Медицина • 20 Шілде, 2020

«Қоғамдық бақылау» мүшелері қадағалайды

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Қоғамдық бақылау» азаматтық бастамасын қолдау мақсатында еріктілер қозғалысының белсенділерімен, дәрігерлермен, ҮЕҰ өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Күн тәртібінде мониторингтік топтардың жұмысын ұйымдастыру, олардың нақты қызметін анықтау, құқықтық мәртебе беру мәселелері талқыланды.

«Қоғамдық бақылау» мүшелері қадағалайды

Алматы қаласы бойынша «Қо­ғам­дық бақылау» қоғамдық бастама­сының белсендісі Саида Тауе­ке­лованың ай­туынша, дәріханаларды тексергенде, гуманитарлық жүктерді жеткізуге көмектескенде және медициналық ұйымдарға рейд барысында құқықтық сипаттағы мәселелер жиі туындайды. «Әрбір мониторингтік топтың нақты қызметін белгілеп, еріктілерге куәлік, жадынама мен тану белгілерін беру керек, түскен ақпаратты өңдеп, оны шешім қабылдау үшін тиісті инстанцияларға беру қажет», деді еріктілер қозғалысының жетекшісі.

«Қоғамдық бақылаудың» респуб­ликалық үйлестірушісі Лима Диас­тың пікірінше, жұмысты бір жүйеге қойып, ең бастысы дәрігерлердің қызметіне кедергі келтірмей, мамандар мен пациенттердің денсаулығына қауіп төндірмеу қажет. Еріктілерге қатаң санитарлық режімдегі мекемелерге, инфекциялық стационарларға кіруіне рұқсат ету керек. Ол барлық облыста еріктілер қозғалысының үйлестіру орталығы құрылғанын хабарлады. Ауруханаларға келген гуманитарлық жүктерді бірге жет­кізу бойынша мониторинг жүргіз­генін, дәрі-дәрмектің бар-жоғын анық­тау үшін дәріханаларға тексеру жүр­гізілгенін, медициналық ұйым­дарға бару жоспарланып отырғанын айтты.

Депутат Ирина Смирнова қоғам­дық топтар азаматтардың денсау­лы­ғын қорғау ісіне баға жетпес үлес қосып, дәріханаларды дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етуде үлкен қадам жасап отыр деп есептейді. Сон­дай-ақ Қостанай облысы Ден­сау­лық сақтау басқармасының өкілі Ксе­ния Жылқыбаева жұқпалы және прови­зорлық стационарлардың медицина қызметкерлері қоғамдық бақылау жұмысынан қауіптенгенін жеткізді. «Еріктілердің игі ниеті ин­фек­ция өршіп тұрған қауіпті ауруха­наларға бақылаусыз саяхатқа айналмауы тиіс», деді ол дәрігерлердің
атынан.

– Қоғамдық бақылаудың негіз­гі міндеті – ауруханалар мен дәрі­ханалардың жұмысына кедергі жасау емес, жағдайға эмоциясыз объек­тивті баға беру, – деді Нұр-Сұл­тан қала­сы бойынша қозғалыс белсен­ділері­нің бірі Вера Ким. – Біз үшін кері бай­ланыстың болға­ны, БАҚ-та, әлеуметтік желілер­де жағдайды жария­лау өте маңыз­ды. Біздің қызметіміз КВИ-ге шал­дық­қан адамдардың мұң-мұқта­жына бағытталған, олар толық медициналық көмек алады.

«Денсаулық сақтау министр­лігінің келісімі мен регламенті болса, КВИ-ге шалдыққан науқастар емделіп жатқан медициналық ұйымдарға баруды жоспарлаймыз. Жақын арада еріктілердің жұмысына арналған меморандум – құқықтық база, еріктілерге арналған жадынама және мақсатты мониторингтік топтардың регламенті әзірленеді. Біз Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарды, атап айтқанда Денсаулық сақтау басқармасының қолдауына үміттенеміз», деді белсенділер.

Министр барлық тараптың пікір­лерін тыңдап, «Қоғамдық бақы­лау» мүшелерінен келіп түсетін ақпа­рат­пен нақты жұмыс істеудің маңыз­дылығын атап өтті, бұл жергі­лікті атқарушы органдардың қатысуы­мен жүйелі мәселелерді шешуге мүм­кіндік береді.

«КВИ-ге қарсы бірге күресуіміз керек. Біздің міндетіміз – дұрыс ден­сау­лық сақтау жүйесін құру. Жергі­лікті жерлер салғырттық таныт­пауы тиіс, сонымен бірге дәрігер­лерді қолдап, қамқорлық көрсетуге міндеттіміз. Пациенттерге келетін болсақ, егер заңсыз жағдайлар болса немесе көмек көрсету стандарттарына сәйкес келмесе, оның себептерін анықтау керек. Дәрігерлер мен пациенттердің ар-намысы мен абыройы қорғалуы тиіс», деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ ол еріктілер қауіпсіздік шаралары мен санитарлық нормаларды сақтауы қажет екенін, міндетті түрде қатаң нұсқамадан өтуі тиістігін, өйткені инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары екенін жеткізді. Сондықтан ста­ционарлардың қатаң талаптарын сақтау өте маңызды. Ведомство бас­шы­сының айтуынша, егер заң бұзыл­са, шағымдар белгілі бір нормаларды сақтай отырып рәсімделуі қажет.

«Заң бұзуға болмайды. Ден­сау­лық сақтау министрлігі оны тұрақ­ты бақылауда ұстайды және қадаға­лайды», деді министр.

Еріктілер қозғалысының мүше­сі Бибінұр Шералиева министр­ге бірқатар ұсыныс айтты. Мәселен, жұмысы тоқтап тұрған медициналық жабдықтарды қайта бөлу, сондай-ақ эпидемия кезінде пациенттерге психологиялық қолдау көрсету. Денсаулық сақтау министрі бар­лық ұсынысты мұқият тыңдап, меди­циналық көмек сапасын арттыру және медициналық ұйымдардың жұмысын жақсарту үшін «Қоғамдық бақылау» белсенділеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.