(«Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты», №4, 1945 жылғы апрель, ОҚХҚ Әскери баспасы)
Айталық, Сәрсен Аманжолов бастауыш мектепке арналған тұңғыш қазақ тiлi грамматикасының, орта мектепке және жоғары оқу орындарына арналған қазақ тiлiн танудың негiзiн салушы, 1937-1942 жылдар аралығында КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының Тiл әдебиетi секторының меңгерушiсі болып, осы кезеңде, яғни 1939 жылы Абай шығармаларының латын әліпбиінде толық жинағын шығаруға, 1940 жылы қазақ жұмбақтарының жарық көруіне және т.б. көптеген ұлт мұрасын түгендеуге тікелей жетекшілік етті.
Қазақ зиялыларының алдыңғы қатарындағы отбасында өскен Алтай Аманжолов Мәскеу мемлекеттік университеті филология факультетінің шығыс бөлімінде КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, академик, түркі филологиясы кафедрасының меңгерушісі Н.К.Дмитриев, көне түркі ескерткіштерін, Орхон-Енисей жазбаларын зерттеген В.М.Носилов, «Бабырнама», Ә.Науаи еңбектерін көне шағатай тілінде талдаған Г.Ф.Благова, Н.А.Баскаков сияқты танымал ғалымдардың алдын көрген шәкірті, еліміздегі көне түркі жазбаларын оқуға үлкен үлес қосқан ғалым.
Зиялы тұлғаның зерделі әңгімесін тыңдағанымызда, Мұхтар Әуезовтің 1945 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдығына арнап жазған мақаласы көңілімізді ерекше аударған-ды.
Жалпы, Сәрсен Аманжолов пен Мұхтар Әуезов Семейдегі мұғалімдер семинариясынан бастап біліс екен де, кейін Мұхаң Тәшкенде аспирантурада оқыған кезде де Сәрсекең сонда студент болып, одан соң да отбасымен аралас-құралас болған екен. Бұл туралы Алтекең бала кезінде әкесіне еріп, ұлы жазушының үйіне жиі барғанын сағынышпен әңгімелеген еді. 1934 жылы бұрынғы ҚазПИ-ге Абайдың аты берiлдi. Университетке Абай есiмiн беру туралы ұсыныс жасаушылардың арасында С.Аманжолов та болды. Міне, осы нәзира байланыстың нәтижесінде Мұхтар Әуезов ұлы хакім жөніндегі мақаласын от пен оқтың ортасында шығып жатқан майдан басылымына жолдаған сыңайлы.
Ғалымның айтуынша, Сәрсен Аманжолов соғыс жылдарында полярлы аймақта, Мурманск түбiндегi майданда жауынгерлер үгiтшiсi болған. 1944 жылдың көктемiнде оны Мәскеуге шақырып алады. Соғыс кезінде Қызыл штабтың жанындағы бас саяси басқармада одақтың барлық ұлттары үшiн үгiт-насихат жұмыстары жүргiзiлдi. Бүкiл майдандарда қазақ тiлiнде жиырма шақты майдан газеттерi жарық көрді. «Совет жауынгерi», «Суворовшы», «Отанды қорғауда», «Қызыл әскер ақиқаты» сынды бұл майдан басылымдары да зерттеуді қажет ететін ауқымды тақырып. С.Аманжолов майдан газеттерiне куратор-бақылаушы ретiнде жұмысқа шақырылған екен. Ол кезде Дихан Әбiлов, Мұса Дiнiшев, т.б. белгiлi азаматтар қазақ тiлiндегi майдан газеттерiнде редактор болатын. Ал С.Аманжолов «Қызыл армия үгiтшiсiнiң блокноты» («Блокнот агитатора Красной армии») деген кiтапша түріндегі блокноттың қазақша нұсқасының редакторы болды.
Соғыс аяқталуға жақын қалған 1945 жылы бүкіл республика Абайдың туғанына 100 жыл толуын атап өткелi жатты. Осы кезде «Қызыл армия үгiтшiсiнiң блокнотына» Мұхтар Әуезовтiң Абайдың 100 жылдығына арналған мақаласы жарияланады. Бұл мақала 1945 жылдың сәуiр айындағы нөмiрiнде басылып шығады. Басылым бүкiл майданға тарайды. Аталған мақала басқа басылымдарға шықпаған екен. Бертінге дейін Әуезовтiң ешбiр жинағына да, М.Бөжеев, Ы.Дүйсенбаев құрастырған библиографияларына да кiрмеген. Алтай Аманжолов 1980 жылдары Мұхаңның қызы Ләйлә Әуезоваға осы мәселенi айтып, Мұхаңның блокноттағы мақаласының көшiрмесiн табыстағанын жеткізіп еді. Ләйлә Мұхтарқызы сол кезде М.Әуезовтiң Алматыдағы мұражай-үйiнiң директоры екен.
Аталған блокнотты қолымызға алып қарағанымызда сол кездегi барлық майдан басылымдарының ұранына айналған «Немiс басқыншыларына өлiм!» сөзi блокнот маңдайшасының бiр бұрышында орналасқанын көрдік. Қызыл Армияның Жоғарғы Саяси басқармасы шығарып тұрған басылымда Мұхаңның мақаласымен бiрге Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге..» атты өлеңi жарияланған.
Сәрсен Аманжолов 1944-1945 жылдары «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты» журналының аудармашы-редакторы болған. Журналдың төменгi жағында жауапты редакторы: Н.Брычев, редактор-аударушысы С.Аманжолов деп жазылған. Брычев блокноттың орыс тiлiндегi басылымын шығарған. Аталған блокнот сонымен бiрге татар, өзбек, т.б. тiлдерде шығып тұрған. Бұл басылымға Қазақстаннан майданға аттанған сарбаздар туралы, олардың ерлiгi жайында, Сталиннiң бұйрықтары, көбiнесе майдан туралы жазбалар енетiн. Аталған «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты» Кеңес Одағының маршалдары И.Коневтi, Г.Жуковты, К.Рокоссовскийдi КСРО Жоғарғы Советi Президиумының «Жеңiс» орденiмен наградтау туралы Указымен басталады. Одан кейiн орыс тiлiнде шыққан нұсқадан М.Мироновтың, В.Носовтың мақалаларын С.Аманжолов аударып берген. Сондай-ақ өз қаламынан туған очерктерi жарияланған. Оның iшiнде «Шыңғыс-Тау қызы» атты мақаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлiгi бүкiл қазақ даласының рухын көтерiп, майданға өз еркiмен сұранушылардың қатары артқанын, соның iшiнде Шыңғыстау қызы Баянның соғыстағы ерлiгi баяндалады. Бұдан кейiн Мұхаңның Абайдың 100 жылдық мерекесiне арнап жазған мақаласына орын берiлген.
«Әкем майданда Әуезовпен хат жазысып тұрған. Өзi де майдан даласына шығып, Германияда, Польшада болып, соғыс тақырыбындағы очерктерiн блокнотқа жариялап тұрған. Сәкең журнал шығарып жүрген кезiнде капитан шенiнде болса, соғыстың аяқталар тұсында майор шенiн алған» деген еді Алтай Аманжолов.
Ұлы жазушы өмiрiнiң соңғы жылдарында (1951-1961 жж.) тұрған, қазіргі жазушы атындағы мұражай үйiнің ғылыми қызметкері Санагүл Көлбайқызы кейінгі шыққан библиография арқылы Мұхаңның соғыс жылдарының аяғында майдан басылымына шыққан мақаласын тез-ақ тауып бердi. Тек бұл мақаланы бiз, «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокнотынан» емес, жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған елу томдық шығармалар жинағынан кездестiрдiк. Яғни Алматыдағы «Жiбек жолы» баспасынан 2007 жылы шыққан «Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағы» көптомдығының 27-томы, 82-84-беттерiнде тұр. Бұл томда жазушының 1943–1946 жылдары жазған еңбектерi жинақталған екен.
Кiтаптың 423-бетiнде филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Майтановтың аталған мақалаға түсiнiктемесi берiлген. «Мақала арнайы тапсырыспен жазылуы мүмкiн. Майдан шебiндегi жауынгерлерге туған елде аталмақшы iрi мәдени шараның жоғары рух беретiн қасиетi ескерiлсе керек. М.Әуезов өз ойларының қысқа әрi түсiнiктi болуына мән бередi. Абай мұрасының маңызы мен бағасы, оның саяси-әлеуметтiк астары, орыс әдебиетiмен байланысы, халықтар достығын жырлағаны айтылып өтедi. Абай дәрiптеген «ұлы қайрат», «қасиеттiң» соғыс кезiндегi ерекше орны көрсетiледi» деп жазады түсiнiктемеде Бақытжан Майтанов. Түсініктеме авторының айтуынша, аталған мақала «Қызыл Армия» газетiнiң 27-шiлдедегi санында да қысқартылып жарияланған екен.
Абайдың жүз жылдық мерекесi алдында
Мұхтар ӘУЕЗОВ
Биыл августың 15-де қазақ халқының ардақты ұлы, дана ақыны Абайдың туғанына жүз жыл толады.
Қазақ халқынын кәрi-жасы, ұлы-қызы ерте күннен тегiс бiлiп, тұтас қадiрлеген Абай еңбегi тек қазақ жұртшылығы үшiн ғана емес, бауырлас, тiлектес, ұлы Совет Одағының барлық халықтары үшiн де қымбат еңбек. Абай тiрлiк етiп, кешiп өткен заманды еске алсақ, ақынның қадыры ерекше артады.
Ол кез қазақ даласы сияқты шығыс өлкелерде бiр жағынан рушыл-бектiк, надан қара күш дәурен сүрген кез едi. Ол күйдiң сорақы жағы қазақ халқын, қалың бұқараны өз iшiндегi рушыл зорлықшыл бек, сұлтаны өзге елден, өнерлi елден алыстатып, қараңғы түнек iшiнде ұстады.
Абай шығыстан шығып, ерте оянып, барын салып, өз елiнiң игiлiгi үшiн сол жаңағы алысты жақын етiп, қиынның қиуасын таппаққа талпынды. Елiн өнерлi елдiң қазынасына жеткiзiп, ерiн – бiлiмдi, саналы, өнерлi, бiлiмдi, бас азамат, халық азаматы етпекке баулыды. Ол күндегi Ресейге қараған шығыста ұлы орыс халқының өнер-бiлiм, ой-дана қазынасын өз халқына бар қасиетiмен жеткiзiп, танытуға талап еткен, еңбек еткен қайраткерлердiң бiрi, ұлы азамат ақыны Абай болған.
Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстойларды атағанда, жақсы ақын-жазушылығын ғана қадiрлеп қоймайды. Солардың еңбектерiнен, ұстаздық, үгiт-ойларынан көрiнiп тұрған шын адамдық, азаматтық қайсы екенiн, сезiмдi, ойлы көркем қасиеттер қайсы екенiн ерекше танытып бередi.
Қытымыр қатал замандарда Пушкин, Лермонтовтар ұлы адамдық жолын нұсқаған болса, әделеттi, теңдiктi, елдiк мұңды жырлаған болса, Абай соның көбiн қазақ оқушысына жеткiзе отырып, орыс халқының бойындағы үлкен асыл қасиет осы деп көрсеттi. Пушкиндерге қазақ оқушысын дос еттi.
Бүгiн барлық дүние халықтарына, барлық адам жынысына өздерiнiң жиренiштi, сұмырай «жыныстық жүйесiмен» жау боп шыққан, жауыз немiс-фашистерiн жапырып, жойып бара жатқан совет отаншылдарының бiлек, жүрек бiрлiгi мәңгi айнымас, мызғымас бiрлiк боп отыр. Осы бiрлiк жолында өткен шақта ұлы қайрат, қасиеттi еңбек етiп кеткен отаншыл ұлы азамат, дана Абай, бүгiн бiздiң барлық советтiк халықтарымызға қадырлы деймiз.
Осындай ерекше еңбегiн бағалап, совет жұртшылығы Абайдың жүз жылдығын үлкен мереке етiп өткiзбекшi.
Жүз жылдық қарсаңында ең алдымен ақынның өз шығармалары көпке жетiп, толық таралуы қажет. Сондықтан Абай шығармаларынның академиялық толық жинағы Алматыда тыңнан басылып шыққалы жатыр. Бұл жолғы жинаққа ақынның бұрын басылмаған бiрнеше тың өлеңдерi де кiредi. Екiншi, осындай үлкен жинақ орыс тiлiнде де шықпақшы. Абайды орыс халқына және орыс тiлi арқылы бүкiл Одақ халықтарына таныстыру үшiн бұл соңғы жинақтың мәнi аса зор. Қазiр бұл кiтап Мәскеуде даярланып жатыр. Бастыратын көркем әдебиет баспасы, басқарушы қазақ әдебиетiнiң ескi досы, жазушы Леонид Соболев. Аударатын Москвадағы iрi ақындар болады.
Қазақстанда iстелiп жатқан, мерекеге арналған кiтаптың бiрi – ақынның өмiрi мен еңбектерi жөнiндегi ғылымдық тексермелер жинағы. Бұл кiтаптың жазылуына қазақ пен орыс оқымысты, сыншы, жазушыларының көбi қатынасқан. Кiтап 25 баспа табақ боп орыс тiлi мен қазақ тiлiнде бiрден шықпақ. Бұны әзiрлеуiшi Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалы.
Өкiмет тарапынан iстелетiн үлкен шаралардың ең зоры – Алматыда Абайдың ескерткiшiн орнату болады.
Өткен 1944 жылдың декабрь айында Алматыда Қазақстанның Мемлекеттiк Опера балет театрында «Абай» атты жаңа опера қойылды. Мұның музыкасын жазған қазақ композиторлары – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди.
Жүз жылдық мереке қарсаңында Алматыда «Абай» атты үлкен кино-сурет шықпақшы. Мереке қарсаңында осы сурет түгел басылып болып, бүкiл Одақтағы киноларда тегiс қойылатын болады.
Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов Абайдың өмiрi мен еңбектерi туралы айрықша ғылымдық зерттеу кiтабын жазып жатыр. Осы ретте, жүз жылдыққа қарсы М.Әуезов жазған «Абай» атты романның бiрiншi кiтабы орыс тiлiнде басылып шықпақ. Ол романың аудармасын орыс жазушысы Леонид Соболев басқарып, кiтап Москвада баспаға берiлдi.
Августың 15-де, Абайдың туған күнiнде, республика көлемiнде салтанатты мерекелер өтедi. Алматыда болатын арнаулы салтанатты, ғылымдық жиылыс, мәжiлiстерден басқа, Абайдың туған облысы Семейде және әсiресе, туған жерi Шыңғыста – қазiргi Абай ауданында – зор халық мерекесi болмақ.