Қоғам • 15 Сәуір, 2020

Бетперде киген көктем - 9

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин. Қалада – тыныштық. Көліктердің дауысы сирек естіледі. Үлкен жолдардың бойынан жырақтау тұрғанымызбен, төтенше жағдайға дейін мотор үні үйге кіріп келердей гүрілдеп жататын. Ең қызығы, кейінгі күндері таң қараңғысында талмаусырап жеткен тауықтың таң шақырған дауысын құлағым шалып жүр. Әлдеқайдан жеткен әтеш дауысы әлдебір тұста қалған ауыл өмірін есіме салып, елегзітеді. Күндіз жететін дауыстың күштісі – дауыс зорайтқыштан шығып жататын ескертулер ғана.

Бетперде киген көктем - 9

Әлеуметтік желілерде өлең оқу эстафетасы жүріп жатыр. Алуан дауыстар көңілді аулаққа алып қашады. Адам дегеніміз дауыс екен ғой. Құлындағы дауысын жазбай танығым келгендей әртүрлі дауысқа құныға құлақ түремін.

Кеңес заманында, поэзия культі асқақтап тұрған тұста, алғашқылардың бірі болып Андрей Вознесенский өз өлеңдерін кәсіби түрде оқи бастаған екен. Арнайы дауыс қойдырып, дәріс алған, мәтіннен образға, қағаз бетінен халық алдына ауысқан. Өз өлеңін оқи білу де өнер. Осының салдары ма екен, әлде кеңес адамының көңіл күйін, жүрек бұлқынысын, сезім әуенін нақты бере алғаны ма, Вознесенкийді «дәуірдің дауысы» деп атай бастаған. Бұл футуристердің формалық аласұру кезеңін артқа тастап, ақындардың поэториялар сұрай бастаған тұсы еді. Миллиондаған жүректер өлең шеруінде гүл лақтыратын.

Парадокс дейміз бе, кеңестер одағы келмеске кетіп, көлем қарауылдар қорғанның басынан түскен кезде, ақын өмірінің аманат шағы таяғанда, паркинсон дертіне шалдығып, дауысы да құмығып, жұтыла бастаған. Осы уақытта, тоқсаныншы жылдардан кейін Вознесенский өзінің даңқты, тағдыршешті өлеңдерінің бірін жазды:

...Голос теряю,

Теперь не про нас – Гостелерадио!

Осы өлеңде тек қана ақынның қатты дерттен қарлығып, дауыстан қалғаны ғана емес, сол замандағы «дәуір даусының» жаңғырыққа айнала бастағаны, шынайы өнердің орнына шоу келгені, құндылықтардың, тенденциялардың өзгергені тұрды.

Бетперде киген көктем. Сан алуан дауыстар сансыз маяктарға ұқсайды. Алыстан менмұндалап шақырады. Қыр астынан қол бұлғаған сағыныш адамдарындай.