Әдебиет • 11 Мамыр, 2020

Дүйсенәлі Әлімақын:...мені ертіп кетті сағыныш

809 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Дүйсенәлі Әлімақын:...мені ертіп кетті сағыныш

МЕН. ОЛ

Қоштасып қайтып барады ол,

Жүрегі – көктем, жаны – қыс.

Оны ертіп кетті қара жол,

Мені ертіп кетті сағыныш.

 

Сағыныш хатым сарғайды,

Жанымды біреу ұққан ба?!

Сырымды айттым ол жайлы,

Қараша қайтқан құстарға.

 

Сөзіме менің бүлініп,

Самарқау жаны жүдеген.

Оны ертіп кетті бір үміт,

Мені ертіп кетті бір өлең.

 

Өртеді, мұңы өртеді,

Жыраққа тастап барлығын.

Оны ертіп кетті ертеңі,

Мені ертіп кетті тағдырым.

 

 

ЖҮРЕК-ДӘПТЕРІНДЕГІ ЖАЛҒЫЗ СӨЗ

 

Билей алмай бұл ғұмырды бес күндік,

Біз маңдайға қателікті көп сыздық.

Адамдардың арасынан бөліп ап,

Мені қайда апарасың, шексіздік?

 

Жан мен Тәнім бірін-бірі жек көріп,

«Қылмыстарын» жатыр әне тексеріп.

Талай түннен маған қалған естелік,

Уысында уақыттың кетті өліп.

 

Сенсің бе,үміт,анау жұлдыз құлаған,

Сенсің бе,арман,анау сәби жылаған.

Тым болмаса Ганга өзені жоқ бізде,

Әр таң сайын арылар ек күнәдан.

 

Әр түн сайын жаңа жұлдыз туа ма?

Бұның бәрі,бұның бәрі қиял ә...

Элиоттың өсиетін орындап,

Мен қанымды айналдырам сияға.

 

Айтшы бәрін,жалғыз үміт-өлеңім...

Сен не десең,енді соған сенемін.

Менің мынау бүлікқұмар жүрегім,

Білуге ынтық аспанның не дегенін.

 

Баяғыдай отырса екен Хақ төрде,

Соны ғана армандайды жас кеуде.

«Отан» деген жалғыз сөзді, қаламым,

Бас әріппен жазшы Жүрек-дәптерге. 

 

 

ҚЫЗЫЛ ҚАР

 

Таразысы кімнің өлшеген,

Жүрекке түскен азапты әр.

Сезем де соны теңселем...

Ышқына соққан мына жел,

Жел емес, біле білсеңіз

Еңіреп тұрған қазақтар.

 

Көзіңді немен сүртерсің,

Қас-Сақтың шемен ғасыры.

Жартасты соққан бұл толқын,

Толқын емес, білсеңіз

Кеудемнің ыза-ашуы.

 

Есірік дауыл жол қамай,

Қызыл қар жауды қыс күні.

От бишік атқан найзағай,

Найзағай емес, білсеңіз

Жанымның жалғыз ұшқыны.

 

Шоқ қарып мұңлы жанарын,

Қайғырар уақыт – тоты құс.

Сазарып батқан ана күн,

Күн емес, біле білсеңіз

Қаза болған өкініш.

 

Жаюлы құшақ, алақан

Сонда да әлі бар мұңы.

Ағарып атқан ана таң,

Таң емес, біле білсеңіз

Ұлтымның ғазиз тағдыры.

 

АЛМАТЫ ҺӘМ АҚЫН СОНЕТЫ

 

Ұйықтамайды Алматы, ұйықтамайды ақындар,

Секундтың тілімен аунақшиды ғасырлар.

 

Көрдім тағы жас жігіт гүл ап бара жатқанын,

Көрдім тағы бір үміт құлап бара жатқанын.

 

Жылайды аспан, жылайды, батпақ кешкен ана да,

Біреу тікен шашқан ба, біздің мынау қалаға?

 

Түлкі құрсақ сәбилер ыңырсиды түнімен,

Қазақ әлі сөйлеп жүр Ресейдің тілімен.

 

Күлкі деген немене, көбік пе екен, су ма екен?

Соның сырын біле алмай, сенделектеп жүр көкем.

 

Отан деген немене, оттан ыстық сезім бе?

Онда неге күймедім, оттай ыстық кезімде?

 

Үміт деген немене, жазылмаған өлең бе?

Тағдыр деген немене, құлағы тас керең бе?

 

Ақын ойын құрсайды, дәл осындай мың сауал...

Ал, Алматы түнін кеп көзсіз тұман тұмшалар.

 

Ұйықтамайды Алматы, ұйықтатпайды мұң оны,

Ұйықтамайды ақын да, әлдилейді жыр оны.

п 

АДАСУ. ОРАЛУ

Кәпір патша жылан көріп түсінде,
Оянғандай түнгі сағат үшінде.
Адасамыз қарашықтар торында,
Мына соқыр қараңғылық ішінде.

Ол адасты,Тәңір жаққан шырақтан,
Жол адасты,оны мезгіл жұбатқан.
Сен жаңылдың бағзыдағы жосыннан,
Мен адастым қасиетті кітаптан. 

Қай жүректе махаббаттың тұнығы?
Қайсы қолда ғадауаттың құрығы?
Сұлап жатқан тыныштықты оятты,
Жылап жатқан адамдардың шуылы. 

Тас календарь жерге құлап жыртылды.
Қай данышпан дәлелдейді бұл сырды?
Құлазуға құмартпайтын адамдар,
Жалғыздыққа ғашық болған күн туды.

Мен – мылқаумын,сен – тынышсың,ол – үнсіз,
Кала, көше, кафе, бәрі, бәрі үнсіз.
Азаттыққа шақырады гүлдерді,
Жаңбыр ғана жауып тұрған дамылсыз.

Мына күннің сандырағы тым ұзақ,
Мына түннің уілдейді үні жат. 
Аралайды жан мен тәннің арасын,
Бір жалғыздық жүрегіме кіріп ап. 

Хақтың Хақ екенін де таныдым,
Ақтың Ақ екенін де таныдым.
Мына адамдар қайтқан кезде өзіне,
Мен де саған қайта оралам, Жарығым! 

Маған жеткен,саған жеткен мұнар бұл،
Әлі-ақ күліп шығысыңнан туар күн.
Ұзап бара жатқан Құдай елесі,
Қайта артына бұрылғаны шығар бұл.

 

***

Хан көшелерден, бұрылыстардан,

Ақ армандарым қашады.

Менің ақ қалқам гүлін ұстаған,

Жүрегін күнге тосады.

 

Қолын береді ол ақ сағым нұрға,

Соңына соның ілесіп.

Дегендей бейне бастадым дуға,

Ұшып-ақ кетті пыр етіп.

 

Енді жұрт оны құс дейтін болды,

Жүрегім соған шыдар ма?

Енді ешкім мені күтпейтін болды,

Күтпейтін болды «Тұранда».

 

Әлгі бір хаттар келмейтін болды,

Келмейтін болды түндерде.

Даяшы қыздар сенбейтін болды,

БАРЛАРҒА жалғыз кіргенде.

 

«Аға-оу...» деп шыққан еркелік үнді,

Естимін қашан кім білсін?!

Ғұмырды біздің ертегі қылды,

Сол ақ қалқа, бүлдіршін.

 

***

Көктем-құстың қабағына мұң ұйып,

Сағат тілі тураланды нешеге?

Келе жатам үнсіз ғана жымиып,

Сен жүретін жүзі жарық көшеде.

 

Көше – құржа, шырақ – ажал, қала – аңғар,

Сайтан ғұмыр жетегіне кім ерді?

Ары-бері қайшалысқан адамдар,

Елесіңді адастырып жіберді.

 

Түн күледі емен жарқын сен күлсең,

Алғаусыздау ойымның жоқ шатағы.

Қарсы алдымнан сен кезігер деп жүрсем,

Ал соңыман ымырт келе жатады.

 р

           

            ЖҰПАР

Махаббат. Шырқадым мен тылсым әнді.
Мен біреуге роза гүлін бердім,
Саусағымда сол гүлдің иісі қалды.

             НАЛА

Әр таң туса,іңгәлар арманым көп.
Осы мен ақын емес шығармын-ау,
Өйткені,миф тудыра алғаным жоқ.

 

       ДОССЫЗ ИМПЕРАТОР

Бұл өзі сан ғасырлық дерек еді.
Наполеон «Менде нағыз дос жоқ»,– депті,
Соғысқанша дос іздеу керек еді.

 

             ҚҰС ҰҚСАТУ

Ұқсайды қиқуы да,ұшқаны да.
Алматыға топ етіп қона қалған,
Мыналар біздің ауыл құстары ма?!

 

         САҒЫНЫШ. HOMESICK

Мың сағыныш және де мың аңсау бар.
«Біздің бала ауылды ұмытты»,-деп,
Шақшасына түкіріп тұр-ау шалдар.