Таным • 30 Наурыз, 2020

Бетперде киген көктем

1068 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1.

Күшейтілген карантиндегі қала. Он бесінші күн. Сурет: редакция терезесінен қарағандағы көрініс. Сағат 15:24. Дүйсенбі. Дүйсенбі – парсы сөзі, екінші күн деген мағына береді екен. Ал біз оны бірінші күн дейміз. Ағылшын тілді мемлекеттерде уикэнд деген ұғым бар, біздіңше – демалыс күндері. Бірақ, олардағы уикэндте мерекелік сипат бар. Отбасына арнайды, қонаққа барады, осы күнді жоспарлайды. Бізде, жай ғана демалыс күндері. Қалауымызша шашып-төгіп жұмсаймыз күнді. Соны аптақыр (аптаның ақыры) деуге де болатын шығар, алайда сүйкімсіз естіле ме, біртүрлі. Есесіне, өзгеше мағына үстейді. Сол демалыстан шаршап шықтық, ештеңе істемей, ойдан, уайымнан. Күн сайынғы пандемия көрсеткіштерінен. Кітап оқыған болдым, жазған болдым. Оқығаным – ойыма қонбады, жазғаным – көңілімнен шықпады.

Бетперде киген көктем

Ауа температурасы 4 градус. Бүгін көктемдік күртешемді киіп шықтым. Оның түсі – хаки. Ол да парсы сөзі. Бұрын сәнді болатын. Бұрын деген қашан? 25-ші қаңтарға дейін бе? Вирус анықталған алғашқы күннен кейін дүние өзгеріп кеткендей. Уақыт басқаша сезіле ме, қалай өзі... Биылғы сәнді түстер – ақ, қара, көк, сұр. Бетперденің түстері. Көңіл күйдің түсі.

Қар жауу ықтималдығы 10 пайыз. Қыс бойы құшырлана, құмарлана жауды. Қаланы қалың қар басқанда біздер қар адамы секілді жүрдік. Көктем шыққанда қасат қар ерімей көп жататын шығар деп қауіптенген ек, не деген аңғал қауіп?!..  Қауіптің бәрі осындай бейкүнә болса ғой, шіркін.

Ылғал – 53 пайыз. Жел сағатына 14 шақырым жылдамдықпен соғып тұр. Сарыарқаның желі. Көңілің алабұртып, іштей әлденені аңсайсың, әлденеге ұмтыласың. Қайда?! Өлең оқығың келеді. Кімге?! Арқаның желі алаңғасар ғой, ақынға ұқсайды. Алып-ұшып тұрады.

Пушкин, екеуміздің қатар екенімізді ескеріп, Саша деуге де болатын шығар, 1827 жылы індет жайлы жыр «жазыпты». Жазса, жазған болар, бірақ әлеуметтік желіде желдей гулеп тараған өлең – орыстың емес, біздің ақтөбелік Пушкиндікі болып шықты. Ақ бесігі Ақтөбе болған көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевті кезінде «Қазақтың Пушкині» атаған, өлең авторы, әрине, ол емес – әлеуметтік желіде Ули Гримм деген бүркеншік атпен танылған қазақ екен. Сол өлеңді бүкіл Ресей оқыды.

Әдебиет – әлем жайлы өз сөзіңмен әңгімелеп беру. Өзің туралы да. Кейде өзің туралы айтқаннан өзгелер туралы айтқан жеңіл. Себебі, не айту керек екенін білесің. Солай ма? Таңертең фейсбукте ақын Аманхан Әлімұлы френдтерінен «өткен естеліктерді қалай табуға болатын» сұрады. Таңғы 09.00-де. Ешкім жауап беріп үлгерген жоқ. Бір сағаттан кейін бұл әлемнен кетіп қалды... Естеліктерді қалай табуға болады? Ақын өтті өмірден. Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен жүздеген ақындар, әсіресе жастар қазір Алматыға ағылып бара жатар еді. Ақынға топырақ салуға. Төлегеннің басында тұрған Мұқағалидай. Бірақ...

Бетперде киген көктем. Әлденеден жасқанатындай. Жүзін жасыратындай, шығыстың сұлулары секілді. Ұялшақ, кінәмшіл бойжеткен.