Қоғам • 26 Наурыз, 2020

«Астана Опера» көп рет қолдануға болатын маскалар тігуде

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана Опера» коронавируспен күрес мақсатында көп рет қолдануға болатын маскаларды әзірлеуге кірісті. Басшылық алғашқы партияны UMC корпоративтік қорының Ұлттық балаларды оңалту орталығына тапсыру туралы шешім қабылдады, ол жерде әрбір 25 күні 300-313 бала 230 ата-анасымен ем қабылдауда. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана Опера» көп рет қолдануға болатын маскалар тігуде

– «Астана Операның» тігін, костюмерлік және бутафор цехтарының шеберлері қашықтан жұмыс жасау тәртібіне көшуіне байланысты өздерінің үйінде жеке тігін машиналарымен маскалар тігуде. Олардың әрқайсысына театр қоймасынан материалдар жеткізілді. Біз ақ түсті мақта матаны, дәкені пайдаланамыз, сондай-ақ әкімшілік ені 7 сантиметр резеңке сатып алды. Масканың өлшемі 20 х 19 сантиметр, ол мақта матаның бір қабаты мен дәкенің алты қабатынан тұрады. Қол жұмысы да орын алды – бүрмелерді салып, маскалар үтіктелді. Маскалардың бір бөлігі медициналық орталықтарға табыс етілуіне қарамастан, алдымызда ауқымды жұмыс тұр – екі мың метр матаны өңдеу қажет, – деп атап өтті «Астана Операның» костюмдер бойынша аға технологы Жанар Момынова.

Осылайша, 5 сәуірге дейін тағы да 2000 маска тігу жоспарлануда. Бұдан бөлек, дайындалған 200-ден астам маска театрда жұмыстарын жалғастырып келе жатқан қызметкерлерге таратылды, олардың қатарында спектакльдердің тікелей көрсетілімін жүзеге асыратын IT бөлімінің мамандары, сонымен қатар күзет қызметі мен театрдың жедел штаб қызметкерлері бар.