“Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне жер бетінде Сізден лайық адам жоқ”.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының бұл сөзі Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды. Оны ел газеті “Егемен Қазақстан” арнайы көрсетіп, “Семсерден соқа соққан саясаткер” деп аталған арнаулы бетке ойып тұрып беріпті.
Қалай толқымассың! Қалай мақтанбассың! Ел үшін, ел бастаған Ер үшін.
Толқимыз. Мақтанамыз. Ойланамыз, толғанамыз. Қолға қалам аламыз.
Он сегізінші ғасырда өкпені сыққан қос алып империяның қыспағында қалған Абылай хан тордағы арыстанша арпалысып өтіп еді. Қазақтың ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетпеуінің қамын жеді. “Халқымды ынтымаққа сүттей ұйытып, бір ауызды ел ете алмадым, сыртқы жауға қарсы тұрар ғаскер құрмадым, отырықшы қонысқа үйрете алмадым, қала салмадым”, деп аһ ұрып өткен еді. Абылай ханның аманатын арқалаған, сол аманатты іске асырамын деп тәуекелге басын тіккен – Тұңғыш Президентіміз болды. Кешегінің бәрі тордағы тағының арпалысындай жандалбаса күн екен. Қазақ ұлтын ешкім көзіне ілмепті, “Мына жатқан ұлы даланың иесі ғой” демепті. Жер-суы тәркіленіпті, тілі, әдет-ғұрпы табанға тапталыпты. Өз үйінің төріне шыға алмай, есікте жүретін бұратана бодан халыққа айналып, дүниенің қоры кім десе – қазақты көрсететін болыпты.
Дүние теңеспей тұра алмайды. Бір аштықтың бір тоқтығы бар, қарлы бораннан соң көгі дүркіреп көктем келетіні секілді. Жаратқан Ие ұлтымыздың көз жасын көрді. Телегей-теңіз тарих толқынында арқасын ақбас Алатауға сүйеген шағын ауылда маңдайы жарқыраған, көз жанары шоқтай жанған Нұрсұлтан Әбішұлы дүниеге келді. Асылы, біртуар тұлғаның жаратылысы ерекше еді. Тіл алғыш, еңбекқорлығы өз алдына, әлсізге болысқыш, әділетсіздікке көнбейтін, елпілдеп тұратын елгезек мінезі көпшілік ортаға тез танытты. Болат кездік қап түбінде жатпайды. Мектептегі алғырлығы, ауылдастарының аузына жылдам түсетіндігі өзгелерден иығын озық етіп, жаратылысын ерекшелей түсті.
Әуел бастан-ақ жұрт жүрген жолмен жортақтай беретін көптің бірі емес, лидер болуға лайық еді.
Ең бір ерекше қасиеті – қай ортаға болсын судай сіңіп, тастай батып жұғысып жүретіні. Құрбыларына ұқсап ауылдан ұзап шықпайтын, тезірек табыс табатын жеңіл оқуға түсіп, жеңіл кәсіп іздемеді. Бүкілодақтық екпінді құрылысқа өзі сұранды, қияндағы Теміртауға жүрегі дауалап тартып кетті. Өзгелер ат-тонын ала қашатын домнашы мамандығын алғашқы болып игерді. Қазір айтса ертегідей. Мамандығын жетілдіре түсуге Днепродзержинскіге барғанда, шойыны арықтағы қызыл суша лықсыған домна пешін көрген бір жолдасы: “Басым айналды...” деп құлап түседі. Тағы бір серігі арада бірнеше күн өте: “Үйге қайтамын, қорытпашы болу құрысын!” деп қиғылық салады. Осыны көрген украин қорытпашылары: “Бұларды жұмысқа қалай үйретерсің?.. Далада мал бағу үшін жаралған жандар ғой” деп, қарадай түңіледі. “Әй, мынадан ештеме шықпас” деп мұқатқан кекесін сөз шымбайына батып, намысы оянады. Алған беттен қайтпайтын қайсарлығы тұтанады. Жырақта жүріп-ақ еркін күреспен айналысуы, жергілікті ұлт өкілінен дос-жаран табуы – сол баяғы батыл, әрі майлық-сулығы бірдей бесаспап мінез қырынан еді.
Бала жастан үлкен отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірдей көтеріседі. Мұндайда Нұрсұлтан Әбішұлының жастық шағынан естелік келтірудің әбестігі жоқ. “Колхоз әр отбасыға бір гектардан жер кесіп береді. Көктемнен бастап алғашқы қар түскенге дейін бір толастамайтын азапты еңбек. Тұқым сепкеннен кейін ми қайнатқан ыстық күн астында бел жазбай жүріп, осынау гектар қызылшаны сиретіп қолмен жұлуды көзге елестетіп көріңізші. Бел сынады. Ғұмыр бойы есте қалады”, деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев.
Жастайынан заман тынысын жүрегімен сезе жүруі саясаткер сатысына көтерді. Көкірек көзі дүниені ертерек болжады. “Күндердің күнінде үй маңындағы жарты гектардай жерді азайта бастады. Әуелі он сотықты, содан соң тағы да бірте-бірте кесіп ала берді...”. Бұл – өткен ғасырдың алпысыншы жылдар басындағы Хрущевтің жеке қожалыққа шүйліккен солақай саясатының салдары еді. “Әкем ат десе ішкен асын жерге қоятын. Көп ұзамай ат ұстауға тыйым салынды”. Сондағы себеп – жемшөп жекенің емес, тек қана ұжымның қажетіне жаратылуы тиіс. “Ал бірде өз көзіме өзім сенбедім: әкем бақтағы алма ағаштарын балталап құлатып жатыр”. Сөйтсе, әр түп ағаш үшін әрбір отбасы оңбастай етіп салық төлейтін болыпты. “Бір күні маңдайға біткен жалғыз сиырды колхозға өткіздік”, дейді. Себебі, сиырдан колхозға тапсырылуға тиісті май мөлшерінің көптігі сонша, иесіне көк сүті ғана қалады екен. Тақыл-тұқыл, басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейтін, кемшілік қажаған шаруа қожалығы жіңішкере түсіп, ақырында миллиондаған шаруаның өлмелі тіршілігіне, нан тапшылығына соқтырғаны – осы жүрген көбіміздің есімізде. “20 жылда Американы қуып жетеміз” деп жүріп айдалаға лақтық.
Нұрсұлтан Әбішұлы: “Әдетте мені мектепке баруға әтештің шақыруына қарай оятатын, ұйқылы көзбен қалың қарды омбылап, алты-жеті шақырым жол жүріп, мектепке жететінмін. Жеткен кезде кейде сағат әлі 5, не 6 болып шығатын”, “Үйге берілетін тапсырманы орындайтын уақыт тек түн мезгілі ғана. Атқаратын шаруа шаш-етек: малға шөп салу, малдың астын тазалау, су әкелу, отын жару, бақшаны күту, су суғару... Мұның есесіне алтындай қымбат уақытты бағалай білуді үйрендім”, деп шындығын жасырмай жайып салады.
Жылма-жыл шығып жүрген Президенттің күнтізбесіне, уақыт кестесіне назар салыңыз. Бала жастан қалыптасып, сүйекке сіңген сол баяғы “әтештің шақыруымен” ояну секілді – ерте тұру, кеш жату, уақытты алтын ақшадай ұқыпты пайдалану көзге ұрып тұрады. Күйіп кетпей, қалай бәріне үлгерген деп қайран қаласыз.
Өмірдің қызық деталі төмендегіше. Домнада горновой болып жүргенде жас Нұрсұлтан Хельсинкиде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысады. Ол заманда капиталистік және социалистік текетірестің күйіп тұрған кезі. “Қай қоғам құнды” деген мәселені көлденең тартып, пікірсайыс өтеді. Бруклин университетінің Карина Лагодо есімді қызы: “Лауазымды бастықтың баласы боларсың, сіздерде жұмысшыны шетелге жібермейді, қара жұмысқа салып қояды деп естігем”, – дейді. Нұрсұлтан: “Жай жұмысшымын”, – деп жауап береді. Әлгі қыз сенбейді. Нәзік саусағымен жігіттің егеудей алақанын сипап қана көз жеткізеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы неге жетсе де – моншақтаған терін сұқ саусағымен сыпырып, от шашқан домна пешінің қызуына қақталып жүріп жетті. Жоғарыға, билікке сүйреген, қолтығынан демеген я нағашысы, я жанашыры болмады. Өзінің жүрек отына сенді. Қазақ маңдайы жарқырап, болайын деп тұрған жасты көрсе, көргені бар дейді. Бала жастан үлкеннің алдын кесіп өтпей, үлкендердің сөзін құлағына құйып өсті. Жасынан үлкендікке ұмтылды, үлкендерше жүріп, алдына үлкен меже қойып, жақсыға салысып қана байтақ елдік махаббатқа ие болды. Көргені бар – көсемдікке жеткізді.
Көппен көрген ұлы той деп, жұрт жүрген сүрлеумен салпақтап тарта бермеді. Өзге құрбыларына ұқсап жеңіл кәсіпті айналдырып жүріп ақ майға гүрп ете түссем демеді.
Ол заманда қазақ жастары атын естісе де затын білмейтін бүкілодақтық екпінді құрылысқа жазылды, қазаққа таңсық қорытпашы болды. Өзінің кәміл сүрлеуін, даңғылын тапты. Абай айтқандай, жақсыға салысып, жақсы болайын деді, жер білетұғын кісі боп ортасынан оза шауып, көшбасшылыққа, лидер болуға ұмтылды. Әуел бастан “орыстың тілін, оқуын, ғылымын үйреніп” көкірек көзі ерте ашылды.
Бұрын-соңды біртұтас мемлекет орнату тәжірибесі бізде болған емес. Бір желінің бойына көгенделген бұрынғы ұлт пен ұлыстар бас жібі өзіне тиген асаудай әртарап тұсқа басы ауып кетті. “Сен қалайсың?” деген жанашыр болмады. Қиналған, шаршаған сәттерінің куәсі болдық. Қып-қызыл өрттің ішінде жалғыз өзі қалды. Жетпейдінің заманы туды. Қамауға түскен барысша арпалысты.
Соңымызға бір пәс бұрылып қарасақ, біздер бұрын-соңды қазақ жерінде өмір сүрген ұрпақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкершілікті мойнымызға алыппыз. Бұрын ешқандай тәжірибесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет орнатыппыз.
Бұл адамзат тіршілігіндегі қиынның қиыны, кезеңді құбылыс еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып мойнына алған, өз тағдырын елінің тағдырымен ұштастырған, ылғи үзіле берген үмітін жалғаған азаматымыз – біздің Президентіміз еді.
Халқымызды азаттыққа жеткізер, рухымызды биіктетер, алаштың аманатын мойнымен көтерер сын кезең туды. Сол сын кезеңнен сүрінбей өткен Президентіміздің теңдесі жоқ үш бастамаға мұрындық болғаны баршаға аян.
Ең әуелі – жалпақ дүниеге ат ізін салып, барған жерінен бос қайтпай, еліміздің туын аспандатып, еңсесін асқақтатты. Сөзін өткізді. Нешеме алпауыттың бүйрегін бүлк еткізіп, елдегі тұралап жатқан шикізат пен өндіріс көзіне инвестиция тарта білді. Шетел инвестициясы ағыны қатты өзенге ұқсап елге қарай бетбұрыс жасады. Соның арқасында жеті қат жер астындағы шикізат көзіне қол жеткізер технологиясы жоқ... бесаспап білгір маманы жоқ... қаржы көзі тапшы дамушы елден – бұл күнде көмірсутегі өндіруден дүниелік бесінші орынға шықтық. Бұл аз болса, уран шикізатынан екінші орынға көтерілдік.
Екінші: бұл күнде дүниенің тетігін заманға сай білімділер ұстайды. Бұлақ көзін ашудан қаржыны аямады. Қазір озық технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жүздеген жастар жетіліп келіп, елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институтында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. Ғарыштық зерттеу комитетінде, “Жол картасында”, 30 инновациялық кешенді өндірісте топ-менеджерлік іс білетін жастардың қолына көшті.
Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу бел алды. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы – ұлт болып, Елбасы болып, өзін-өзі қамшылаудың айрықша көрінісі. Бұл Президентіміздің үшінші бастамасы. Бәсекеге қабілетті болу үшін адам факторы алғы межеге шығады. Ол адам бәсекеге қабілетті білім алғаны ләзім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ең бір қиын кезеңде, 1993 жылы бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеуге қаржы болмай жатқанда мемлекет өзінің ертеңін ойлады. Халықаралық “Болашақ” стипендиясын тағайындады. Білім берудің қазақстандық моделі жасалды. Білім беру саласында өмір бойы білім алу, өмір бойы іздену; үзбей жетілу тұжырымдамасы алғы межеге шықты.
Елбасы бастамасымен 2003 жылы қабылданған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы айрықша маңызды болды. Бұл бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі қарқын алды. Дүниенің төрт бұрышына шашылып кеткен, жоғалған, қолды болған, уақыт топырағына көміліп қалған, шетел асып кеткен небір ғажайып жәдігерлер қайтып оралды.
Ұлы дала баяғыдан әртүрлі мәдениеттер, тілдер, діндер, ғаскерлер және мүдделер тоғысында қазандай қайнап жатты. Мыңдаған жылдар бойы дала халықтар генераторы болды. Ал жиырма бірінші ғасырда ел ерекше сападағы от беруші адам генераторына айналды. Табиғатымызға біткен далалық ойлау машығы, әдет-ғұрып, дәстүр, не нәрсеге де икемділік, бауырмалдық, еңбекқорлық сан ғасырлық елеу-екшеуден аман алып шығып еді. Далалықтар қоғамдық өзара қатынасқа, табиғаттың құбылмалы кезеңіне мейлінше икем. Икемделе жүріп өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан мінезін жоғалтпады. Жарқырап ашыла түсті.
Мінезділік, табандылық, беттеген бағыттан қайтпау, қалыптасқан ахуалды талдауға, сын көзімен таразылауға, жауапкершілікті шешім қабылдауға, өнерпаздық алғырлықпен шаруа тындыруға келгенде Президентімізден артық адам табу қиын.
Президент – мінездің адамы.
Сол мінезділіктің айрықша үш қырын тілге тиек етелік. Нұрсұлтан Әбішұлы әдеби шендестірумен айтсақ, ұлтын бәйгеге қосатын кемел бапкер секілді. Туған ұлтын әрдайым ұлылап, сылап-сипаумен, қамау терін алумен келеді. Ұлтының басына түскен қай ауыртпалыққа жон арқасын қосыла төсеп, қазақ тұлпарын бәйгеден бірінші келтіруге күш салды. Халқын сүттей ұйытты.
“Қазақстан-2030” атты даму стратегиясы – келешекке қойылған баспалдақ еді. Елге толқын-толқын болып биікке көтеретін жеті түрлі сатыны елестетеміз. Санайықшы: ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайту; елдің саяси құрылымын – президенттік институтты, қос палаталы Парламент архитектурасын қолмен құру; елді ашық рынокқа ыңғайлау; білім беруді, денсаулықты, әлеуметтік әл-ауқатты сатылап көтеру арқылы өмір сапасының ұлттық стандартын негіздеу; экономикадағы голланд ауруын еңсере отырып, көмірсутегі көздерін өндіруден Қазақстанды мұнайлы елдердің ондығына жеткізу; көлік және байланыс жүйесі жолға қойылды; жоғарыдан төменге тік түсетін кәсіби басқару жүйесі, электрондық үкімет қалыптасты. Аталған жеті асудан ат шалдырмай өтіп келеміз.
Ұзақ мерзімді ұмтылысты әлемдік тәжірибеден білеміз. Сингапурды отыз жылдай басқарған Ли Куан Ю өткен-кеткенге қол жайған қайыршы елді өмір сүру деңгейі жоғары, жан басына шаққанда кірісі жиырма бес мың доллардан асатын дамыған мемлекетке айналдырды. Ал қытайлық реформалардың әкесі Дэн Сяопин мерзім ішінде миллиардтан асатын халықтың өз қолын өзіне жеткізіп, үлкен секіріс жасатты. Малайзияның бұрынғы Премьер-министрі Махатхир Мохаммад алпауыт елдердің табанында жаншылған малайлықтарды, елді аз уақыт ішінде тұтас тұғырдай ірі тұлғаға айналдырды. АҚШ-тың өткен ғасырдың отызыншы жылдар басындағы Франклин Делано Рузвельт қолға алған ұлы дағдарыстан шығу жолын алайық. Қытайдағы Дэн Сяопин айдаһарының секірісі, Малайзияның “Перспектива – 2020” жоспары әлгі елдерді ұзақ уақыт іркілістен аман-есен алып шықты.
Дүниенің бас-аяғын білікті маман шешеді, халыққа ұлтжанды кадр қарасады. Құдайға шүкір, озық технологияны жетік меңгерген, “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алып келген білікті, зерек жастар жетерлік. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін небір даңғыл дарындар бар. Осы арада ескере жүрер жәйт шығады. Жапония шетелден білім алып келген мамандардың ешқайсысын мемлекеттік қызметке қоймайды екен. Оларды тек өндіріске, бизнеске жібереді. “Істе, көтер” дейді. Ал біздегі лауазымды кісілер елде жоқ кеңшілік жасап, жастарға көтере алмайтын жүк артты.
Әлгі жас маманның біразы ұлттық салт-дәстүрді білмейді. Өмірлік тәжірибесі кемшін түсіп жатады. Өз деңгейі, өз оқыған-тоқығанымен елдегі өмірді қабыстыра алмайды. Айдан түскен адам секілді жүреді. Осыдан барып екі арада, ел мен билік арасында түсініспеушілік, бос кеңістік туындайды. Біраз жастың көп шаруаның басын қайыра алмай, қарақан басынан, қалтаның қамынан аса алмай, сүрініп-жығылып жататыны жасырын емес. Бұл мәселенің бергі жағы.
Басшылықта көптен жүрген, тәжірибе жинақтаған ортан қолдай маманның біразы көп мәселеде жалтаңкөз болып, жан бағудың жолына түскен. Халық үшін жанын беретін, шаруаға жаны ашитын маман азайды. Билік басынан айрылып қалмаудың жолын ойлаған жалпақшешей жалбақайлар жеткілікті. Қызмет үстелінен тістей қатып айрылмай, елдің көзіне алпауыт болып, бастықтың көзіне қойдан жуас қоңыр қозы болып жан бағып жүрген дымбілместер де жеткілікті.
Мемлекеттік қызметке ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын терең білетін кісілер екшеліп алынса, қанекей. Мұндай адамдар ешкімге жалпақтамайды, жөн сөзін кесіп-пішіп айтады. Ұлтқа жаны ашиды. Ұлтына жаны ашыған адам мемлекетшіл болады. Елбасының төңірегіне уақыт өткен сайын мемлекетшіл, турашыл мамандардың топтасқанын қалар едік.
Адам үлкендікке жету үшін ең әуелі үлкен істер тындырады.
Бір пәс әдеби аллегория, шендестіру тәсіліне жүгініп көрелік. Ғайыптың күшімен қазіргі кезеңнен ауысып, ХХІ ғасырдың ортасына топ етіп түселік дейік. Сол ХХІ ғасыр биігіне бір көтеріліп, соңымызға қарап көрелік. Алды-артымызға көз сала үңілейік. Кешегі күңгірт заман белесінен қараған Абай: “Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған; Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр; Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған”, деп мұңайған еді. Ал енді ХХІ ғасыр биігіндегі біздің көзімізге не шалынар екен? Басты-басты белестердің өзі көзді тұсап, көңілді қыран қанатынша шалқытады. Айтса – адам сенгісіз.
Тәуелсіздік алып, өз қолы өзіне жетіп, егеменді ел болған Қазақстан... Семей ядролық полигонының жабылуы... Ата заң – Конституциямыздың қабылдануы... Мыңдаған жылдар әрі тарт, бері тарт болып жанжалмен өткен жер дауы біржолата шешіліп, шығыстағы Қытай мен батыстағы Ресей империясымен шектесетін шекараға сызық сызылып, қарала қада қадалып, кадастрлік картаның БҰҰ архивіне мәңгілікке тапсырылуы... Ел ордасының Алматыдан Сарыарқа кіндігіне көшуі... Астана қаласының салынуы... Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дүркіреп өткен үш съезі... Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі... тағы басқа жоталы істер бір кісінің өмір жасына жетіп артылады. Бір кісінің есіміне байланысты аталатын тарихи оқиғалардың толық емес тізбегі осы!
Бұл тізбекті осыдан елу, алпыс жыл өткен соң да тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен байланыстырып жазады. Тарихқа айналған әлгіндей жоталы белестерді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімінсіз елестету мүмкін болмас!
Бір басының бақытын елінің бақытымен байланыстырған деуіміздің мәнісі осы.
Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі күні бүгінгідей жадымызда: “Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – Қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. ...Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!” – деген сөзі көкейімізде.
Елбасының әр күні, әр сағаты қауымының, қоғамының, елінің тағдыры үшін күреспен өтіп келеді. Тәуекелге барып, тәуелсіз мемлекет құрды. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Қазақстанды ғана емес, әлемді доптай дөңгелетіп, түркі әлемінің көшбасшысына айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлының сабасынан аспас сабырлы мінезбен, тізгінді тең ұстай отырып, сырт көзге еркін әңгімедей көрінсе де, тұңғиық толқыны екшеп шығарғандай жарқын ойдан туындап, шашаусыз дәлелге жүгінген жанды сөздері, іргелі білімі тауы шағылмас табиғи ақылдың өресін танытады. Тарихымыздың ұңғыл-шұңғылын талдап тарата отырып, кей тұста мақал-мәтелмен матап, батырлар жырын, айтулы ақындарды жатқа айтып жібергенде, өз олқылығыңды іштей сезіп қаласың. Нұрағаның әуелетіп ән салу өнері өз алдына. Мұның сыры не дегенде, хат тани бастағаннан ол ауыл қарияларының көзі мен құлағы болыпты. Қариялар алдында қиссаларды түннің бір уағына дейін оқиды екен. “Өзге халықтың әдебиетінің, мәдениетінің қадір-қасиетін білу үшін де, бағалау үшін де алдымен өзіңді біл. Өнер мен тарих ақиқаты да салыстырудан туады. Ол өзгенің өзіңде жоқ қасиеті бойыңа жұғымды болу үшін қажет. Ел басқару ауыр сын. Кейде сонау ыстығы екі мың градустық домна пешінде құрышты қаймақтай қайнатып жүрген кездерімді аңсаймын. Онда ауысым біткен соң не оқимын десең де еркің өзіңде еді. Қазір, міне, халық сенімін арқалап, қайткенде қиын кезеңнен өткізем дегенді ойлағанда – еңсең езіліп түн ұйқың төрт бөлінеді. Шүкір, мұндайда бір-ақ сенім бар. Ол – талай ауыртпалықты бастан кешкен халқымыздың сабыр-төзімі”, дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Астананы құру кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы әйгілі сәулетшілердің алдына үш бірдей талап қойды. Бірінші: өткен тарихымызды басқыш етіп, келешек заманның таңғажайып құбылысының пердесін ашар жаңашылдық егіз өрілуге тиіс. Екінші: ұлы даланың ерекшелігі арман көкжиегіне ұласардай ұрымтал тұстардан көрініс тапса деді. Үшінші: әрбір кешенді ғимарат дүниенің келбетін ашатын пәлсапалық көзқараспен салынуға тиіс. Күн санап іске аса бастаған айшықты меже осы еді!
“Жаман кітапты оқымай қоюға болады, нашар музыканы тыңдамай шығып кетесің, халтура сурет қоймада өледі. Атүсті сызылған сәулет көзге күйік болып ғасырлар бойы қалқиып тұрады. Сәулет өнері дүниені өзгерте бастады, планетаны байытты, өркениет сатысына айналды” – мәртебелі Президентіміздің сөзі осы!
Әуел баста самұрық құстың ұясына ұқсатып, жер шарын зәу биікке көтерген Бәйтеректі, Президенттік мәдениет орталығын, Ақбұлақ жағасындағы қолына сусын толы шара ұстап, күнбатысқа көз тіккен Ел ана монументінің нобай-нұсқасын қарындашын қатты ұстап, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі сызған еді. Сәулетшіге, мүсіншіге “былай жаса” деп тапсырма берді. Сызбалардың Президент сызған алғашқы нұсқасы бүгінде Тұңғыш Президент музейінде сақтаулы. Небір ғажап ғимараттың бастапқы нобай-нұсқасын ақ қағазға түсірген қай елдің президентін көргеніңіз бар еді!
Осындайда дүниелік өркениеттің белгісіне айнала бастаған ерекше дәстүр еске түседі. Кемелденген ел бүгінгі таңда – арғы-бергі тарихына, дәстүріне, салтына арнап ғажайып музейлер мен орталықтар құруды қолға алды. Бұл іске атышулы сәулетшілер шақырылып, ат шаптырып дегендей, бәйге белгіленеді. Үздік шыққан нобай-нұсқаға ел қаржысын, күш-жігерін аямай жұмсайды – оған Президенттері аяғынан тозып, бас-көз болады. Дарынды көркемдеуші-дизайнер, суретші, мүсінші әулеті әлгі шаруаға бір кісінің баласындай кірісіп кетеді. Бізде де осы дәстүр жандана бастады. Президентіміз астананың Бас архитекторы мәртебесінде өзі де биіктеді, өзгені де биіктетті.
Ұлан-ғайыр даланы мекендеген ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, кесір атаулыдан безініп, кемелденуге жетелеп, кешегі арманда кеткендердің нақақ қаны мен алда оза шауып жүргендердің мөлдір үмітін таразыға салудан жалықпай келе жатқан бір кісі болса, ол – Президентіміз.
Жаһандану көшіне ұлтымыз өзінің ғасырлар сынынан өткен рухани құндылығымен қосылмақшы.
Мына бір теңеуге назар салыңыз. Мексика бұғазынан серпін алып, Атлант мұхитын қылдай қақ жарып өтіп, қиырдағы Солтүстік мұзды мұхитына жетіп жығылатын жылы ағыс – гольфстрим бар. Осы жылы ағыс болмаса Еуропаның ауа райы күрт өзгеріп, суытып кетеді екен. Май тоңғысыз лебімен көне континенттің бойына қан жүгіртіп, жыл он екі ай көгалға бөлеп тұрған жылы ағыстың қасиеті. Дәл сол секілді – Еуразия кіндігін мекендеген қырық ру халықтың ауыз бірлігін, тыныш өмірін сақтап келе жатқан қазақтың бауырмал, кең қолтық, кешірімшіл мінезі дер едік. Бұл жерде қазақ ұлты жылы ағысты еске түсіреді. Діні, дәстүрі бөлек қаншама халықты сүттей ұйытып отырған ауыз бірлікті аруағынан айналсақ нетеді.
Осы ретте Еуразия жүрегінде күн сайын келісім мен жарасым күн шырағын жағып отырған Президентімізді бейбітшілікке үлес қосқаны үшін мына дүние дидарындағы қандай биік сыйлыққа да лайық деп білеміз. Батыс пен Шығыс бір-бірімен алакөздене бастаған қазіргі таңда ондай мәртебеге нағыз лайық адам – Қазақстан Президенті Назарбаев. Осы ойды әр қазақ бойына саналылықпен сіңіріп, ақылға салып, байсалдылықпен қолдағанына не жетсін. Өзімізді өзіміз көтермесек, бізді кім алақанына салар дейсің!
Бұл атақ түптің түбінде, келешекте Қазақстанның бірлігіне, абыройына қызмет етеді. Өркениет басқышына аяқ салған өзге елдердің көзіне түсіп, иығы биіктейді. Қазіргі заман тарихының аса күрделі кезеңінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстанның мәртебесі бұрынғыдан бетер жарқырап көрінер күн жақын. Қырып-жою қаруының жаңа елдердің қолына тие бастағаны, лаңкестік, экологиялық апат, энергетика көздерінің азаюы және ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар күресінде біздің лидерімізге күш-жігерін еселей түсуге жол ашады. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға басқаша көзқарас қалыптасар еді. Еңбегіне қарай – мәртебесі деп халық боп қолдар еді!
Батыс пен Шығысқа бірдей көз жіберіп, жақсылығын жарқыратып, кемшілігін күйіне сынап үйренген саңлақ саясаткерлер қаперге алса, қанекей. Үйреншікті марапат, кезекті рәсім болмайды бұл. Халықтың көкейінде жүрген жүрек лүпіліндей сезілер. “Бұл күнді өмір бойы күтіп келдім”, деп Лениндік сыйлық алғанда Әуезовтің айтқаны бар. “Адресін дөп тапқан шешім” деп ел қуанар. Дүниелік дағдарыс уағында атышулы сыйлықты Қазақстан кемесін су астындағы қақпа тас, жартасқа ұрмай, алыс жағалауға бұрып жіберген бірбеткей басшының бірбеткей тәуекеліне берілген сый деп түсінер едік.
Ендеше – кемедегінің жаны бір қауымның атынан – Елбасымызға қаратып: кемелдене бер!.. Кемелдену көкжиегің түгесілмесін, елжанды кемеңгерім, деп тілейік!