Қоғам • 02 Сәуір, 2020

Бетперде киген көктем - 4

699 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күшейтілген карантин. Біз көктемнен, көктем бізден тығылып жүргендей. Ойлар, сезімдер жасырынбақ ойнайды. Аңсамауға, сағынбауға, іздемеуге, бауыр мен достың жүзін көрмеуге іштей беки түстік. Оңтүстікте өрік гүлдеп жатса да. Өзіңнің ғана емес, солардың амандығы үшін де.

Бетперде киген көктем - 4

Адамдарды өзіңнен қорға. Өзіңнің қызығушылығыңнан. Жер бетінде екі-ақ адам бар секілді қорға. Соны ойлағанда, жер бетіне алғаш түскен Адам мен Хауаны да ойлайсың. Адам атаны көне түркілер Иалынұқ деген. Оған әлі ораламыз.

Жасырынған көктем ғана емес, адамдар арасында, олардан да бір нәрсені жасырып жүргендей күдік те бар. Бір ақпаратты бүркеп отырғандай. Әлемде бір алпауыт күш өз қолымен осының бәрін жасап тұрғандай. Вирустың қайдан шыққанынан бастап, қашан тыйылатынына дейін. Стрейзанд эффектісі деген әлеуметтік феномен бар екен. Белгілі бір ақпаратты жасырған сайын оның таралуы ұлғая түседі. Адамдардың ынтызарлығы арта береді. Сол баяғы тыйым салынған жемістің дәмі тілді күйдіріп барады.

Әдебиетте Жорж Польтидің 36 сюжеті яғни драмалық ситуациясы деген ұғым бар. Жер жаралғалы 80 миллиард адам өмір сүрсе, соның 8 миллионы жазушы болса да, бар жазары – осы 36 ситуацияға құрылады. Мұның көбісі діни кітаптарда тұр. Махабба мен нараха, ізгілік пен зұлымдық, адалдық пен арамдық, серт пен сатқындық, кек пен кетісу дегендей. Канондық ситуациялар, сюжеттер.

Соның бірі – тыйым салынған дүниеге құмарлық, қызығушылық. «Гілгәмештегі» Энкидуды сұлудың арбауы, Зевстің сыйлаған құтысын Пандораның ашуы, Адам мен Хауаның тыйым салынған жемісті жеуі. Осы жерде ерекше атап өтетін нәрсе бар, ол – қасиетті кітаптарға ортақ бір сюжеттің мәніндегі екі бөлектік. Библияда, Еваны жылан бейнесіндегі әзәзіл арбап, таным дарағындағы тыйым салынған жемісті (алма, жүзім, т.б.) жегізіп, кейін оны Ева Адамға ұсынса (осыдан әйел образындағы әзәзілдік сипат, кері түсініктер қалыптасқан), Құранда Адам мен Хауа жемісті бірге жейді. Бірі екіншісін арбамайды. Күнә – ортақ.

Ал грек мифологиясы жайына келсек, Пандора – Зевстің жаратып, жер бетіне жіберген алғашқы адам сипатындағы әйел образы. Пандора құтысы немесе жәшігі – ашуға тыйым салынған бұйым. Алайда, Пандора қызығушылықпен осы құтына ашып жібереді. Құтының ішіндегі барлық нәубет – ауру мен дерт, қайғы мен қасірет, аштық пен қуаңшылық, зобалаң мен зарлық, ашкөздік пен залымдық құтыдан шығып, жер бетіне таралып кетеді. Құтының ішінде жалғыз үміт қана қалады.

Жиырма бірінші ғасырдың Пандора құтысы қалай ашылды? Кім ашты? Жеуге тыйым салынғанды кім жеді? Аты жаман індет жарқанат етін жеген адамнан таралды деген ақпарат бар. Демек, біздің заманда ашылған Пандора құтысы сол болғаны ма?..

Бетперде киген көктем. Өз қалауымыз бен қызығушылығымыздан қорғанайық. Әрбір адамның қолында Пандора құтысы бар.

 

Бетперде киген көктем - 3

Бетперде киген көктем - 2

Бетперде киген көктем