Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Таразда тұңғыш рет күрделі ота жасалды

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында алғаш рет қолтық асты лимфа түйіндері арқылы оң жақ кеудеге кеңейтілген секторлық резекция жасайтын бірыңғай ота жасалды. Аталған отаны аурухана хирургтары жоғары деңгейде жүзеге асырды. Осы уақытқа дейін мұндай күрделі оталар тек Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығында ғана жасалатын, деп хабарлайды Egemen.kz

Таразда тұңғыш рет күрделі ота жасалды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Талас ауданы, Қаратау қаласының 46 жастағы тұрғыны диспансерлік есепте "Оң жақ сүт безінің карциномасы,  2-саты"  клиникалық диагнозымен тіркелген.

Науқас  адъювантты емес химиялық терапияның төрт курсынан өтіп, ісіктерінің регрессиясы 50 пайызға дейін жеткен. Сондықтан оған жедел түрде ота жасау туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде білікті де тәжірибелі дәрігерлер Қайрат Төлешев пен  Жандос Сейдахметов интраоперациялық экспресс-цитологиялық зерттеуді қолдана отырып, дерттің ошағын алып тастады. 

"Мұндай отаның басты ерекшелігі – сүт безін сақтауға және қатерлі ісіктің қайталануын болдырмауға бағытталған. Бұрын онкологиялық  ауруларға хирургиялық араласудың басқа тәсілі қолданылатын. Бұл әдістің тиімділігі – қосымша аурудың алдын-алуға да септігін тигізетіндігінде болып отыр. Облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің ізденісі мен үйлесімді әрі табысты жұмысында цитологиялық зертхана қызметкерлері Татьяна Сим мен радиология бөлімінің меңгерушісі Роза Бегимбаеваның зерттеулері маңызды рөл атқарғанын атап өткен жөн", дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева.

Жамбыл облысы