АШМ елдің эпизоотиялық және фитосанитариялық саламаттылығын қамтамасыз ету және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін экспорттық нарықтар ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
«Орталық-облыс-аудан» қағидаты бойынша ветеринариялық бақылау вертикалі заңнамалық деңгейде қалпына келтірілді, бұл бақылауға жататын өнімдер қозғалысын бақылауды күшейтуге және өнімнің «танаптан үстелге дейін» қадағалануын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
«Өткен жылы Қытаймен шошқа етіне, сүт өнімдеріне, жүнге қойылатын ветеринариялық талаптар, зығыр тұқымына, бидай ұнына, құрамажемге қойылатын фитосанитариялық талаптар келісілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай аусыл мен нодулярлы дерматит бойынша қойған шектеулер алып тасталды, бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдері үшін Қытай нарығына қолжетімділік берді», - деді Сапархан Омаров.
Сондай-ақ, сойысқа арналған тірі ірі қара малды, сиыр етін, ұсақ малдың жанама өнімдерін, тағамдық жұмыртқаны Иранға экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді.
«Нәтижесінде қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін экспорттау көлемі Қытайға 50,5%-ға, Парсы шығанағы елдеріне 3,2 есеге, Орталық Азия елдеріне 7,4%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 8,2%-ға ұлғайды. Жалпы, өткен жылы қазақстандық өнімдер әлемнің 72 еліне экспортталды. Бұл ретте, өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4%-ға ұлғайып, 3,3 млрд АҚШ долларын құрады», - деді министр С. Омаров.