым рахмет айтқым келеді. Бастысы, біздің бәрімізді құшағын ашып қарсы алып, бауырына басқаны үшін, өмір сүруге мүмкіндік сыйлағаны үшін Қазақ еліне қарыздармыз. Осы жылдар аралығында қаншама грек ұлтының адамдары өмірге келді, азамат болып қалыптасты, олардың арасынан академиктер, талантты ғалымдар, әртістер, басқа да әр саланың мамандары өсіп шықты. Қазақстанда «Филия», яғни «Достық» атты грек ұлттық-мәдени бірлестігі құрылып, жырақта жүрсе де, өз тілі мен мәдениетінің қанат жаюына қамқор пейіл көрсетіп, грек ұлтының шеңберін кеңейте түсті. Бәріміз үшін Қазақстан өз үйімізге, екінші Отанымызға айналды. Ендеше ең басты алғыс та бүкіл әлемге қазақстандық үлгі ретінде танылған дәл осы қамқорлық үшін айтылуы керек деп ойлаймын.
Лаки КЕСОГЛУ,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты