Руханият • 11 Наурыз, 2020

Баубек батыр ұлықталса

1080 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының Рухани жаңғыру қағидасы әр жүректің көмбесіндегі жанартауды түрткілеп оятуымен құнды болып отыр. Осы тұрғыда батыр Баубек Бекмырзаұлының биылғы екі жүз жылдық мерейтойына байланысты тың ұсыныс-пікірлерін алға тартып жүрген Қабиболла Шаяхметовтің еңбегін ескерген жөн.

Баубек батыр ұлықталса

Алдымен Баубек батыр кім? Қысқаша тоқталайық. Ғұлама тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монография­сында: «Кенесары шақырған ке­ңеске әртүрлі рулардың өкілдері жиналды, атап айтқанда, кеңеске мына адамдар қатысты: бегімбет руынан – Иман, Тәуке батыр, арғынның төлек тармағынан – Жәуке батыр, қарауыл руы­нан – Баубек, керей руынан – Қошқарбай батыр, төртқара руы­нан – Байгелді және Әйгер, берді руынан – Сүгір­бай. ...Ке­ңесте Торғай мен Ырғыз ауда­нын тастап кету туралы ше­шім қабылданды», деп жазды. Мі­не, кілең ығай-сығайлардың са­натында аталған Баубек батыр Хан Кене басқарған көтерілістің ақырына дейін қатысып, ержү­рек­тігімен, адалдығымен, терең парасаттылығымен көзге түскені тарихтан белгілі.

Баубек батырдың көзсіз ерлігі, мақсат пен мұрат жолындағы қайсарлығы хақында еліміздің көптеген қаламгері тың деректермен әдіптелген шығармалар жазды. Немесе ұлт тарихына қатысты еңбектерінде оның ерен болмысына қатысты шынайы түйіндер жасалды. Айталық, жазушы І.Есен­берлиннің «Қаһар» романын­да Кенесары батырларының шо­ғырында Баубек баһадүрдің шалт қимылды күрескерлігі керемет келбеттеледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл тақырып аясы кеңейе түсті. Солардың ішінде жур­налист А.Байжановтың «Кене­сары хан мен Бектауыл Бау­бек» ат­ты деректі хикаятын ерекше атай­мыз. Ақындар Қ.Аман­жол­дың, Қ.Мырзабектің батыр нар­кескендігін желі еткен жырлары оқырмандар көңілінен шықты. Басқа да туындылар көрікті ойларымен көкейде сайрап тұр. Бәрінің діттегені – Баубектей батырдың бүгінгі ел егемендігінің қайнар бас­тауындағы шешуші ұрыстарға қаты­сып, жанын пида еткенін бүгінгі ұрпаққа насихаттап, үл­гі ету. Осыдан екі жыл бұрын шық­қан «Жақ­сының жақсысы Баубек батыр» деген ұжымдық еңбек те соны мақсат етеді.

Жақсы ауданында кіндік қаны тамған Баубек батыр Ресейдің Түмен губерниясының Есіл уезіне 16 жылға жер аударылып, сонда дүниеден озады (1820-1884 ж.ж.). 2015 жылы жоғарыда есімі аталған Қ.Шаяхметов бастаған баба ұрпақтары Түменге барып, Бау­бек батырдың зиратын та­уып, басына белгі орнатты. Елорда ірге­сіндегі Қосшы ауылының бір көшесі батыр есімімен аталады. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, 1993 жылы батырға ас беріліп, ту­ған жеріне кесене салынғанының куәсі болған едік. Қазір ол кесене жолдан қиястау, он шақырымдай қашықтықта қалған. Ауыл ыдырап кетті. Соған байланысты ­батыр ұрпақтары Кенесары ханның батасын алған әрі сенімді серігі болған Баубек батырға ескерткіш орнатылуын қалайды. Және оның тұрғызылатын жері Қима ауданынан шыға берістегі Жақсы мен Жарқайыңға бұрылатын күре тас жолдың қапталындағы қыраттың нақ төсіне көтерілгенін жөн деп біледі. Осы ойларын хаттама толтырып тиянақтап Ақмола облысының әкімдігіне жөнелтіпті.

Әлгінде айттық, биыл Баубек (Бекмырзаұлы) батырдың ту­ғанына 200 жыл толады. Ерлік – елге мұра. Ендеше Тәуел­сіздігіміздің тұғырын тіктеу жолында жанын қиған ерге елдік құрмет көрсетілгені сауапты іс болмақ. Тиісті мекемелер бұл ойды құп алса игі.

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері