30 Қазан, 2013

Түрме

858 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Мұндағы жүйе түбегейлі өзгерістерді күтеді

Тарихында түрме болмаған елімізде бүгінде 43 мыңнан астам адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеуде. Сотталушылардың саны жағынан 200-ден астам мемлекеттің ішінде 31-орынға түссек те, бар-жоғы 17 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл статистика көңілге жұбаныш бола алмайтыны ақиқат. Түрме реформасында түбегейлі реформалар жасалып, заңнамаға сан өзгеріс пен тоқсан толықтыру енгізілгенімен қылмыстың азайып, сотталғандардың саны сирегені байқалмайды.

Рас, өзіндік ерекшелігі көп қылмыстық-атқару жүйесі саласында қордаланған проблемалар жетерлік. Пенитенциарлық жүйенің жаңа тынысын ашып, соны тәжірибелер енгізуді көздеген Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесін дамыту жөніндегі 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасы іске қосылғалы да бір жылдан асты. Төрт жылға жоспарланған бағдарламаны іске асыру барысында бұл жүйеде не өзгереді? Соңғы уақытта жиі талқыланып жатқан мәселелер – сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету арқылы түзеу мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, сотталғандарды ұстау жағдайын халықаралық стандартқа сәйкестендіру, бұл стандарттың басты шарты – сотталғандарды камералық ұстау жүйесіне көшіру секілді мәселелер қалай шешілмек? Біз көптің көкейінде жүрген осы сұрақтардың астарына үңіліп көрген едік.

 

Мұндағы жүйе түбегейлі өзгерістерді күтеді

Тарихында түрме болмаған елімізде бүгінде 43 мыңнан астам адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеуде. Сотталушылардың саны жағынан 200-ден астам мемлекеттің ішінде 31-орынға түссек те, бар-жоғы 17 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл статистика көңілге жұбаныш бола алмайтыны ақиқат. Түрме реформасында түбегейлі реформалар жасалып, заңнамаға сан өзгеріс пен тоқсан толықтыру енгізілгенімен қылмыстың азайып, сотталғандардың саны сирегені байқалмайды.

Рас, өзіндік ерекшелігі көп қылмыстық-атқару жүйесі саласында қордаланған проблемалар жетерлік. Пенитенциарлық жүйенің жаңа тынысын ашып, соны тәжірибелер енгізуді көздеген Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесін дамыту жөніндегі 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасы іске қосылғалы да бір жылдан асты. Төрт жылға жоспарланған бағдарламаны іске асыру барысында бұл жүйеде не өзгереді? Соңғы уақытта жиі талқыланып жатқан мәселелер – сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету арқылы түзеу мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, сотталғандарды ұстау жағдайын халықаралық стандартқа сәйкестендіру, бұл стандарттың басты шарты – сотталғандарды камералық ұстау жүйесіне көшіру секілді мәселелер қалай шешілмек? Біз көптің көкейінде жүрген осы сұрақтардың астарына үңіліп көрген едік.

Соңғы он жылда Қазақстанның пенитенциарлық жүйесі күрделі өзгерістерге ұшырады. Қолға алынған реформалар, соның ішінде, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру қарқынды әрі кешенді түрде жүргізілді. Түзеу колонияларында жазасын өтеушілердің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау аясында бірқатар міндетті іс-шаралар жүзеге асырылды. Сотталғандарға медициналық қызмет көрсету мен тұрмыстық жағдайын түзеу жұмыстары жан-жақты атқарылуда. Тамақтандыру нормаларына да ерекше мән беріліп отыр. Түзеу мекемелері қайта құрылып, жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Түрмелерді зерттеу халықаралық орталығының 2013 жылдың қаңтар айында ұсынған деректеріне сүйенсек, Қазақстан түрме индексі бойынша 221 мемлекеттің ішінде 31-орынға тұрақтаған екен. Мәселен, 2002 жылы елімізде сотталғандардың саны 65 151 болып, Қазақстан дүниежүзі бойынша 3-орынға шыққан. Ал, он бір жылдан кейін, яғни, 2013 жылы бұл статистика – сотталғандар саны 43 мыңға дейін азайған. Алайда, бұл деректер кемігенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Себебі, қазіргі таңда әр 100 мың адамға 316 жазасын өтеушіден келеді. Халықаралық стандарт бойынша, 100 мың адамға шаққанда 150 сотталған адамнан келу керек болса, біздің бұл көрсеткішіміз халықаралық стандарттан екі есе көп. Бүгін колонияларда отырғандардың 43 пайызы екі немесе одан да көп рет сотталғандар мен рецидивистер.

Ал жалпы жоғарыда айтылған көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 150 сотталушыдан болса, бұл қылмыстық әділдік пен түрме менеджментінің өз дәрежесінде ұйымдастырылғанын байқатар еді. Салыстырмалы түрде алып қарайық, мысалы Тәжікстанда түрме индексі 130 болса, Англияда – 150, Францияда – 101, Германияда – 80. Ал, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 487-ге жетсе, АҚШ-та – 716.

Қазір біздің еліміздің жаза өтеу орындарында ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандар мен рецидивистер ғана қалған. Сондай-ақ, өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы КСРО-да 700 мың адам бас бостандығынан айыру жазасын өтесе, оның 100 мыңы немесе әрбір жетінші сотталған жазасын Қазақстандағы колонияларда өтеген. 1975 жылмен 2000 жыл аралығында әрбір 35-ші қазақстандық сотты болып, біздің алдымызға тек АҚШ пен Ресей ғана түсіпті. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кездері колониялардың лық толуы, сотталғандарды жасаққа бөліп барак типті ғимараттарда ұстау, азық-түліктің жетіспеушілігі, дәрігерлік көмектің нашарлығы, сотталғандар арасында жұқпалы аурулардың және өлім-жітімнің көп болуы сияқты проблемалар бастан асатын. Егемендік алғаннан кейін бас бостандығынан айыруды алмастыратын жаза түрлерін кеңінен қолдануды арттыруға, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіруге бағытталған 70-ке жуық заң қабылданды. Бас бостандығынан айырыл­­­ғандарға 7 рет рақымшылық жасалды. Соның нәтижесінде соңғы 12 жыл ішінде бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер 4 есеге азайған. Мысалы, 2000 жылы 40 мың адам сотталса, өткен жылы 9 мыңнан сәл ғана асатын адам сотталған.

Бұл біздің ел үшін үлкен жетістік болғанымен, сотталғандар санын азайтуға байланысты атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз. Сотталғандарға жұмсалатын қаржы да қомақты. Пенитенциарлық жүйеге кетіп жатқан шығын да жылдан жылға артып келеді. Соңғы төрт жылдың ішінде Қылмыстық-атқару жүйесінің бюджеті 54 пайызға өскен. 2012 жылы бас бостандығынан айырылған бір адамды ұстау үшін қазынадан 580 мың теңге жұмсалған. Бірақ ҚАЖ мамандары бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жолдарын осы бастан ойластыру керектігін алға тартады. Себебі, сотталған адамды ұстауға кеткен қаржы оның жасаған қылмысынан келген зияннан әлденеше есеге асып кетеді екен. Мысалы, Сол­түс­­тік Қазақстан облысында бір әйел көршісінің 10 мың теңге тұратын затын ұрлағаны үшін 3 жылға соттал­ған. Ал, оны 3 жыл ұстау мемлекетке 1 млн. 700 мың теңгеге түсіп отыр. Мұн­дай мысалдарды мыңдап келті­ру­ге болатынын ескерсек, қаржының қай­да кетіп жатқанын шамалау қиын емес.

ҚАЖ комитетінің бас бостанды­ғы­нан айырылғандарды электронды құралдар арқылы бақылауды жетілдірудің халықаралық тәжіри­бесін жан-жақты зерттеудегі басты ұстанымы да осы болатын. Яғни, артық шығын шығармау. Сотталғандарды электронды құралдар арқылы бақылау тәжірибесі көптеген мемлекеттерде сынақтан сүрінбей өткен. Мәселен, АҚШ-та 1990 жылдан бастап зорлықсыз қылмысқа барғандардың барлығын полиция осы тәсілмен бақыласа, Швецияда телефон компьютерге қосылады да, сотталғанның аяғына арнайы білезік кигізіледі. Содан соң пробация қызме­­­тінің маманы сотталғанмен бірге отырып, оның қай кезде жұмысқа баратыны, қай кезде үйге келетіні туралы кесте жасайды. Егер сотталған осы кестедегі уақыт­тан ауытқып кетсе, электронды біле­зік арқылы полиция қызметкеріне дабыл түседі. Францияда тіптен жыныстық зорлық үшін бес жылға немесе одан да көп уақытқа сотталғандар бостандыққа шық­қан соң да электронды білезік киіп жүру­ге міндетті екен. Германияда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға үміт­кер сотталғандардың барлығы да білезік киеді.

Пробация және сотталғандарды электронды құралдар арқылы бақылау көптеген мемлекеттерде бұрыннан қолданылатын тәсіл. Қылмыс деңгейі төмен деп саналатын Дания, Швеция, Финляндия және Норвегия сияқты елдерде электрондық білезік сотталғандардың қоғамның қайтадан толыққанды мүшесі болып қалыптасуына оң ықпал етуде. Қазір әлемнің 60-тан аса елінде қолданылатын электронды білезік біздің елімізге де келетін күн алыс емес. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Теңізжан Жәнібековтің айтуынша, енді бір-бір жарым жылдан кейін қазақстандық пробация саласының қызметкерлері де қазіргідей алаөкпе болмай, шартты түрде сотталғандарды, бас бостандығын шектеу­ге сотталғандар мен мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандарды шетелдегі әріптестері сияқты электронды білезік арқылы бақылап отыратын болады.

Шетелдік тәжірибені зерттеу жұмыс­тары кезінде шартты түрде сотталғандарды электронды білезік арқылы бақылаудың кең қолданылатынына көз жеткізгеннен кейін 2011 жылдың 18 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Қылмыстық-атқару инспекциялары қолданатын электронды бақылау құрыл­ғыларының тізімі де бекітілген болатын. Бақылаудың бұл тәсілі сотталғандардың қайтадан дұрыс жолға түсуіне дұрыс ықпал етіп қана қоймай, жазасын өтеушілерге жұмсалатын қаржыны үнемдеуге де тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Үкімет 2012 жылы 9 маусымда бекіт­кен Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесін дамыту жөніндегі 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламада сотталғандарға қатысты бірқатар нақты мәселелер қарастырылған. Бағдарламаның басты көздегені – түзеу мекемелеріндегі қылмыс пен құқық бұзушылықты азайту болып табылады. Сондай-ақ, бұл бағдарламаны жүзеге асыру арқылы сотталушылардың тәрбие үрдістері жақсартылып, ҚАЖ құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік тумақ. Бағдарла­маның басым бағыттары өткен жылы орындалғанымен, алдағы уақытта атқарар жұмыстар да жеткілікті.

Жалпы, ҚАЖ-ды дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға респуб­ликалық қазынадан 21 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл қаржы­ның басым бөлігі тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерін салу және күрделі жөндеу жұмыстарына, сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға жұмсалмақ. Қазіргі таңда тергеу мекемелеріндегі туберкулез ауруы да көкейкесті мәселеге айналғаны ақиқат. Осыған орай, дертке шалдыққан сотталушыларды туберкулездің екінші сатысына қарсы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, аурудан емдейтін бөлімдер, зертхана мен бөлме қызметкерлеріне қорғау респираторын алуға да қомақты қаржы бөлу жоспарланған.

«Бағдарламаны іске асыру барысында еліміздің пенитенциарлық жүйесіне елеулі өзгерістер алып келетін бірқатар маңызды заңнамалық актілер қабылданды», – дейді Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков.

Бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендердің құқықтық мәртебесі басқа санаттағы сотталушылармен (бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек) салыстырғанда қатаң екені баршаға түсінікті. Алайда, бұл бас бостандығынан айырылғандар «біткен» адам деген сөз емес. Олар да Қазақстан Республикасының азаматы ретінде негізгі құқықтарға ие болуын жалғастыра береді. Олар тек бостандығынан айырылғандар, дегенмен де, денсаулықтарын сақтауға, ар-ождан бостандығына, адами құндылықтарын құрметтеуге толық құқықтары бар.

Ал, сотталушылардың ең бас­ты конституциялық құқығы – орта білім алу. Түрме туралы сөз қозғағанда сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету жайы әлі күнге дейін маңызды мәселе ретінде алдыңнан шығады. Өткен жылы түрмелерден босап шыққан 13 мың адамның тек 30 пайызы ғана жұмыспен қамтамасыз етілген екен. Талай жылдардан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан бұл мәселені шешу үшін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп екі арнайы жоба әзірлеуде. Оның біріншісі – пробация институтын жетілдіру мен оны кеңінен жүзеге асыру болса, екіншісі – сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру болып табылады.

– Қазіргі таңда республикалық мекемелерде 3557 сотталушы 55 жалпы оқу орнында білім алуда. Сонымен қатар, 46 түзеу мекемесінде көп сұранысқа ие 50-ге жуық мамандық бойынша кәсіби жұмысшылар даярланып келеді. Ағымдағы жылы оқу пәндерінің тізімі тағы 6 мамандықпен, атап айтқанда, ағаш шебері, құрылысшы, өңдеуші-тасшы, тас қалаушы, жиһаз құрастырушы, құрал-сайманшы, токарь секілді кәсіптік жұмыс түрлерімен толыққан. Оқуларын тәмамдағаннан кейін сотталғандардың түзеу мекемелерінде, ал бостандыққа шыққаннан кейін аймақтардағы азаматтық кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, 2012-2013 оқу жылдарында 4 мыңға жуық сотталушы еңбек нарығында сұранысы жоғары кәсіби білім мен түрлі мамандықтарға қол жеткізген көрінеді. «Қоғамда «сотталып келгендерді жұмысқа алмайды, олардың еңбекпен қамтылуы қиын» деген пікір қалыптасып қалған. Бұл мәселеге біржақты баға беруге болмайды. Себебі, түзеу мекемесінде алған кәсіби білімдерін пайдаланып, бүгінде бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс істеп жүргендер жеткілікті. Жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа тұрғызуда аймақтардағы Жұмыспен қамту орталықтарының көмегі көп. Бұл орталықтарға түзеу колонияларынан қанша адам, қандай мамандықпен, қай кезде босап шығатындары туралы мәліметтер беріліп тұрады. Орталық ұсынған жұмыс орындарын таңдап, орналасу мәселесінің бүге-шігесін мекеменің тәрбие жөніндегі қызметкерлері жан-жақты түсіндіріп береді. Бүгінгі күні түзеу мекемелеріндегі еңбекке қабілеттілердің 47 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Біз қазіргі таңда түзеу мекемелеріндегі жұмыс орнын көбейтуге ерекше мән беріп отырмыз», дейді Теңізжан Нұрмаханұлы.

Ағымдағы жылдың 28 наурыз күні Астана қаласында «Түрме орнына – пробация мен электронды білезік» атты түрме реформасына арналған алғашқы форум өткені белгілі. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың қатысуымен өткен ауқымды шарада алғаш рет еліміздегі пробация қызметін дамытудың тиімді жолдары көрсетіліп, түрме тұрғындарының санын азайтуға және сотталып келгендердің әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға бағытталған кешенді заңнамалық және ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар қарастырылған болатын. Соның бірі – Қазақстанда өткен жылдан бері тек шартты түрде сотталғандарға ғана қатысты қолданылып келе жатқан пробация қызметі. Бұл қанатқақты тәжірибе ретінде қысқартылған түрде енгізілген болатын. Осының нәтижесінде 2012 жылы 6 мың шартты түрде сотталғандардың 2 мыңы пробацияға тартылыпты.

«Түрме реформасының» тиімді жағын қарастыратын болсақ, болашақта осы секілді баламалы жаза түрлерін қолдау, сотталғандарды ұстаудың камералық жүйесіне көшу, колониялардан шыққандарды жұмыспен қамтамасыз ету, пробацияны толық масштабта жүзеге асыру сияқты жұмыстардың маңызы зор. Мұндай міндеттерді толық орындауға сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу жұмысының тигізетін ықпалы көп. 2011 жылдан бастап сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу функциясы жергілікті әкімдіктерге жүктелгені белгілі. Бірақ қазіргі таңда республика бойынша екі-ақ бейімдеу орталығы бар.

Қазақстанда ең алғашқы түрме 1720 жылы Өскеменде салынған, ХХ ғасырдың басында 20 түрме болыпты. Кеңес кезінде қосақталып айтылатын еңбек деген сөзі түсіп қалған түзеу мекемелерінің ғимараттары жаңартуды қажет ететіні сөзсіз. Құрылыстары ескі, едендері бетоннан салынған суық, т.с.с. кемшіліктер жеткілікті. Түзеу мекемелерінің ғимараттарының қазіргі заман көшінен қалып қойғаны жасырын емес. Осыған орай, Қылмыстық-атқару жүйесінің 2012-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасында екі түзеу мекемесінің реконструкциясы мен камералық ұстауға арналған үш мекеменің құрылысы, сондай-ақ, 59 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ал, еліміздегі түзеу мекемелерінің басым көпшілігі Кеңес кезінде өткен ғасырдың 40-50-жылдарында салынған. Сол кездегі ереже-талаптарға сай бұл мекемелерде сотталушылар жасақ тәртібімен, яғни, бір ғимаратта 100-150 адамға дейін ұсталатын. Қазіргі таңда да Қазақстандағы мекемелерде жазасын өтеушілерді негізінен жасақтық-барак тәрізді ұстау түрі қалып қойған. Бір уақытта жатын ғимаратта 150-ге жуық, не одан да көп сотталушыларды ұстаудың қиындықтары да бар, қолайсыздықтары да аз емес. Дүниежүзінде, атап айтқанда дамыған елдерде түзеу мекемелерінің тәжірибесі мүлде бөлек. Ал, сотталғандарды камералық ұстау жүйесіне көшіру бұл – халықаралық стандарт. Бірақ бұл талапты жүзеге асыруға біздің тозығы жеткен түзеу мекемелерінің қазіргі жағдайы мүмкіндік бермейді, – дейді мұнан әрі Т.Нұрмаханұлы.

Сотталғандарды камералық ұстау жүйесіне көшіруді жүзеге асырудың қиындығын ең алдымен осы саланың мамандары жақсы сезінеді. Алайда, бұл мәселеге тек осы саланың мамандары емес, бүкіл Қазақстан халқы көз тігіп отырған өзекті сұрақ десек, артық айтқандық емес. Себебі, сотталғандар тарапынан анда-санда болса да бұрқ ете қалатын қарсылық білдіру оқиғаларына елеңдемейтін ел аз. Мұндай оқиғалардың өршуіне сотталғандарды қазіргідей топтап ұстаудың да себеп болып отырғаны анық. «Камералық ұстау жүйесіне көшсек, ең алдымен біз осы жаппай бас көтерудің алдын аламыз, дейді мамандар. Себебі, топтанып жүргендегідей олардың арасында қарым-қатынас мықты болмайды. Камераға сотталушыларды өздерінің категорияларына қарай орналастырудың да маңыздылығы зор. Мысалы, қазір әртүрлі ауыр қылмыс жасағандар да, ұсақ заңсыздыққа барғандар да бірге ұсталады. Мұндай жағдайда сотталғандардың бір-біріне деген ықпалы да күшті болады. Ка­мерада отырған 2-3 адамды бақылау да оңай болмақ. ҚАЖ қызметкерлері за­манауи­ техниканың мүмкіндігін пайда­ланып ка­мера ішіндегілердің әрбір іс-қи­мылын ба­қылай алады. Камералық жүйеде әр каме­раның жеке жуынатын жері, бөлек дәрет­ханасы болады. Демек, бұл тазалық талабы да көзден таса етілмейді деген сөз.

Бұл жүйенің ұтымды тағы бір тұсы әрі ең бастысы – сотталғандарды камералық ұстау жүйесіне көшіру арқылы жазасын өтеушілердің ғана емес, мекеме қызметкерлерінің де қауіпсіздігін арттыруға зор мүмкіндік тумақ. Себебі, топтап ұсталатын мекемелерде сотталушылардың ішкі тәртібін бақылау қиын екені айтпаса да түсінікті. Баракта жазасын өтеушілердің бір-бірімен ауыз жаласып, жоспар құруына да, өз араларында «жазылмаған заңдарын» емін-еркін жүргізуіне, аурудың тез тарауына да қолайлы екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Мұндай апыр-топыр кезінде сотталушылардың бір-бірімен ерегісіп, оның арты төбелеске ұласып жататын кездер де аз емес. Камералық жүйенің тағы бір артықшылығы ретінде осы салада талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан сақа мамандар – жат дінге кірудің салдарынан қылмыс жасап сотталғандар басқа сотталғандар арасында өздерінің теріс діни көзқарастарын оңды-солды насихаттай алмайтындығын айтады. Себебі, діни лаңкестік әрекеттері үшін сотталғандардың көзқарасын өзгерту өте қиын. Оларға тіптен имамдардың да шамасы келмей жататынын ҚАЖ қызметкерлерінің өздері мойындайды. Сол себепті де ҚАЖ-дың жаңа салынатын мекемелерінде камералық ұстау ерекшелігі міндетті түрде ескерілмек. Мысалы, соңғы 10 жыл iшiнде Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында камералық ұстау жағдайындағы 3 мекеме салынды. Алматы қаласы және Алматы облысы қылмыстық-атқару департаментіне қарасты бір тергеу изоляторы камералық ұстауға көшірілген. Енді Қарағандыдан салынатын колония да сондай болмақшы.

Сотталғандар арасында соңғы кез­дері бас көтерулер немесе өз-өзін жа­рақаттап қарсылық көрсету оқи­­­ға­лары жиілеп кеткені ешкімге жасы­рын емес. Алысқа бармай-ақ, осы жылдың тамыз айында Орал қала­­сындағы РУ-170/2 мекемесінде болған жаппай тәртіпсіздікті айтуға болады. Түзеу колонияларындағы осындай оқыс оқиғалар кезінде «мекеме ішіндегі тәртіп қатаң» деген сөз жиі естіп қаламыз. Алайда, түзеу мекемелерінде «тәртіп өте қатал» деп кесіп айтуға болмайды. Себебі, темір тордың ар жағындағы бас көтерілулердің дені мекеме әкімшілігі жүргізген арнайы тексерістен кейін басталады. Мұны, ҚАЖ мамандары да жоққа шығармайды. Сыртқа жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіретіндердің басым бөлігі біріңғай киім-кешекті киюден бас тартып, ішкі тәртіпке мойынсынғысы келмейтіндер.

Бүлік шығарып, қоғамда «түзеу меке­мелеріндегі тәртіп тым қатал, қыз­­мет­керлер дөрекі» дейтін кереғар пікір қа­лып­тастырғысы келетіндердің көбі мекеме ішіндегі ережеге бағынғысы келмейтіндер екенін осы саланың ысты­­­­ғына күйіп, суығына тоңып жүрген қыз­мет­керлер айтады. Ал ҚАЖ мамандары сол ережеге сай міндеттерді ғана талап етеді. Қылмыстық-атқару жүйесінің ІІМ құ­рамына өткеніне екі жылдан асты. Сәй­кесінше, бақылау қызметін жүзеге асыратын кіші басшы құрам толығымен ІІМ-нің ішкі әскеріне өтті. Қазіргі таңда түзеу мекемелеріндегі ішкі тәртіпті қадағалап, бекеттерде кезекшілікке тұратын, айып­тау-оқшаулау, қабылдау-өткізу бекеттері, ішкі және өндіріс аймақтарына бақылау жүргізу ішкі әскер сержанттарына жүктелген. Бұл, түзеу мекемелеріндегі ішкі тәртіп қатаң бақылауда деген сөз.

Түрме – ол дайын тамақ, киім-кешек пен сейілдеу, ақысыз оқып, емделіп, қалай жүрем өзім білем деп арқаны кеңге салып, сайран құратын жер емес. Түзеу мекемесінің басты міндеті – осында жазасын өтеп шығатын әр адамның алдағы өміріне дұрыс бағыт-бағдар беру, қайтып қылмыс жасап, теріс жолға түсуін болдырмау. Егер сотталғандар түзеу мекемесі әкімшілігінің тәртібіне көнбей, ойына келгенін жасай беретін болса, бұл заң жүзінде олардың өздеріне қайта таяқ болып тиетіні сөзсіз. Сол себепті де кей арандатушылар мен теріс пиғылды топтың «арынын» басып, солардың тарапынан жиі жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуда тәрбие жұмыстарының алар орны ерекше. Қазіргі таңда сотталғандарға нақты көмек қолын созып, олардың жүріс-тұрыстары мен мінез-құлықтарына сараптама жасап отырған психология қызметінің рөлі артты. Сонымен қатар, ҚАЖ мекемелерінде түрлі мәдени-спорттық шаралар (КТК, байқаулар, жарыстар, т.б.) ұдайы өткізіліп тұрады. Бұл да тәрбиелеу мен тәртіпке шақырудың ұтымды тәсілі екені даусыз.

Түзелу әр адамның өзіне және айналасындағы қамқор адамдарына байланысты екені сөзсіз. Алайда, сотталғандардың арасында ешкімі жоқ адамдар да болады немесе бала-шағасы мен жақындары теріс айналып кеткендері де баршылық. Ондайлар бостандыққа шыққан соң барар жері, басар тауы жоқ болып жүреді де қайтадан қылмыс жасап, «үйренген жеріне» қайтып келеді. Ал, еркіндікке шыққан соң жаңадан өмір бастап кететіндер өкінішке қарай, өте аз.

Түзеу мекемелерінде жаза басып жазалы болғандардың алдағы өмірі дұрыс жалғасуы үшін атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз. Алайда, тәлімі берік тәрбиенің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды.

Адамды түзеу оңай іс емес. Майысқан темірді немесе қисық өскен талды түзеуге болар. Бірақ, бір емес бірнеше рет қатыгездікке барып, адам өлтіріп, опасыздық жасағандардың сана-сезіміне саңлау түсіру, тәрбиелеу, өмірге деген көзқарасын өзгерту өте ауыр жұмыс. Осыдан кейін сотталғандармен күнде бетпе-бет келіп, жұмыс істейтін ҚАЖ қызметкерлеріне артылатын ауыртпалықты өзіңіз бағамдай беріңіз.

ТҮЙІН. Байырғы жылдары қылмыс жасап, жазаланған жанды қамау керек болса, қазақ оның қолын артына қайырып байлап, кісе белдігін, бас киімін шешіп, тізерлетіп, бетіне күйе жағып, киіз үйдің керегесіне байлап қояды екен. Белдік, бас киімін шешкені – жігіттік намысынан айырылғанын, тізе бүктіргені – жазасын мойындатқаны, ал, бетіне күйе жаққаны – ел алдында қара бет болғанын білдіртсе керек. Тентегі мен телісін үлкен арбаның доңғалағына таңып, болмаса киіз туырлыққа орап тастап-ақ тезге салып алатын уақыттың өткені түсінікті. Алайда, кісеніміз темір, «киіз туырлығымыз» қатаңдатылған заңға алмасса да қоғам болып қылмысқа алып барар жолды қысқарта алмағанымыз өкіндіреді.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

АСТАНА.