Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Мұқтаждарға компьютер құрастырып береді

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық жастар орталы­ғының жанынан құрылған «Волон­терлердің фронт-офисі» қазір «Bilim», «Say’lyq», «Sabaqtastyq», «Taza Alem», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» бағыт­тары бойынша жұмыс істеуде. Штаб құрамында 695 ерікті бар. Со­ны­мен қатар жастар бастамасымен «Құ­қық­тық кеңес», «Ардагерлерді ардақ­тайық!», «Іздестіру» және тағы да басқа акциялар мен волонтерлік қоз­ғалыстар ұйымдастырылып тұрады.

Мұқтаждарға компьютер құрастырып береді

Жақынға жанашырлық танытатын шара­лардың бел ортасында жүретін волонтерлер індет өршіп тұрған сәтте көптен көмегін аяп қалған жоқ. Жұдырықтай жұмылып, бірлескен істе береке барын дәлелдеді. Абдыраған елдің арасынан табылып, бетперде, антисептикалық құралдар, аурудан сақтану шаралары жазылған үнпарақтар таратты.

Жастар орталығы жанынан ашылған әлеуметтік дүкенге тұрғындардан жиналған вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер жеткізілді. Бастапқы кезеңде дәріханаларда тапшы болған парацетамол, С витамині, дексаметазон, дисоль, натрий хлориді, эуфиллин, тағы да басқа препараттар қайырымдылық акциясы аясында үлестірілді. Дерті жанына батқанымен дәріхана аралауға дәрмені жоқ жандарға орталықтағы автоволонтерлер дәрі-дәрмекті жеткізіп берді. Бұл іске облыс орталығынан 20-ға жуық тұрғын атсалысып, жақсылыққа жұмылды. Еріктілердің бастамасына үн қосқан жастар қала мен аудандарда көпбалалы отбасылардың, жалғызілікті аналардың тізімін жасақтап, оларға бірінші кезекте қажетті өнімдер таратылды.

Жастар «Квант» ЖШС мекемесінен ауруханаларға оттегі баллондарын жеткі­зуді де жүйелі ұйымдастырды. Дертке шалдыққандар қатары күн санап көбейген тұста облыстық жұқпалы аурулар, темір жол, облыстық өкпе аурулары ауруханасына және провизорлық орталықтарға 60 баллон жеткізіліп, еріктілер бір жұтым ауаға зар болып жатқан талайлардың алғысын алды.

Аурудың беті қайтқан қазіргі сәтте де Сыр волонтерлері қайырымдылық шараларын үзген жоқ. Жақында орталықтағы ІТ парктің базасында тұрғындардан істен шыққан компьютерлерді қабылдау басталды. Мамандар ондағы қажетті бөлшектерден іске жарамды компьютер құрастырып, көмекке зәру отбасы балаларына таратады. Қазір жастар 100-ге жуық компьютер жинап үлгірді. Орталық жанынан білім орталығы ашылып, 11-сынып оқушылары ҰБТ-ға тегін дайындалуға мүмкіндік алды, оларға қаладағы мектеп мұғалімдері волонтерлік негізде қосымша сабақтар өткізеді.

Шілде айының соңында облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан аймақтағы волонтерлердің басын біріктіріп, бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Syr Volonterlary» орталығы ашылды. Бұл жұртқа жақсылық жасауға ұмтылған еріктілер қызметін үйлестіруге ықпал етті.

Жаңа оқу жылының басында қиналған жанға қамқорлық танытқан шаралар легі тағы да жалғасын тапты. ҚМДБ-ның Қы­зылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» респуб­ликалық акциясы аясында 220 оқушыға көмек көрсетілді. Бұл істен басқа да демеушілер сырт қалған жоқ. «Қауіпсіз мектеп ортасы» республикалық акциясы аясында демеушілер есебінен тамыз айының ортасына дейін Қызылорда қаласындағы мектептерде оқи­тын 200-ден астам оқушыға компьютер, планшет, ноутбук, оқу құралдары жиынтығы таратылды.

Осылайша Сыр бойында жұртқа жақсы­лық жасауға жұмылған жандар қатары күн санап көбейіп келеді.

 

Қызылорда облысы