Қоғам • 23 Шілде, 2020

Суармалы жерлерді сумен қамти аламыз ба?

668 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2030 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұры­лымын салу және қайта құ­ру есебінен 3 млн гектар суармалы жерді сумен қам­ту жоспарланып отыр. Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті тө­рағасы орынбасарының мін­детін атқарушы Марат Иман­әлиевтің айтуынша, ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге айрықша назар аударуы оның әлеу­меттік маңызы мен еліміз үшін стратегиялық мәнін көрсетеді.

Суармалы жерлерді сумен қамти аламыз ба?

«Экология министрлігінің мін­деті – суармалы жерлерді, яғни ги­дромелиоративтік желіні сумен қамту, яғни бұл су көзі, су қой­малары. Бірінші кезекте, жаңа, суа­руға арналған су қоймаларын салу жос­парланған, – деді М.Иманәлиев. – Сонымен қатар жос­парда бюджет қаражаты есебінен де, халықаралық қаржы ұйымдары арқылы да жаңа каналдар салу мен бұрынғыларын жаңғырту жұмысы бар».

2026 жылға қарай 38 су қоймасын салу жоспарлануда. Министрліктің жос­парынша, әуелгі міндет – су ша­руашылығы желілерін қайта салу кезінде егіске су жеткізу кезінде орын алатын су жоғалтуды болдырмау. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы фер­мерлерге суару кезінде су үнемдеу әдісіне, оның ішінде тамшылатып суаруға көшу маңызды. Бұл ретте аталған ведомство өз тарапынан су жеткізу кезіндегі суару кезінде су үнемдеу әдісі есебінен лимит бел­гілеуді, жаңа сараланған тарифті ұсы­нады, яғни көп алсаңыз, көп төлейсіз. Мұндай тарифтер Израильде қолданылады. Суару кезінде су үнемдеу жүйесін қарқынды қолдану, су жоғалтуды болдырмау есебінен суармалы жерлердің аумағын ұлғайту көп су алуға әкелмейді дейді олар.

«Қазақстанның су шаруашылығы қауымдастығының» президенті Нұр­лан Атшабаров су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аса маңызды екенін айтады. Бұл мемлекеттік бағдарлама алдағы 10 жылға арналған мақсаттар мен міндеттерді анықтайды. Бұл тиісті қаржыландыруды, оның ішін­де, мысалы, су нысандарын қалпына келтіруді, суару жүйесінің құрылысын қамтамасыз етеді.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысы кезінде Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевқа суды бас­қарудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында атқарылған жұ­мыстар туралы есеп берген болатын. Ве­домство басшысы бұл бағдарламаны ғалымдарды, сала ардагерлерін кеңінен қа­тыс­тыра отырып әзірлегенін жеткізген еді.

– Осы мемлекеттік бағдарлама төңі­регіндегі негізгі көрсеткіштердің бірі – Жолдауда көрсетілген суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 1,5 млн-нан 3 млн гектарға дейін ұлғайту ту­ралы тапсырманың орындалуы. Бұл оңай міндет емес, бірақ қол жет­кізуге болады. Біздің әр облыстағы әкім­діктермен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жоспарымыз бар. Егер былтыр 66 мың гектар жер енгізілген болса, биыл 500 мың гектарға жуық жерде жұмыс жалғасуда, – деді министр.

Мемлекеттік бағдарламаның басқа маңызды индикаторлары – су шығынын шамамен 3 есе азайтуға, сондай-ақ су қоймаларын салуға ба­ғытталған. Бұл рес­публикада қосым­ша 400 мың га суар­малы жерді ен­гізуге, шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға және 70-тен астам елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл су қоймаларын салу Қазақстанға көр­ші елдерге тәуелділікті азайтуға мүм­кіндік береді. Мәселен, Қырғыз­станнан – 30%, Өзбекстан мен Ресей Феде­рациясынан – 15%.

Нұрлан Атшабаровтың айтуынша, Қазақстан аумағындағы 8 өзен бассейнінің 7-еуі – трансшекаралық.

– Біз суды ішінара сырттан ала­мыз. 50% республика ішінде қалып­таса­ды, шамамен 50%-ы сырттан келеді. Транс­шекаралық өзендер туралы, суды бөлу туралы, оны жет­кізу көлемі туралы келісімге ке­луі­міз керек. Сонымен қатар Қа­зақстан осы бассейндердің аяғында орналасқандықтан, сумен қамтамасыз етуде үлкен айырмашылықтар туындайды. Су ресурстарын басқаруға ел бас­шылығының мұқият назар ауда­руы суды, оның ішінде көк­темгі су тасқыны кезінде арнайы су қоймаларында үнемдеу қажет­тілігімен түсіндіріледі. Бұл экономика, экология және ауыз сумен қам­тамасыз ету қажеттіліктері үшін су қорын құруға мүмкіндік береді. Сон­дықтан бұл мәселелерді үнемі шешіп отыру қажет, оның көпшілігі мемлекеттік деңгейде шешіледі. Бізде Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жұмыс істей­тін арнайы комиссиялар бар, – деді Н.Атшабаров.

Еліміздің су шаруашылығы арда­гері Аманжол Қожағұлов мем­лекет уақтылы қабылдаған шаралар келешекте су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік беретінін ай­тады. Яғни Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су шаруа­шылығын дамытуға назар аударуы бола­шақтағы су проблемаларының алдын алуға бағытталған. Осындай шаралардың бірі ретінде ол елдегі су қорын қамтамасыз ету, сондай-ақ су тасқынының алдын алу үшін су қой­маларын салу маңызды деп санайды.

– Мұны қазір жасау керек. Өзде­ріңіз білесіздер, Қазақстан ішінара бас­қа елдердің су ресурстарына тәуелд­і. Сондық­тан су мәселелерін уақ­тылы шешу – респуб­ликамыз үшін өте маңызды, – деді А.Қожағұлов.

Экология, геология және таби­ғи ре­сурстар министрі Мағзұм Мыр­заға­лиев бұған дейін атап өткен­дей, Қазақ­стан­дағы жерүсті сула­рының орташа мөл­шері шамамен 101 текше шақы­рымды құрайды. Бұл көлемнің 54%-ы ішкі,
46%-ы көр­ші елдерден келеді. Еліміздің ауыл шаруашылығында суды тұты­нудағы негізгі проблема каналдар мен суару жүйелерінің әбден тозуында болғандықтан су тасымалдау кезіндегі жоғары шығынға әкеледі. Тиісінше, жағдайды жақсарту үшін каналдарды жөндеу және суды басқарудың автоматтандырылған жүйе­сін енгі­зу қажет. Осыған байланыс­ты ми­нистрліктің алдында 2030 жылы қосымша су ресурстарын ұлғайту, суар­малы жерлерді 1,4 млн-нан 3 млн гектарға дейін ұлғайту үшін жаңа суару жүйелерін салу, су ресурстарын басқаруды жаңарту және қалпына келтіру арқылы 100 текше шақырым су теңгерімін сақтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және қайта құру, жаңа су қоймаларын салу, су шаруашылығын цифрландыру, суды үнемдеу және т.б. міндеттер тұр. Осы орайда министр барлық қазақстандықтарды су ресурстарына көбірек көңіл бөлуге шақырып отыр.