қарасайлық жаңашыл жанның жақсы істері
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші және әртараптандырудың өзегі болатыны атап айтылып, қуатты кәсіпкерлер табын құрудың маңыздылығы нақтыланды. Қарап отырсақ, аталған салада мыңдаған жаңашыл жандар кәсіптерінен нәсібін теріп, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарының алғысын алып отыр. Осылайша, олардың қатары уақыт өткен сайын толығып, нарықтың қатал заңына төтеумен бірге шұғыл шешім қабылдауларымен ерекшеленген.
Кәсіпкерлер бүгінгі бейнетінің қаттылығы ертеңгі еңбегінің тәттілігімен анықталатынын айқын сезінуде. Осы орайда қарасайлық Виталий Ван-Сянь кәсібін бастамас бұрын оның пайдасы мен зиянының арақатынасын зерттеп, нақты шешімге келіпті. Осылайша, Мәскеу облысындағы Сергиев Посад елді мекеніндегі бөдене шаруашылығының жұмысымен танысып, оны өсірудің талаптарын көреді. Шаруашылық мамандарының ақыл-кеңесінен кейін “Ван-Сянь” жеке кәсіпорнын құрып, Ресейден оның жұмыртқаларын әкеліп, жұмысын бастапты.
Әрине, аяқ астынан пайдаға кенелмегені аян. Абай ауылындағы кәсіпорында жеті мың “бытпылдық” өсіріліп, одан алынатын өнімді молайту бағытындағы шаралар ғылым-мен ұштастырылған. Ол биылғы жылдың аяғына дейін бөдене санын екі есеге өсіретінін айтады. Мұндай шешімге өткен жылдардағы кәсіп-орын табысы дәлел болыпты. Сирек кездесетін бөденені бағып-күтуді меңгерген кәсіпорында бірнеше адам еңбекпен қамтылса, оның өзіндік артықшылықтары да бар.
Көз қызықтыратын ерке құс бір аптада бес жұмыртқа әкелсе, оны мекиеннің астына салып, белгіленген мерзімде ауыстырады. Сұрғылт “бытпылдықтың” ғұмыры 40 аптадай. Балапан кезіндегі жеті апталық мерзімнен кейінгі 33 аптада жұмырт-қалап, тұтынушының сұранысын өтеуге мүмкіндік береді. Содан соң жұмыртқаның сапасы төмендегендіктен бөдененің еті пайдаланылады.
Тәжірибе дәлелдегендей, бөдененің еті мен жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы әрі асқазанға жеңіл. Сондықтан да адам ағзасының белсенділігін арттыру үшін көбіне оның өніміне деген сұраныс күрт өсіп отыр. Құстың салмағы 150 грамм, таза еті 120 граммға дейін тартады. Әсіресе, жұмыртқаның құрамында көптеген пайдалы дәрумендер кездеседі, жұқпалы аурулар жоқ. Өнімі протеинге бай.
Кәсіпкер бөденені жүгері дәні, балық сүйегімен байытылған ұнмен, соя сығындысымен қоректендіретінін, басқа да зоотехникалық-малдәрігерлік шаралардың қатаң сақталатынын айтады. Кәсіпорын күніне бес мың жұмыртқаны тұтынушыға ұсынып, сұранысын қана-ғаттандырып отыр. Ал, кәсіпорындағы Айгүл Естелеева бастаған жұмысшылардың айлығы да жақсы. Олар өз ауылдарынан ашылған жұмыс орнын бағалап, құстың “тілін” тауып, тәжірибелерін толықтыруда.
Бармақтың басындай секпіл жұмыртқаға деген сұраныс өсіп, кәсіпорын өнімі Алматы қаласы мен облыста саудаланса, алдағы уақытта оны еліміздің өзге аймақтарына шығару жоспарланған. Нәсібін бөдене бағып, оның өнімі арқылы тұрмысын түзеген жанның бастамасын ауылдастары құптауда.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.