Еліміз түзеу мекемелерінде ұсталынатын сотталғандар саны бойынша соңғы он жылда 3-ші орыннан 17-орынға жылжыды. Бұл мәліметті әлемнің пенитенциарлық жүйесін зерделеумен айналысатын Лондон университеті жанындағы халықаралық түрме зерттеулері орталығының деректеріне сүйеніп алдық, дейді кеше журналистермен кездесу өткізген Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет. Әйтседе, соның өзінде үстіміздегі жылдың 5 сәуіріндегі жағдай бойынша мекемелердегі сотталғандар мен тергеуге қамалғандар саны 62164 адамды құрап отыр. Бұл Қазақстан үшін аз сан емес екені белгілі. Елде 75 түзеу мекемесі және 19 тергеу оқшаулағышы бар.
Бірақ соған қарамастан ресми өкілдің айтуынша, бізде бұрынғы Одақ елдеріне қарағанда адам құқының қорғалуы жақсы көрінеді. Ондай пікірді БҰҰ азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану мәселелері жөніндегі комитеттің арнайы баяндамашысы Манфред Новак 2009 жылы Қазақстанға жасаған сапарын қорытындылағанда түйіндепті.
Енді алдағы уақытта Әділет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесін реформалау үшін негізгі үш шараны іске асыру қажет деп санайды. Бірінші, сотталғандарды емдеу және оларды ұстаудың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында ҚАЖ медициналық қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына беру мәселесін пысықтауда. Бұл сотталғандарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және дәрігер қызметкерлердің ҚАЖ мекемесінің әкімшілігіне тәуелді болуын жою үшін қажет. Екінші, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарды жекелеген камераларда ұстау мақсатында барлық мекемелерді қайта құру немесе жаңаларын салу арқылы халықаралық стандарттарға жауап беретін түзеу мекемелері мен түрмелердің қажетті санын арттыру. Мәселен, 2015 жылға дейін 4 тергеу изоляторын салу, 3 өндіріс орны мен 1 қолданыстағы мекемені түзеу колонияларына қайта лайықтап құру жоспарланып отыр. Үшінші, қылмыстық-атқару инспекциясының штат санын 2010 жылы – 591 бірлікке, 2011 жылы 592 бірлікке көбейтіп, сонда барлығын 1183 бірлікке біртіндеп арттыруға шешім қабылданды. Қазір республикада қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға 22 530 адам тартылған.
Александр ТАСБОЛАТОВ.