Әдебиет • 30 Маусым, 2020

Тыныштық (төрттаған)

717 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алкман

Цицеронның «Гомерге дейін де ақындар болған» дейтініндей, адамзат баласына тіл біткелі айтылмаған сөз, жазу біткелі таңбаланбаған ой жоқтың қасы. Бәрі де айтылған. Бірақ кім қалай айта алды?! Сонымен не айтқысы келді? Мәселе осында секілді.

Тыныштық (төрттаған)

 

Дүрия дүниеде ақындық өнері үшін құлдықтан босаған жалғыз адам Алкман шығар. Осыдан жиырма жеті ғасыр бұрын Спартаға келген ежелгі грек Алкманның таңғажайып лирик ретінде даңқы шықты. Тіпті кейін ол эллиндік Александрияның даңқты Тоғыз лиригінің санатына қосылды. Ақынның Олимп құдайларына жазған гимндерінен бөлек, санаулы лирикалық өлеңдері бізге жетті. Сол Тоғыз лириктің көбінің өлеңі үзіліп-жұлынып, ғасырлар құрсауынан босай алмағанын ескерсек, мұның өзі аз олжа емес. Сол өлеңдерінің арасында «Ноктюрні» бізге ерекше таныс. Оның таныс болар себебі, осы өлеңнің жаңғырығы Абай жырында кездесуі.

Спят вершины высокие гор и бездн провалы, Спят утесы и ущелья, Змеи, сколько их черная всех земля ни кормит, Густые рои пчел, звери гор высоких И чудища в багровой глубине морской. Сладко спит и племя –  Быстролетающих птиц... (В. В. Вересаев аудармасы)

Оқырманның ойына бірден Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі түседі. Бірақ Абай бұл тәржіма өлеңді Алкманнан емес, Гетеден аударды. Гете болса өз кезегінде Алкманнан тікелей аударма жасамай, соның әсерімен жазғанын жақсы білесіз.

Алкманның өмірі жайлы толық мәлімет болмағанымен, құлдықта өмірге келіп, сол қамытты қалың жұрттың ішінен қарайып басы көрінгенше арқалап жүргенін ескерсек, оның салтанатты ғұмырды салдықпен кешіре алмағанын аңғарамыз. Алкманның тыныштық картинасы – өзінің жаны қалаған тыныштықты, азаттық пен еркіндікті аңсау жыры. Алкман түні – табиғаттың, Жер-ананың адам мен хайуаннан, ұшқан құс пен жыбырлаған құрттан да азаттық алып, бір сәтке болса да тынығуы. Осының бәрін Жер-ана қалай асырайды деген қайғы да бар. Ақын да табиғат секілді бір мезетке болса да бәрінен азат болғысы келеді. Ең ғажабы, дәл осы көңіл күй Гетеде бар, одан Лермонтовқа өтіп, ақыры Абайға жетеді. Осы мотив бәрінен сезіледі.

Ерекше ескере кетер бір жайт, Алкман өзіне ақындық өнер «құрқылдаған шілден» қонғанын айтады. Аңыз бойынша, грек шілі Олимп шыңында туып, кейін басқа тауларға тараған екен.

 

Гете

Гетенің отанында, Илменау қаласынан Кикелхан тауына дейін «Классиктер жолы» деп аталатын жол бар екен. Ол – Гете соқпағы. Гете соқпағы Кикелхан тауындағы Гете үйіне алып барады. Осы таудың шыңын Гете Шарлотта фон Штейнге жазған хатында «Алектрюогаллонакс» деп атайды. Ол грек тілінде «әтеш» деген мағына береді екен. Осыны айта отырып, «қаланың кірінен, абыр-сабырдан, арыз бен өтініштен, болмас бос әуреден» қашып келіп, осында түнегенін жазады.

Осы 1780 жылдың 6 қыркүйегінде Гете сол таудағы үйдің қабырғасына «Жиһанкездің түнгі жыры» деген өлеңін қашап жазғанын білесіз. Гетенің түпнұсқасында «ормандағы құстар да үнсіз» деген жол бар. Бірақ осы жол – осы құс Лермонтовта және Абайда жоғалып кетеді. Неге?

Гете сол Кикелхандағы аңшы үйінде: «Бүгін мен өз өмірім мен адамдық қасиетімді жем іздеп жүріп суға күмп ете қалған құсқа ұқсаттым. Оның суға батып бара жатқанын байқаған құдайлар қанатын жүзбеқанатқа айналдырып жібереді. Бірақ сол балыққа айналған құс осы ортаға неге бірден бейімделіп кете алмағанын түсіне бермес» деп жазады.

Сондай-ақ Гете өзінің «Жыршы» деген өлеңінде «Мен бұтаққа қонған құстай ән салам» деп жазады. Гете үшін бұл құс – оның шығармашылық гениі, дарыны. Шенеунік Гете, Еуропаны шарлап, ақыр соңында Кикелхан тауына тексеріспен келіп, түнеген сәтте, таудағы тыныштық оның жүрегіндегі поэзияны, шығармашылық құсын қайта оятқандай күй кешеді. Содан барып, өзінің сол құсты саясат тоғанына тұншықтырып жүргенін сезінеді. Алкманның тыныштық картинасын аңшы үйінің қабырғасына қара қаламмен қайта салады. Гетеге тән өрнекпен. Осы құстың қызметтің қалың орманында үнсіз қалуы ақынның жанын ауыртады. Оның тыныштығы – жанының мазасыз күйі, аласапыран, аласұруы. Ішкі бітпес майданы. Кейін Генрих Гейненің «Алып ақын ергежейлі елде министр болды... Егер ол өзінің осы тыныштық күйін бұзып, тік тұрғысы келген болса, мемлекеттің шатырын қаусатар еді» деуі де Гетенің ішкі күресі жайынан көп хабар береді.

 

Лермонтов

Кавказда, Бештауда Лермонтовтың дуэльге түсіп, мертіккен әм аманатын тапсырған жеріне тастан белгі қойылған. Сол белгіні төрт жағынан қоршап төрт тас күшіген отыр. Төрт күшігеннің неге қойылғаны жайлы аңыз көп болғанымен, нақты себебін ешкім білмейді. Жемтік іздеген жыртқыш құстар ақын рухын қоршап отырғандай. Төртеуі төрт жаққа қарап тұр. Қарауға беті шыдамастай.

1840 жылы Лермонтов «Жиһанкездің түнгі жырының» екінші өлеңін аударады. Бұл жайлы А.Струговщиков осы жылдың қарашасында Соллогубтың үйінде ақынмен кездесіп, сол жерде бір парақ қағазға жазып бергенін айтады. Бұл уақыт Лермонтов өмірінің ең бір күрделі кезеңі еді. Э де Барантпен атыспақ болып, сол үшін тұтқындалып, үш айға қамамақ болып, артынша сот оны Николай патшаның шешімімен Кавказдағы соғысқа аттандырып жіберді. Ол жақта ақын өзінің ажалын Мартынов бейнесінде жолықтырады. 1941 жылы дуэльде кеудесін тесіп өткен оқ – өлім хабаршысы болды. Аласұрған ақын Гете өлеңін аударғанда өзінің ақырғы тыныштығын іздеген секілді. Жойқын қуат жанын қоярға жер тапқызбағандай. Лермонтовтың «Аңсар» деген өлеңі бар. Сол өлеңде «мен неге құс болмадым, аспанды мекен еткен еркіндік перзенті» дейді. Солай бола тұра, тыныштық картинасына еркіндік перзентінің бейнесін қоспайды. Ол картина Лермонтов үшін жолаушының ақырғы сапарының суретіндей болды. Лермонтов тыныштығы – өлім күйін сезіну. Ал өлең – еркіндік құсы, ол күшігендер қоршауында қалмайды.

 

Абай

Абайдың бұл өлеңді аударған уақыты өмірінің аласапыран кезеңі. Үзікбай Бөрібаевтың Абайдың үстінен жазған жалған арызы, Семей ұлықтарының тергеу ісі, оның тоғыз жылға созылып, ақыры Үзікбайдың айыбын мойындауы, Абайды ақтап 700 адамның куәлік беруі, болыстыққа сайлануы, төтенше съезде төбе би болуы, інісі Оспанның дүние салуы. Осы бір жүз жылға татырлық он жылдың айналасы Абайды әбден қажытқанын, титықтатқанын аңғарамыз.

Міне, осы тұста «Қараңғы түнде тау қалғып...» өлеңі де жазылды. Абайша жазылды. Алкманның бостан болмай, борышты болуы, Гетенің мемлекет қызметіне өзін шынжырлап байлауы, Лермонтовтың жан азабы – қаралы, азалы күйі Абайға жат болды ма? Жоқ. Абай соның бәрін өз жүрегінен өткізді. Өз басымен, тағдырымен кешті. Абайдың «сілкіне алмайтын жапырағы», «шаң шығармайтын жолы» маужыраған табиғаттың тыныштық күйі емес қой, өзінің байлануы. Бәріне. Сабырдан өзге сүйенері жоқ. Ал өңге дүние – тотықұс түстенген.