Оңтүстікке келген сапарында Елбасы Шымкент сөзінің төркіні шымнан соғылған қала дегенді білдіретінін меңзей келіп, “Шымкент – шырайлы шаһар” деп атаған жөн болар еді дегенді айтты әзілдеп.
Расында да, Шымкент осыдан бес-алты жыл бұрынғы қала орталығының ала шаңы аспанға атқан, иіс-қоңысын жел желпіп әкете алмайтын қаптаған базарынан ажырағалы жасаңғырап қалған. Шыбықты теріс қадаса да өсіп кететін шым қала жыл өткен сайын атты кісі түсіп қарайтын сәулетті қалаға айналып келеді. Алматы, Астанадан кейін үлкен үшінші қалаға айналғалы отырған Шымкенттің жаңа бас жоспары дайындалып, әр сала бойынша жақсы жұмыстар жүріп жатыр.
Қала әкімі Арман ЖЕТПІСБАЕВТАН нақты жасалып жатқан жұмыстарға орай сауалдарымызға жауап алған едік.
– Шымкент Қазақстанның шырайлы шаһарларының бірі болатындығына сөз жоқ. Кезінде үлкен қайраткерлердің өмірдің маңыздылығына орай, мағыналы өмір сүр дейтін қанатты сөзін Шымкентте қалай бұрып алғанын естіген шығарсыз. “Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан оны жанға жайлы Шымкентте өткізу керек” деген. Қазақстанның жерінің бәрі жақсы. Әйтсе де қысының қауқары бір-екі айға ғана жететін, табиғаты жұмсақ, соған орай адамдарының да жүрегі жылы, досқа құшағы ашық өңір туралы жақсы сөз айтпасқа болмайды. Адам ағзасына қажет дәру-мендер жыл он екі ай үзілмейтін оңтүстік дегеніңіз осы.
Ал қала құрылысы және сәулет жөнінде айтар болсақ, қаланың жаңа бас жоспарының жобасы дайындалып, онда халық саны 1,5 млн. адамға болжанып отыр. Қаланың шекарасын 65 мың гектарға кеңейту қарастырылған. Қазіргі таңда бас жоспардың жобасы Үкіметтің бекітуіне ұсынылды.
Сонымен қатар, қала құрылысы кадастрын құру мен жүргізу мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан да қала бюджетінен бұл жұмыстың 2-ші кезеңін жүзеге асыру үшін қаржы қарастырылып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде қала аумағындағы барлық құрылыс жұмыстары электронды базада сақталатын болады. Сонымен қатар, ғимараттардың және құрылыстардың, сәулет нысандарының жай-күйі және қала құрылысын жоспарлау, көшелердің қызыл сызықтары, инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, көше атаулары мен олардың саны туралы мәліметтер енгізіледі. Бұл жұмыстарды 2010 жылдың қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Қаланың эстетикалық келбетін жақсарту және қаланың мәдениетін көтеру, яғни тұрғындарға ыңғайлы ортаны құру мақсатында облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, қаланың орталық 8 көшесінде орналасқан ғимараттардың сыртқы келбеті ретке келтірілді.
Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұйытқы болуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ордабасы алаңында ел Тәуелсіздігін дәріптейтін монумент, темір жол вокзалы алаңында Жібек жолы ныша-ны салынып, Т.Рысқұловқа ескерткіш орнатылды. Ордабасы алаңы қайта құрылып, “Қошқар ата” өзенінің бойынан фонтан салынды, Ордабасы алаңындағы “Ескі қалашық” қайта құрылып, Қабанбай батыр даңғылы бойынан “Тамашалау алаңшасы” және ту бағанасы орнатылды. Сонымен қатар, Абай саябағында Даңқ аллеясын құру, Абай саябағының кіреберісіне коллонада орнату, “Самолет” нысанының орнын ауыстыру, Абай саябағындағы балалар кафесі ғимаратын “Абай мұражайы” етіп қайта құру жұмыстары жүргізілді. Осындай жұмыстар биыл тағы жалғасады.
– Үлкен шаһарлардың күретамыры үлкен өндіріс орындары екендігі белгілі. Көрші Өзбекстанда тұрып келген қандастарымыз тарихи Отанына оралу мүмкіндігі туғанда квота күтпей-ақ жаннәсіп деп Шымкентке көшіп келіп жатыр. Мұның соңы талай әлеуметтік мәселелердің қордалануымен қоса, жұмыссыздықты да көбейтетіндігі сөзсіз. Жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары қанша жұмыс орнын ашуы мүмкін деп болжап отырсыздар?
– Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстан облысы малы-жаны араласып жатқан көрші. Көрші елдің бас қаласы – Ташкенттің төңірегінде таза қазақ ауылдары бар. Шымкентте ағайындары отырғанда әрі өткісі келмейді. Сондықтан жұмыссыздық көбеюі мүмкін деген қаупіңіз орынды. Бірақ, кәсіпкерлеріміз күшейіп келеді.
Қалада индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Былтыр “Юж-полиметалл” ӨК” АҚ-тың аккумулятор зауыты іске қосылып, онда 124 жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, “Корпорация Атамекен” ЖШС-інде тәулігіне 240 тонна ұн шығаратын кешен іске қосылып, жаңадан 75 жұмыс орны ашылды.
Өндірісті кеңейту есебінен “Рахат-Шымкент” ЖШС-нің бисквит цехында, “Шымкентмай” АҚ-та, “Шымкентцемент” АҚ-та, “Химфарм” АҚ сияқты өнеркәсіп мекемелерінде қосымша 339 жұмыс орындары ашылды.
Бұл бағытта үстіміздегі жылы да бірқатар ірі жобаларды іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, мотор майын өндіретін “HІLL Corporatіon”, керамогранит плиталарын шығаратын “Азия керамик”, жіп шығаратын “Окси Текстиль”, гигроскопты мақта, мақталы целлюлоза шығаратын “Хлопкопром Целлюлоза”, тоқыма өндірісі бойынша “Ютекс-KZ” кәсіпорындары іске қосылады. Осының нәтижесінде қалада жаңадан 1100 жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Одан бөлек, республикалық “Индустрияландыру картасының” жобасына енгізуге Шымкент қаласы бойынша “ПетроҚазақстан Ойл Продактс” ЖШС сияқты 5 жоба ұсынылды.
Қазіргі күні ИСО сериалы халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізген қала мекемелерінің саны 71-ге жетті.
Бүгінгі таңда азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инфляцияның кері әсерін тежеу қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
– Кейінгі он жылда қала көлемі жағынан айтарлықтай өсті. Қала маңынан бірнеше шағын аудандар пайда болды. Осыған орай арыз-шағымдар да көбейген. Біреуінде электр қуаты әлсіз, енді бірінде жол жоқ, ауыз суды тасымалдап ішіп отырғандар бар. Сұрап барар, талап етер жері – әкімдік...
– Қала халқы өскеннен кейін тұрғын үй салмай тұра тұр деп ешкімге айта алмайсың. Мұның бәрі уақытында инженерлік-коммуникациялық жүйе жасалынбай тұрып тұрғын үй салуға жер берілгендіктен туындап отыр. Адамдар өз өмірін жақсартуға жұмыс жасауы керек, оны құптаймыз. Қазір уақытында кеткен кемшіліктердің орнын толтыруға жұмыс жасалынып жатыр.
Қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға 2009 жылы 5 124,2 млн. теңге қаралып, оның 4 722,5 млн. теңгесі игерілді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 672,0 млн.теңгеге “Солтүстік” подстансаның құрылысын аяқтауға, “Нұрсәт” шағын ауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелеріне 187,6 млн. теңге бағытталды. 2010 жылы “Солтүстік” подстансасынан Нұрсәт шағын ауданынан облыстық балалар ауруханасына дейін электр желісін тарту жоспарда бар.
“Жол картасының” шеңберінде 13 жобаны жүзеге асыруға 2562,1 млн. теңге қаржы игерілуінің нәтижесінде көптен бері шешімін таппай келе жатқан “Самал-1,2” шағын аудандарында 621,5 млн. теңгеге электр жүйелерінің, магистралды газ құбырларының құрылыстары аяқталды.
Қуаты 110/10 кВ (ВЛ 110) “Самал” подстансасының құрылысы басталды, игерілген қаржы – 1038,9 млн.теңге. Бұл нысанның құрылысы биылғы жылы аяқталады. “Самал-1,2” шағын аудандарында электр жүйелерінің құрылысын жалғастыру жоспарлануда.
Оларды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Шұғыла, Ынтымақ, Қорғасын-1,2, Достық шағын аудандарында 450,5 млн.теңгеге су құбырлары тартылды. Қалалық бюджеттің есебінен 51,7 млн. теңгеге 9-шағын ауданда су құбырларының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.
Сонымен қатар, қалалық бюджет есебінен 9-шағын ауданды сумен, 6-шағын ауданды газбен, 6-шағын ауданды электрмен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалатын болады. Бұл дегеніңіз, шағын аудандарда қалыптасқан өткір мәселелердің шешімі табылатындығын көрсетеді.
– Соңғы сұрақ әкімдік жұмысына қатысты емес. Қазақтың даңқты боксшысы, еліміз тәуелсіздік алған жылдары ұлттық құраманың капитаны болған Нұржан Сманов сізді мықты боксшы болған дейді.
Жақында Наурыз мерекесінде көңде тізілген асықтарды сақамен дәл көздеп, кенейлерді жұлып түстіңіз. Соған қарағанда, мемлекеттік қызметтен тыс уақытта спортты серік етумен қатар, асық та ойнап тұрасыз-ау...
– Дені саудың – жаны сау. Спортпен айналысатыным рас, ал асық ойнау бізден қалғалы қашан. Көп балалы үйде өстік. Ауыл балаларының барлық ойындары бізге тән. Халқымызда “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген аталы сөз бар. Балалар ойнап жатқан соң балалығымыз еске түскен де. Әкім де халықтың бел баласы. Кейбіреулердей төбеге қарап, кербезденіп жүру, мансаптың буына мас болу қолымнан келмейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.