Үкімет • 02 Наурыз, 2020

ДСМ: Қазақстан короновирус бойынша «Б» жоспарына дайын

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлемдегі коронавирустық инфекцияның таралуына қатысты қазіргі жағдай жайлы, сондай-ақ Қазақстанда вирустың тасымалдануына  жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

ДСМ: Қазақстан короновирус бойынша «Б» жоспарына дайын

Е. Біртановтың баяндамасында айтылған соңғы мәліметтер бойынша  әлемде COVID-19 пневмониясын жұқтырған 88 571  адам тіркелді және оның 1951-і соңғы тәулікте анықталған. Күн сайынғы өсім қарқыны 2,25 пайыз.

Қытай Халық Республикасында 80 174 адам ауруға шалдығып, 206-сы соңғы тәулік ішінде тіркелді (күн сайынғы өсім – 0,26%), 44 518 адам жазылып шықты (55,5%). Стационарларда әлі де 32 741 науқас ем алуда.

Бүгінде Қытайдан өзге  63 елде – 8 397 адамда коронавирустық инфекция расталды. Жаңадан анықталған науқастардың көбі Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Жапония елдерінді тіркелді және орта тәуліктік өсу қарқыны 30 пайызға жетті.

Ведомство басшысы Премьер-министрге Қазақстанда коронавирустық инфекцияның тасымалдануы мен таралуының алдын алу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданғанын айтты. Профилактикалық іс-шаралар 6 қаңтардан бастап үш кезеңде өткізілуде.

1-кезеңде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен:

- мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, арнайы жаттығулар өткізілді;

- Қытайдан келген адамдарға медициналық мониторинг жүргізіледі;

- жеке қорғану, сырқатты алдын алу және емдеу құралдарының қажетті қорлары бар;

- тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды.

31 қаңтардан санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің 2-ші кезеңі басталды. Денсаулық сақтау Министрлігінің бұйрығына сәйкес:

- барлық шекаралардағы санитарлық-карантиндік пункттерге қосымша 150 санэпидқызмет маманы жіберілді;

- жаңа инфекцияның зертханалық диагностика іске қосылды;

- клиникалық емдеу хаттамасы және эпидемияға қарсы іс-шаралар алгоритмдері бекітілді;

20 ақпаннан министрлік инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алуға арналған шаралардың 3-ші кезеңін бастады.

Коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің деңгейіне байланысты шет елдерді үш санатқа саралау  әдістемесі әзірленіп, енгізілді. Қауіп деңгейіне байланысты, коронавирустық инфекция таралған елдерден келген адамдарға тиісті медициналық мониторинг жасалады.

Тәулік бойы басқа мемлекеттердегі қауіп деңгейі бағалануда. Бақылау барысында тіркелген жағдайлардың саны, аурушаңдық деңгейі, вирустың таралу қарқыны сияқты бірқатар критерийлер есепке алынады.

Бағалау нәтижелері бойынша бірінші санатқа Қытай халық республикасы жатқызылды. Қытайдан келген барлық азаматтар 14 күнге карантинге жатқызылады.

Екінші және үшінші санатқа кірген елдерден келген жолаушылар 14 күн ішінде тұрғылықты жері бойынша медициналық бақылауда немесе қоңырау шалу арқылы қашықтықтан бақылауда болады.

«Елдерді бағалау тәулік бойы жүргізіледі және оған инфекцияны жұқтырғандар саны, ауру көрсеткіші, инфекцияның өсу қарқыны сияқты бірқатар критерийлер кіреді. Ранжирлеу нәтижелері бойынша бірінші санатқа ҚХР жатқызылды», - деді Е. Біртанов.

2020 жылдың 6 қаңтарынан Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінде санитарлық бақылауды күшейтіп, миллионнан астам адамды тексеріп-қарады.

Бүгінде бақылауға 30 мыңнан астам адам алынды. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты бақылаудан азаматтардың негізгі бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де бақылауда.

6 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық-вирустық инфекциямен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылды; олардың 166-сы жазылып шықты. Қалған 20 адам стационарда ем алуда. Коронавирустық инфекция диагнозы расталмады, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс.

«967 адам зертханалық тексеруден өтті. Оның ішінде 544 адам Қытай Халық Республикасы (Бейжің, Ухань) мен Жапониядан (Токио) келді, 423 адам коронавирус күдігімен ауруханаға жатқызылды немесе науқастармен байланыста болды. Барлық нәтижелер теріс. Коронавирустық инфекция диагнозы расталмаған. Тестілеу Ресей, Қытай және отандық өндірістің тест-жүйелерімен жүргізіледі. Олардың барлығын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы валидизациялады», -деді өз баяндамасында Е.Біртанов.

Елімізде коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың жоқтығына қарамастан, Денсаулық сақтау министрі кез келген уақытта  індет елімізге де жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан Қазақстан «Б" жоспарына дайын. Медициналық ұйымдар мен карантиндік аймақтардың қызметкерлері оқудан өтті. Сондай-ақ осы уақыт ішінде тест-жүйелердің, дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және жеке қорғану құралдарының қоры жасақталды.

Биыл 1 наурыздан 4-ші кезең басталды. Бас санитарлық дәрігердің Қаулысымен ҚХР-дан басқа бірінші санаттағы елдерге Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, САР (Қытайдың арнайы әкімшілік аудандары) Гонконг және Макао, Тайвань (ҚХР) жатады. Енді ҚХР мен Ираннан келгендердің барлығы медициналық мекемеге 14 күндік карантинге жабылады, одан кейін 10 күн ішінде медициналық бақылауда болады. Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Сар Гонконг және Макао, сондай-ақ Тайваньнан келгендер 14 күндік үй карантиніне орналастырылады. Алайда, кез келген уақытта санитарлық қызметтің шешімі бойынша олар медициналық объектіде карантинге ауыстырылуы мүмкін. Бұл ережелер үкіметтік делегациялардың мүшелеріне, дипломатиялық миссиялардың қызметкерлеріне, авиакомпаниялардың ұшқыштарына және экипаж мүшелеріне, ТЖ көлігі локомотив бригадаларының мүшелеріне, автожүк тасымалы жүргізушілеріне қатысты емес.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың және Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарада 1,2,3 санаттағы елдерден келген барлық азаматтарды және олармен байланыста болған адамдарды анықтап, тексеріп, тасымалдауы және орналастыруы тиіс деп санаймыз», - деді Е. Біртанов.

Ең бастысы медициналық ұйымдардың, карантиндік объектілердің, қоғамдық орындардың - әуежайлардың, вокзалдардың және басқа да әлеуметтік, стратегиялық объектілердің қауіпсіздік шараларын күшейту, медицина қызметкерлерін, құқық қорғау органдарының, шекара қызметінің және басқа да  органдар мен ұйымдардың қызметкерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, жеке қорғану құралдарының жеткілікті мөлшерде өндірісін қамтамасыз ету, Үкіметтің коронавирусты алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

«Коронавирустық инфекция анықталған немесе  таралған жағдайда  жергілікті атқарушы органдар  іс-әрекеттер алгоритмін жүзеге асыруға жүз пайыз дайын болуы керек, оның ішінде қажетті күштер мен құралдарды, мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерімен, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дезқұралдардың, азық-түлік пен гигиенаның қорын есептеу және дайындау керек», - деп түйіндеді Е. Біртанов.