09 Сәуір, 2010

СЕРТІНЕ СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІК

629 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әлемді жайлаған қаржылық дағдарысқа және басқа да себептерге байланысты елдегі үлестік құрылыста үлкен проблемалардың орын алғаны белгілі. Бірқатар құрылыс салушы компаниялар қаржы тапшылығынан бастаған нысандарындағы жұмыстарды аяқтауға дәрменсіздік танытса, енді біреулері үлескерлердің ақшаларын жинап алып, өздері қашып кетті. Мемлекеттің араласуының арқасында ғана осы бір шиеленісті іс соңғы уақыттары біртіндеп шешімін таба бастады. Осындай қиын жағдайға душар болғандар­дың қатарында  “Альянсстройинвест”   жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі де бар болатын. Атап айтқанда, “Инфинити”, “Грация”, “Лесная поляна” сияқты тұрғын үй кешендерінің тағдыры дәл осы құрылыс компаниясының қолында. Ал аталған үйлердің оларға өз қаржыларын салып, баспанаға ие боламыз деген талай-талай жазықсыз жандардың үміттерін үкілеген дүниелері екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, “Альянсстройинвест” ЖШС-нің қазіргі ахуалы қандай, ол аяқтауға тиіс құрылыстардың келешегі не болмақ деген сауалдың кім-кімді де қызықтырары күмәнсіз. Таяуда серіктестік басшылығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, өз жағдайларына қатысты ақпараттармен бөлісті. “Альянсстройинвест” ЖШС-нің қаржы дирек­торы А.Нұғымановтың, жоспарлау-өндірістік бөлімінің бастығы Н.Ботеновскаяның, клиенттер-мен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы А.Каца­пенконың қатысуымен өткен кездесуде төмендегі жәйттер әңгіме арқауына айналды. Дағдарысты кезең саналатын 2007 жылдың қазан айы мен 2009 жылдың шілде айы аралы­ғында өздері де елеулі қиыншылықтарға душар болған серіктестіктің қаржылық әріптестері бұ­рын келісілген несиелік желілер бойынша қаржы-ландыруды тоқтатып тастаған. Осыдан кейін компания толықтай қайта құруларға барып, тиімділігі аз және жұмыссыз тұрған бөлімшелерді тарату, вакансияларды және жұмысшы маман­дықтарын қысқарту, қызметкерлердің еңбек­ақыларын төмендету есебінен шығындарды азайту мәселесін қарастыруға мәжбүр болады. Не­сиелік қаржылар мен үлескерлер жарнала-рының болмауы үлестік қатысудағы тұрғын үй құрылысы нысандарындағы жұмыстың тоқтауына әкеліп соқтырады. Сөйтіп, компания басталған құрылыс нысандарын аяқтап шығуға қажетті қаржы тауып бере алатындай балама инвесторлар іздеуге кіріседі. Осылайша, 2008-2009 жылдар қосымша қаржыландыру көздерін іздеуге, келіссөздер жүргізу мен келісім-шарттар бекітуге кетеді. Ақыры жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, 2008 жылы “АТФ банк” АҚ-тан 3 миллиард теңге, 2009 жылы мемлекеттік Жылжымайтын мүлік қорынан 1,7 миллиард теңге қаржы тарты­лып, осы жылдың аяғында жалпы көлемі 6,6 миллиард теңгені құрайтын қаржыландыру желісі ашылады. Сонымен бірге “Альянсстройинвест” ЖШС “Лесная поляна” тұрғын үй кешенінің 4-10-кезектерін алу үшін “Самұрық-Қазына” Жылжымайтын мүлік қоры” АҚ-қа қосымша өтініш береді. Сөйтіп, мемлекеттің үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан құрылыстарға қолдау көрсетуі, “Самұрық-Қазына” қоры мен АТФ банктің шешім қабылдауы арқасында компания үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан кешендердегі құрылыс жұмыстарының бәрін де бастауға мүмкіндік алды. Салынып жатқан тұрғын үйлердің өзіндік құнын арзандату үшін серіктестік мемлекеттің қолдауымен цехтар мен зауыттарды іске қосты. Оның өзі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосылған белгілі бір үлес болып табылады. 2010 және 2011 жылдары “Альянсстройинвест” ЖШС шамамен бес мыңдай адамның тұрғын үй проблемаларын шешуді ойластырып отыр. Қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету тұрғысында да серіктестік қолға алған бастамалар бар. Мәселен, германиялық “KVL” тәуелсіз халықаралық аудиторлық фирмасы тұрақты негізде тартылып отыр. Сол сияқты жұмыс барысы мен компанияның іс-қимылдарына қоғамдық бақылау орнату үшін үлескерлер бірлестіктерінің өкілдері де серіктестіктің жиналыстары мен техникалық кеңес отырыстарына үнемі шақырылып тұрады. Серіктестік өкілдерінің айтуларынша, “Альянсстройинвест” ЖШС-дегі қазіргі таңдағы жағдай ешқандай алаңдаушылық тудырмайды. Компания басталған құрылыс нысандарын межеленген уақытында аяқтап қана қоймай, сонымен бірге жаңа тұрғын үй кешендері құрылысын жүргізуді де жоспарлап отыр. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.