09 Сәуір, 2010

МЕТАН ГАЗЫ ҚАШАН КӘДЕГЕ ЖАРАТЫЛАДЫ?

1166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сөз басын бұлайша бастауымыздың себебі бар. Бүгінде әлемде 20 елдің осы шикізат түрін электр және жылу қуатын өндіру үшін балама көзге ай­налдырып, оны ойдағыдай пайдаланып отырған­ды­ғы мәлім. Алдының соған кіріскеніне отыз жыл­дан асып қалды. Мәселен, АҚШ-та көмір қа­бат­тарынан метан газын  жинақтау қазір жылына 50 млрд. текше метрден кем соқпайды. Соның арқасында әдетте энергетикалық, тұрмыстық мұқтаждыққа барынша жұмсалатын көмір, табиғи газ, мұнай өнімдерін үнемді қолдану, анығырақ айтқанда,  орнын алмастырып ұту жолға қойыл­ған. Алынуы жағынан өзіндік құны арзан әрі экологиялық таза бұл отынға деген ынта кейінгі кезде көрші Ресейде де ерекше ауған­ды­ғы аңғары­лады. Кузбасс шахталарында қор­да­ланған метанды кәдеге жарату мақсатында  ірі жоба дайындалып, сол үшін арнайы  “Кузбассгазпром” ААҚ құрылған. Осынау мәселе төңірегінде әңгіме жалғасты­рылғанда, әдетте әуелі Қарағандыдағы мейлінше кең мүмкіндік ойға оралмай қоймайды. Әлі де толық аяқталмаған зерттеулер деректеріне жүгін­сек аймақтағы метан газы қоры шамамен 1,1 трлн. текше метрді құрайды екен. Демек ұлан-ғайыр байлық еншіде деген сөз. Ал ол игерілмей қала бере ме, қолда барды ұқсата білмеу оралымсыздық емес пе? Әр түрлі жиындарда Николай Александрович Дридж сынды көмір өндірісінің көрнекті білгірлері, мұнымен бірге қарағандылық сенаторлар Юрий Кубайчук пен Серік Ақылбай көтеріп жүргендей, істі мықтап қолға алатын уақыт жеткен. Олардың  пікірінше, күрделі болса да игілігі мол бұл міндетті шешу барлық шикізаттық ресурстарды тиімді пайдалануға және тағы бір маңыздысы, шахталарда еңбек қауіпсіздігін жақсартуға елеулі ықпал етпек. Осы орайда айта кетерлік жәйт, “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына қарасты “Шах­тинск”, “Тентек”, Ленин атындағы шахта­­лар­­дағы соңғы төрт жылдағы апаттардың орын алуына метан газының тосыннан жарылыстары себеп болған еді. Егер де орынды пайдалана бастаса мұндай қауіптің беті аулақтайды. Сонымен қатар, еліміздің кейбір өңірлерінде электр, жылу қуатының тапшылығы қатты сезіліп отырған сәтте бұйыртқан отынның игілігі ұшан-теңіз дерлік. Химия өндірісі саласында да қолдануға, қала берді көлік құралдарына жанар-жағармайға айналдыруға болады.  Қалай дегенде де, ел экономикасының дамуына айтарлықтай серпін берері күмәнсіз. Рас, мәселе облыс назарында.       “Парасат” ұлттық ғылыми-техникалық холдингімен бірлескен жобалардың бірі соған арналған. Тек қашан іске асырылмақтығы белгісіз. Әзірге нақты белгіленген мерзім жоқ. Әрине, бұрын-соңды қолға алынбаған істің ой-шұңқыры көп. Дегенмен, қол батырлығы осындайда танылса керек қой. Ал ең бастысы, Үкімет тарапынан қолдау күтіледі. Айталық, оны өндіруге ынталы кәсіпорындарға, бизнестік топтарға жеңілдік­тер жасалуы, қолтықтан демелуі қажеттігі сезіледі. Кезінде АҚШ үкіметінің өзі метан көзін барлау мен кәдеге жаратуға инвестиция салған фирмаларға салықтық едәуір жеңіл­дікке жол ашқан сияқтылы ақыры аса пайда­ға ұласар шаралар түрі қолданылса несі артық? Сонымен, алда ауыр да ауқымды міндет тұр. Бірақ, бүгінгі кеңейген мүмкіндікке үйлес міндет. Ендеше қолға алар кез де келгендей-ақ. Айқын  НЕСІПБАЙ, Қарағанды.