Қоғам • 30 Сәуір, 2020

Зейнетақы қоры салымшыларды алаңдатып отырған негізгі сауалдарға жауап берді

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігіне қатысты баспасөз брифингін өткізіп, салымшыларды алаңдатып отырған негізгі сауалдарға жауап берді.

Зейнетақы қоры салымшыларды алаңдатып отырған негізгі сауалдарға жауап берді

– Елімізде, әлемде болып жатқан жағдайда, азаматтарымыздың «зейнетақы жинақтарымыз азайып кете ме?» деген сынды сауалдарына жиі жауап беруге тура келіп отыр. Алаңдауға негіз жоқ. Зейнетақы жинақтары тұрақты, әрі оң инвестициялық табыстылыққа ие.

2020 жылдың бірінші тоқсанында инвестициялық табыс 661,7 млрд теңге болды. 2020 жылдың 1 сәуіріне зейнетақы активтері 11,7 трлн теңгені құрап, 8%-ға өсті.

Жалпы 2013 жылдаң бастап осы күнге дейін Ұлттық Банкқамтамасыз еткен инвестициялық табыс 30%-дан (немесе 3,9 трлн теңгеден) асты.

Зейнетақы жинақтарына есептелетін таза инвестициялық табыс тұрақты түрде өсуде.

2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың наурызына дейінгі соңғы 12 айдағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,87% құрады. Ал инфляция 6,4% болды. Осылайша табыстылық инфляциядан 5,5%-ға асып түсті, – деді Басқарма төрағасы.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың негізгі сауалдарға төмендегідей жауап берді:

– 2020 жылдың наурыз және сәуір айларында инвестициялық табыс неліктен күрт өзгерді?

– Зейнетақы жинақтары түрлі валюталардағы қаржы құралдарына салынады. Инвестицияның 2/3 бөлігі теңгемен және 1/3 бөлігі шетел валютасымен инвестицияланады.

Өздеріңізге белгілі, наурыз айында АҚШ доллары 381-ден 448 теңгеге дейін қымбаттады. Тиісінше, валюта құралдарына орналастырылған зейнетақы активтерінің құны 541,9 млрд теңгеге өсті.

Ал сәуір айының бірінші жартысында, АҚШ долларын бағамы 448 теңгеден 425 теңгеге дейін төмендеді. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтері 179,7 млрд теңгеге төмендеді.

Енді сәуір айының екінші жартысында, инвестициялық табыс 63,4 млрд теңгеге қайтадан көбейді.

Жалпы зейнетақы активтері ұзақ мерзімге инвестицияланады. Халықаралық тәжірибеде инвестициялық табыстылық кемінде бір жыл кезеңмен бағаланады.

Сондықтан салымшыларға наурыз және сәуір айларындағы табыстылықтың бірде көбейіп, бірде төмендеген жағдайына алаңдауға қажет жоқ.

– Ұлттық Банк инвестициялық табыстылық тұрақтылығын қалай қамтамасыз етеді?

– Қазақстанның Ұлттық Банкі Бірыңғай жинақтаушызейнетақы қорының активтерін сенімді басқарушы ретінде Қазақстандажәне шетелде түрлі экономиканың секторларына, әртүрлі валютаға,түрлі қаржықұралдарына инвестиция жасайды. Бұл жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді.

– Салымшыларға өз жинақтарының инфляциядан қорғалуына қатысты алаңдаулары қажет пе?

– Алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені, Заңға сәйкес мемлекет азаматтарға олардың зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына кепілдік береді.

Бір сөзбен айтқанда, салымшы зейнетке шыққан кезде, зейнетақы жинақтары азайып қалса, мемлекет оны өтеп береді. Бірақ бұл шара жинақталған инфляция барлық жылдарында алынған табыстан асып кеткен жағдайда ғана жүзеге асырылады.