Экономика • 28 Сәуір, 2020

Ірі кәсіпорындардың экономикалық жағдайы бақылауға алынады

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ал сарапшылар ШОБ-тың экономикалық жағдайы да мемлекеттік деңгейде бақылауға алуы керектігін айтып отыр. Себебі үкіметтің жеңілдетілген несиесінің өзі ШОБ үшін ауыр болып тұр.

Ірі кәсіпорындардың экономикалық жағдайы бақылауға алынады

Себебі  кеше Ұлттық экономика министрлігі жедел бақылау үшін жүйе құрушы кәсіпорындардың тізілімін дайындауда. «Бұл жұмыс «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тиісті комитеттерімен және бизнес-қауымдастықтармен бірлесіп жүргізілуде» деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.   «Тіркеуді қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бизнес-қауымдастықпен және салалық министрліктермен егжей-тегжейлі талқылаудан кейін алдын-ала тізілім жасалып, Экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бекітуіне ұсынылады»,  делінген хабарламада.

Жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Тізімнің негізгі мақсаты – қосымша тұрақты есеп беру негізінде ірі кәсіпорындардың (жұмыспен қамту, салық базасы, сату мәселелері және т.б.) экономикалық жағдайын бақылау.  «Мониторинг нәтижелері бойынша, қажет болған жағдайда, салалық мемлекеттік органдардың мақсатты қолдау шаралары және кәсіпорындардың міндеттемелеріне қарсы тұру (жұмыспен қамтуды сақтау) бойынша ұсыныстары қаралады»,  деп хабарлады министрлік.

Төтенше жағдай кезінде азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған қаражаттың көлемі шамамен 6 трлн теңгені құрады.

Осы ретте сарапшылар ШОБ-тың да жағдайы бақылауға алынуы керектігін айтып жатыр. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейінгі жағдай бойынша Қазақстанда белсенді жұмыс істеп  тұрған ШОБ қатары 25 пайызға дейін азайды деген пікір кешеден бері айтылып жатыр.  

Наурызда  жұмысын уақытша тоқтатқан ШОБ 29,5% -ға азайды.Бұған дейін мұндай жағдай 2015-2019 жылдары  байқалған болатын. Ал 2020 жылдың басында шағын және орта бизнес сегментіндегі белсенді компаниялар саны жылына 1,5% өсіп, 165,5 мыңға жеткен болатын. Салыстыру үшін: 2019 жылдың наурызында саладағы жылдық өсім бірден 12,6% құрады. Демек ШОБ 2015-2016 жылдардағы қиыншылықтан 2018 жылы ғана ес жиды. 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов  Үкімет неге 361 кәсіпорынды қолдауға шешім қабылдағаны бизнеске түсініксіз екенін айтады.  Қандай принцип бойынша олардың мемлекет құраушы компаниялар деп жіктелетіні де түсініксіз.  Шағын және орта бизнеске олардың қызметіне байланысты жеңілдіктер берілді. Бүгінгі таңда жалпы алғанда Қазақстанда 1,3 миллионға жуық белсенді кәсіпкерлер бар. Оның тек 361-іне ғана жәрдемақы беріледі. «Кәсіпкерлердің көпшілігі борт сыртында қалатыны белгілі.  Бұл жағдайда, үлкен өкінішке орай, ешқандай қоғамдық талқылау болған жоқ. Ашуланудың себебі осы» дейді ол.

Сондай-ақ Рустам Жүрсінов  кәсіпкерлердің мүлік салығын төлеуден босатуға қатысты көптеген сұрақтары бар екенін,   Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа екі рет хат жіберілгенін айтты. «Тек ірі сауда орталықтары, спорт және мәдени нысандар мүлік салығын төлеуден босатылды. Біз бұл үшін рахмет айтамыз. Алайда, басқа категорияның мүдделері ескерілмейді. Клиенттері шағын және орта бизнес болып табылатын, өз кезегінде жалдау ақысын азайтуды сұрайтын шағын пәтер иелері қиын жағдайда болды. Әрине, пәтер иелері бұл мүмкін емес. Себебі  олар мүлік салығынан босатылмаған. Олар коммуналдық төлемдер бойынша «демалысты» алған жоқ» дейді» дейді ол.

Уәкілдің түсіндіруі бойынша бизнеске ең алдымен пайызы төмен несие керек, Бұл қаржы жағдайын, еңсесін  түзеп алғанша керек. Ал үкіметтің жеңілдетілген несиелік бағдарламасының шарты кез келген ШОБ-тың қолайына тура келе бермейді. Себебі коммерциялық банктердің талабы мен шарты бизнес үшін тым ауыр. Бұл сынақтан екінің бірі өте бермейді. 

Ал қаржыгер үкіметтің экономика түзеуші компаниялар деп ала-бөтен ерекшеленуі 2008-2009 ды еске түсіретінін айтады. Естеріңізде болса, Ұлттық банк пен үкімет  экономика түзеуші банктер деп таңдаулы төрт банкті қосымша қаржыландырған.

«Меніңше, біз  осы жолы да экономика түзеуші деп компанияларды іріктеп алып, сол саясатты қайталап отырмыз. Ірі компаниялардың қаржылық капиталы дағдарысқа төтеп беруге жетеді. Біз қысылтаяң кезде ШОБ-ты жел өтіне қалдыруға болмайды. Олар жеңілдетілген несие талаптарына да төтеп бере алмайды. Салалық банктердің қаншалықты қажет екенін қазір сезіп отырмыз. ШОБ дағдарыстан аман қалу үшін, есін жиып алу үшін арзан несие керек. Және ол несие кемінде 1 немесе 2 жыл несиелік демалыспен керек. Бұл ШОБ-ке бизнесін жолға қойып алуына мүмкіндік береді» дейді Ерлан Ибрагим.

Е. Ибрагимнің пайымдауынша, дамыған елдерде ІЖӨ-нің 40 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Ал бізде ШОБ-тың үлесі 4 пайызға да жетпейді. Бұл мемлекеттің ШОБ-қа деген көзқарасының қандай екенін көрсетіп тұр. Егер, біз дағдарыс кезде ШОБ-тың әлеуетін әлсіретіп алсақ, халықтың жаағдайы қиындайды. 

«Ғаламдық эпидемия пандемияға айналып, екі өкпеден қысқан кезде қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының қажет және дер кезінде екені мойындалды. Ендігі бағыт – соған бейімделу  керек. Бұл қарапайым маскіден бастап, қонақ үйлерде қонақтарға ұсынылатын  төсек-жапқыш, сүлгі, халат, бір реттік аяқ киімге дейін қамтиды. Қарапайым халықтың күнделікті өмірде қолданатын заттарын  шығаруды осы бағдарлама арқылы ШОБ-тың еншісіне беру керек. Біз ұлттық экономиканы қарапайым күнделікті өмірде қолданытын және қажеттілігімізді өтейтін заттарды шығарудан бастаймыз. Осыны ШОБ-қа сеніп тапсырып, арзан несиемін қамтамасыз ету керек. ШОБ мемлекеттен қайтарымсыз қаржы бер демейді, тек қолымызға қармақ бер деп отыр. Ол қармақ – арзан несие» дейді Ерлан Ибрагим.         

Соңғы жаңалықтар