Сұхбат • 22 Қыркүйек, 2020

Аяған Сандыбай: БАҚ адамдарды жаңаша ойлауға тәрбиелеуі тиіс

397 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Отандық медиа кеңістікте өз орны бар республикалық «Мысль» журналы жуырда ғасырлық межесін атап өтті. Біз осы айтулы оқиғаға орай журнал редакциясындағы әріп­тестеріміз­ді құттықтай отырып, басылымның бас редакторы Аяған Сандыбаймен тілшіміз жүргізген сұхбатты оқырман на­зарына ұсынамыз.

Аяған Сандыбай:  БАҚ адамдарды жаңаша ойлауға тәрбиелеуі тиіс

– Аяған Өтенұлы, сізбен сұх­батқа дайындық барысын­да журналдың соңғы жыл­дар­дағы нөмірлерімен танысып шықтым. КСРО кезінде еліміз­дегі басты басылымның бірі болған журналдың моделі мен мазмұнын қазіргі форматқа лайықтап, тәуелсіз мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы сұрақтарына толыққанды жа­уап беретін тақырып бағдарын қалыптастыра білгендеріңіз кө­рініп тұр.

– Иә, журналдың «Мысль» деп аталуының өзі көп жайдан хабар беріп тұр. Шынында да ин­телектуальдықты өзінің не­гізгі бағыты етіп алған біздің жу­р­нал­дың мақсаты да адамдарды жа­ңаша ойлауға тәрбиелеу еке­ні айтпаса да түсінікті. Біз осы жол­ды күні бүгінге дейін бе­рік ұстанып келеміз. Журнал 1990 жылдарда ең ауыр кезеңді басынан өткерді. «Коммунистік партиядан мұра болып қалған мұндай басылым өзін-өзі ақтамайды» деген секілді сыңаржақ көзқарас пайда бола бастаған кезде Алтынбек Сәр­сенбаев, Анатолий Гурский, Жұ­мабек Кенжалин сияқты азамат­тардың жанкештілігімен журнал өз жұмысын тәуелсіз елдің басты басылымдарының бірі ретінде одан әрі жалғастыра білді.

Журнал сол жылдары өзінің өмір сүруге құқы бар екенін толық және түпкілікті дәлелдеп шықты. Егемендіктің алғашқы жылдарын­да көптеген ақтаңдақтардың бетін ашып, демократиялық жолға қа­дам басқан жас мемлекетімізде адам­дардың құқығы мен бос­тан­­дығын қорғау жолында айтар­­­лық­тай еңбек етті. Жалпы құқық­тық және ұлтаралық қатынас мә­­дениетін арттыру мәселелерін үне­мі көтеріп, көпұлтты Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін одан әрі нығайтуға белсене қатыс­ты. Біздің басылым сонымен қатар экономикалық қарым-қатынасқа көшкен Қазақстанның қарапайым азаматтарының бойында нарықтық психологияны қалыптастыруға да көп көңіл бөлді.

– КСРО жүйесіндегі 70 жылда – біздің тарихымыз. Та­рих­ты бөлшектемей, тұтас қа­­ра­ғанда ғана ақиқат анық­та­лады. Тарихшылар Қазақстан коммунистік партиясының мінбері болған газет-журнал­дардың тарихын зерттеуге аса ықылас таныта қоймайтын сияқ­ты. Сіз басқарып отырған жур­налдың жүріп өткен жолы лайықты зерттелді ме?

– Бүгін 100 жылдық мерейтойына абыроймен жетіп отырған журнал әу бастан өзіндік салмағы бар салиқалы басылым болғанын жоққа шығаруға болмас.

КСРО кезіндегі партиялық ба­­сы­лымдардың тарихы – қоғам үшін әлі түрен түспеген тақырып. Бәлкім, бұл факторға баламасы жоқ коммунистік режім де себеп болған шығар. Өйткені, ұзақ уақытқа дейін бізде алтернативті жүйе болмағанын қазір дәлелдеп жатудың реті де, жөні де жоқ. Осы басылымдардың тарихына үлес қосқан тұлғаларымыз өткен ғасырдың отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырады. Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтан бастап қазақ зиялыларының бі­ра­зы партиялық басылымдарда қыз­метте болды.

Республикалық қоғамдық-сая­си «Мысль» журналы 1920 жыл­ғы қыркүйек айынан шыға бастады. Осы кезге дейін бірнеше атпен шық­қаны көзіқарақты жұрт­шы­лық­қа жақсы белгілі. Алғашқы нө­мірді шығару сол уақыттағы би­лік­тің ұйғарымымен елдегі баспа өнім­дері редакциялық алқасының төр­ағасы В.Мюратқа жүктелді. 1920 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ АССР-нің құрамына Орын­бор губерниясы қосылды. Орын­бор республика астанасы атан­ды. Келесі күні Кирбюро президиу­мының мәжілісі екі журналды – «Известия облбюро» мен «Извес­тия Оренбургского губкома РКП (б)» басылымдарын біріктіру жө­нінде қаулы қабылдады. Жур­налдың уақытылы шығуына Мұ­хам­мед-Хафиз Мырзағалиев жа­уап берсе, өлке бойынша ма­те­риал­дарды А.Анохин, ал губком бойынша материалдарды П.Жу­равский жинады. 1921 жылы 21 нау­рызда Кирпартбюро құрамы жаңартылды. Оның мүшелері болып В.Радус-Зенькович, А.Авдеев, А.Анохин, П.Журавский, С.Мең­дешев, М.Мырзағалиев, М.Сама­тов, Ә.Жангелдин бекітілді. Осы оқиғамен қатар басшылықтың декреттері мен қаулы-қарарларын орналастыру үшін – «Известия Казкрайкома РКП (б)» атты журнал шығару мәселесі көтерілді.

Өткен онжылдықтардағы жур­нал­дың сарғайған беттерін ақта­рып отырып, бүгінгі оқырман үшін де өте қызықты фактілерді та­басыз. Айталық, елдің бә­рін аласапыранға түсірген жал­ған ғалым Трофим Лысенконы ке­зінде аспанға көтерудің өзі қан­дай күлкілі болған десеңізші. Не­месе біздің әдебиетіміздегі Та­йыр Жароков пен Қуандық Шаң­ғытбаев сияқты классиктердің ше­берліктеріне шек келтіріп, оларды түкке алғысыз қылғандарына да қарның ашады. Алексей Брагиннің «Неосуществленный замысел. О сборнике «Казахская советская поэзия» мақаласынан соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке айрық­ша мән беріле бастағанын байқауға болады. Сұрапыл соғыстан кейін рухани дамуға ден қойған ел үшін қуанасыз. «Егер бізде бірде-бір ақынның кітабы ескерусіз қал­майтынын еске алсақ, онда «Қазақ совет поэзиясы» жинағын шығару республиканың мәдени өміріндегі елеуді оқиға екені айтпаса да тү­сінікті» деп ой қорытады автор. Қа­­зіргі заманғы жазушыларымыз осы жолдарды оқып, сол кез­­дегі қаламгерлерге жасалған қам­­қорлыққа қызыға қарайтыны сөзсіз.

Ал қазіргі таңда журнал адамдарды ойлауға тәрбиелейтін құ­рал екенін батыл айтуға болады. Бүгінде журнал қоғам мен мем­лекеттің барлық өзекті мәселеле­рін ашық, еркін талқылауға ар­налған ашық алаңға айналғанын мен мақ­танышпен айта аламын. Ба­сы­­лым қазіргі заманғы саяси, эко­­номикалық, әлеуметтік, мә­де­ни процестерді объективті, те­рең талдауымен ерекшелене­ді. «Мысль» журналы нөмірден нө­мірге әдебиеттің, музыканың, ха­­лық шығармашылығының озық үлгілерін насихаттай оты­­рып, Қазақстан халқының ұлт­тық санасын қалыптастыруда әлеуметтік маңызы бар жұмыс­тар ат­қарып келеді. Ең бастысы, осын­дай тарихы терең журналды сақтап қала білгеніміз, оның өзіне тән қоғамдағы орнын жаңа тәуелсіз еліміздің саясатын іске асыруда тиімді пайдалана біліп отырғанымыз да парасатты іс деп түсінемін.

– Сіз жуырда журналис­термен кездес­кен кезде журнал 1990-2000 жыл­­дар аралы­ғын­да ұлт­тар ара­­­сындағы ауыз­бір­ші­лікті сақ­­тап қалуға басымдық берді де­ген едіңіз...

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарында отандық баспасөзде негізгі үш басым бағдарды қа­лып­тастыруға талпындық: Бі­рін­­­­шіден, нарықтық психология мә­­­­­дениетін қазақ жерінде қалып­тас­тыру. Екіншісі, құқықтық мә­дениетті орнықтыру. Үшіншісі, этносаралық тұрақтылық мәде­ние­тін сақтап қалу. Өмір алға жылжып жатыр. Құндылықтар өзгер­­ді, құндылықтарға деген көзқа­рас­тар да өзгерді. Біз де заман­ның ағы­мына қарай көшімізді сол өзгеріс­терге бейімдеп отыруға тырысамыз.

– Журналдың қазіргі мате­риал­дық-техникалық жағ­дайы­на тоқтала кетсеңіз?

– Кеңес Одағы тарағаннан кейін бір миллион тиражы бар «Коммунист» журналы ресей­лік «Свободная мысль» атанды. «Пар­­тийная жизнь Казахстана» «Мысль» деген атты иеленді. Мы­­на жайтқа назар аударуыңыз­ды сұ­раймын, бүгінде біздің тара­лы­мымыз мәскеулік басылыммен бірдей, бірақ штатымыз бес есе кем. Бұл – әрине, ойланарлық мәселе.

Мен бұрын орыс тіліндегі жур­­­­налистер арасында мықты ре­­­д­ак­торлар тапшы деп ойламап­пын. Қазір сондай жағдайды бас­тан кешіп отырмыз. Журналис­тердің біразы бизнеспен айна­лысып жүр. Көп мамандар ұлт­тық компаниялардың пиар менедж­ментін басқаруға кетті. Содан ке­­­йін журналды сақтап қалудың, оқырманды жоғалтып алмаудың бүкіл мүмкіндігінің жалына жармасып, тіршілікті жалғастырып жатқан жайымыз бар.

– Қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту атүсті қарайтын мәселе емес.

– Әрбір қазақстандық өз елінің тарихын білуі тиіс. Әрбір мақала оқырманына ой салып тұруы керек. Қазақ мың өліп, мың тірілді. Әлемде әуелі тілін, сосын өзін жоғалтып алған қанша ұлт барын ешкім санап жатқан жоқ. Көне иврит тілін қайта тірілтіп, халық болып қайта бас көтеру мүмкін­дігі еврей ұлтына ғана бұйырға­нын жақсы білесіз. Біз халқымыз­дың ірі тұлғаларын құрметтеп, олар­дың ерекше қасиеттерінің негі­зін­де жас буынды тәрбиелеуіміз керек. Айтатын мысал көп. Таң кал­мау мүмкін емес, Алаш арыс­тарының қайсысын алсаңыз да, сегіз қырлы, бір сырлы. Орман-инженері Әлихан Бөкейханов сая­саткер, журналист, редактор, экономист, жерді пайдалану са­ласының мамандығын игерген. Мұхамеджан Тынышбаев – инженер-теміржолшы, тарихшы, этнограф. Бері келсек, Қаныш Сәтбаев – атақты геолог, ауыз әде­биетін зертеуші, ағартушы, Ебней Бөкетов химик болуымен қатар керемет аудармашы, кө­семсөзші (оны кезінде әйгілі «Ли­те­ратурная газета» қызметке ша­қырған). Бұрындары бір зиялы алаш азаматы ұлттық мәдениетті, тілді, ділді сақтау мен дамыту жолында бүгінгі жүз қандасымыздың жұмысын атқарған.

– БАҚ коммерцияланса, идео­­логия екінші орынға ысы­ра­лады деген пікір бар. Мұ­ны айтып отырған себебіміз, ком­мер­­цияландырудың ауылы алыс емес сияқты.

– Ол күнге де жетерміз. Он­дай жағдайдың біз үшін артық­шылықтары мол екені даусыз. Бі­ріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қосымша қаржы көзі пайда болады. Екіншіден, баспасөз еркіндігіне жол ашылады. Десек те әзірге баспасөзге ықыласы мен ынтызары ауып отыр­ған бірде-бір олигархты көр­ген жоқпын. Ал шетелде, Жапо­ния мен АҚШ-та бірнеше тарихы те­рең басылымдардың артында мық­ты құрылтайшылар тұр. Ал біз­де басқаша. Жер көлемі үл­кен болғанымен, ақпараттық ке­ңіс­тіктің мүмкіндігі шектеулі. Одан бөлек, ақпараттық технология дамуының салдарынан әлеу­меттік желі мен сары басылым­дарды дәстүрлі БАҚ-тың қатары­­на қосуға арланбайтындар көбей­­ді. Бұл – қауіпті құбылыс. Кейбір сайттар, порталдар оқыр­ман­ды тарту үшін шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратуды әдетке айналдырып барады. Со­циум осы қақпанға түсіп қалып отыр. Сондықтан болар, қазіргі қо­ғамда дәстүрлі бұқаралық ақ­па­­рат құралдарының жанкешті ең­бегі дұрыс бағаланбайтын үрдіс белең алды. Бұл – әрине, уақытша құбылыс. Қоғам бәрібір дәстүрлі басылымдарға қайта бет бұратыны сөзсіз.

– БАҚ пен қоғамдағы негізгі проблема не?

– Мен БАҚ төрт бағытпен ал­ға жылжи алады деп сене­мін. Олар – либералды, демо­кра­­­­тиялық, коммунистік, әлеу­мет­­­­тік-жауапкершілік бағыт болып бөлінеді. Әлемдік ақпарат ке­ңістігіндегі бұқаралық ақпа­рат құ­ралдарынан осы төрт ба­ғыт­тың бояуы байқалып тұ­рады. Біздің отандық БАҚ аталған ба­ғыттардың арасында өз жолын табуы тиіс деп ойлаймын. Сөз жоқ, біздің менталитет басқалар­ға қарағанда өзгеше. Себебі, 300 жыл отар ел болдық. Ендігі мақсат сол құлдық санадан азат ұлттық сананың деңгейіне көтерілу керек. Мысалы, мен туып-өскен өлкеде тұрғындардың 17, облыс орталығында 5 пайызы ғана қазақ болды. Жас кезімде ауламызда ең болмаса жартысынан астамы қандастар болса екен деп армандайтынмын. Қазір біздің ауладағы тұрғындардың 100 па­йызы – қазақтар. Бірақ ана тілін­де сөйлейтіндер 17 пайызға же­тер-жетпес. Ұлттық сананы қалып­тас­тыруға ерекше мән беру керек деп отырғаным да сондықтан.

– Сіз орыстілді публициссіз. Осы тілге деген ықыластың әлеу­меттік астары туралы ойла­нып көрдіңіз бе?

– Сөз жүзінде ана тілімізге еш­кім қарсы шығып отырған жоқ. Бәрі қолдайды. Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға және тұғырын бе­кіту мақсатында бюджеттен қо­мақты қаржы да бөлінеді. Осы ретте танымал сықақшы Михаил Жванецкийдің «Әзірге қазақтар бар кезде, мен орыс тілі үшін алаң­дамаймын» деген сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Тіліміз өз елінде, өз жерінде өгейлік күйін кешпеуі үшін не істеуіміз қажет?! Қазынаға бай, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орындағы бай­тақ жерге ие болып отырмыз. Белгілі фольклоршы, ориенталист, түркітанушы Василий Радлов ке­зінде былай деген екен: «Мен бүкіл әлем тілдерінің ішінде мына үш тілді ұлы тіл санаймын – орыс, француз, қазақ (түркі тілдерінің бірі)».

Дей тұра, жаһандану заманында қазақ тілі толыққанды ком­муникация құралы бола алмай­ды дейтіндер көбейіп барады. Бұл – бос сөз. Түркі әлемінің ең бай, ең икемді тілінің әлеуетін толық сезіну үшін қазақ отарлық пси­хологиядан, демек өзімізді өзі­міз бағалай білмеуден толық құты­луымыз керек. Онсыз біз ата-бабамыз армандағандай ел бола алмаймыз.

– Аяған Өтенұлы, сіз КСРО-ның соңғы жылдарында Казақ телеграф агенттігінде жұмыс істе­­діңіз. Сол жылдары агенттік өз­ге басылымдар үшін бет тү­зей­тін құбыламен бірдей болды. Бұл агенттіктің ерекшелігі неде?

– Иә, ҚазТАГ-та тоғыз жыл қыз­­мет атқардым. Басты назарды нақтылыққа бағыттадық. Мысалы, қазір келер жылы бәлен жерде зауыт салынады деп бастала­тын жарияланымдар көп. Біз соң­ғы жылдары біткен тірліктің нә­тижесі емес, бітпеген, қолға алын­баған жобалардың мүмкіндігі жайлы эйфориялық сезімдерге көбірек бой ұрып кеттік. Мен мұн­дай ақпараттарды, тіпті сарап­тамаларды да жарым-жарты­лай фейк ақпарат деп танимын. Бүгін мемлекеттік деңгейде қар­­жыландырылып жатқан мемле­кеттік бағдарламалардың тағдыры ертең қандай күйде болатынын ешкім білмейді. Сондықтан кез келген салада нақтылыққа ба­сым­дық бергеннен ұтылмаймыз. Ақ­па­рат агенттігінің ұстанымы осы тө­ңіректе болуы – оның нақты ерекшелігі.

– Көптеген сарапшылар қазақ журналистикасында мо­дера­торлар институтының қалып­таспағаны журналис­тер­дің бел­гілі бір салаға мамандануына кедергі келтіретінін айтады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бізде әртүрлі бағыттағы инс­титуттар енді қалыптасып келе жатыр. Бірақ штат, қаржыландыру жағы кемшін. Ал мемлекеттің балансындағы институттар мүм­кін­діктерін әртараптандыруға асыға қоймайды. Себебі, жеп отырған нандарынан айырылып қалғысы келмей, тек өздерін қаржыландырушы тараптың қалқаны немесе қорғаны болумен ғана шектеліп отыр. Тіпті мем­лекет қаржыландырып отыр­ған, жағдайы бар институттар қоғамды толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ете алмаса, дұрыс бағдар бермесе, қоғамдық ұйымдар немесе жекелеген тәуелсіз сарапшылар не істей алады?! Олар Ба­тысқа да, Шығысқа да, тіпті ғарыш пен ауыл шаруашылығына да пікір айта беретін «әмбебап» сарапшы емес, өз саласына маманданған тұлға болуы тиіс.

Қазір ақпараттық кеңістікте белсенділік көрсетіп жүрген бес-алты сарапшы бар. Олардың пікі­рінде тереңдік бар ма, жоқ па деген мәселеге жауап беру – менің міндетім емес. Сарапшының парызы – биліктің жыртығын жамау емес, халыққа жұмыс істеу. Басқаша айтқанда, алдыңғы шепте жүріп, қауіптің алдын алып, ой салу. Егер біздегі сарапшылар белгілі бір салаға маманданған кезде журналымыздың тұрақ­ты спикерлері де солар болуы керек еді. Тәуелсіздіктің 28 жыл­дық та­рихында да мүлт кеткен тұс­та­рымыз баршылық. Бұл кезеңде үш толқын өсіп-жетіліп, аренаға шықты. Бір ғана өзгеріс бар. Ол – бір көрпенің астында жатсақ та, жүз түрлі түс көріп оянатын халыққа айналдық. Бір кездері отар ұлт болғанын әлі күнге дейін ұмытқысы келмей жүрген ұлт біз ғана шығармыз. Қоғамдық сананың деңгейі оның әл-ауқатына әсер етеді. Жан-жағы таза, көркем болып тұрса, адам мұндай төмендікке бармайды.

Қазақ журналистикасының проб­лемалары бір басынан асып жатыр. Мықты мамандар даяр­лау ісінде жүйе жоқ, ұлттық бағ­дарлама жоқ. Сондықтан журналис­тика факультеттерін жан­дандыру үшін күндіз-түні жұ­мыс істеу керек. Бұл бағытта көш түзелсе, ол міндетті түрде оң нәтижесін береді. Өз тарапым­нан Мемлекет хатшының хатшылығында қызметте болған кезімде ұсыныс жасап және оның кажеттігін дәлелдеп, журналис­тика саласына заманауи мамандар даярлайтын шетелдегі белгілі университеттерге жастарды жібе­руді жолға қойдық. Содан бері «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша жыл сайын жас журналистердің білім алуына мүмкіндік туды.

– Осы ойыңызды тереңдете түссеңіз. Өйткені, әріптестеріңіз сізге «таққа емес, БАҚ-қа ба­сым­дық беретін журналист» деп баға бергенін жақсы білеміз. Қор­даланған проблемалардың ше­шілуіне ықпалыңызды тигіз­геніңіз туралы егжей-тегжейлі айтып өтсеңіз!

– Бұл теңестіру, әрине, ар­тық­тау болар. Жоғарыда айтып өткендей, Қазақ телеграф агент­тігі елдегі ең беделді ақпарат құ­рал­дарының бірі және бірегейі еді. Штаттық кестесі 200 адамға жуық, әр аймақта білімді, азулы, абыройлы тілшілеріміз және фототілшілеріміз болды. Кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 200 адамнан 20 шақты жур­налист қалды. Сол кезде Пре­зиденттің Баспасөз қыз­ме­тінде жұмыс істейтінмін. Қа­зақ­стан журналистерінің бірінші кон­грессі ашылуы қарсаңында Елбасының баяндамасына екі ұсы­ныс жасадым. Біріншісі, әл­сіреп жатқан агенттікті тірілту. Өркениетті елдер сияқты толық­қанды заманға сай ақпарат тарату орталығын нығайту, күшейту. Тек қана мәтіндік және фото ха­барлар емес, қосымша аудио-бейнехабарларды бүкіл әлемге тарату керектігіне назар аударттым. Ол үшін Президент телерадио кешенін ҚазТАГ-қа қосуды ұсынғанмын. Өйткені, менің па­йымдауымша, Ақордадан қашан­да болса бірізді ақпарат таралуы керек. Телесюжеттер, радиоха­барлама және газет мақаласын­дағы мәтіндер бірізділікпен жазылуы тиіс. Бұл – халықаралық кәсі­би талап. Бұл ұсынысым назар­ға алынды. ҚазТАГ Қазақ ақпарат агентігі болып, шығармашылық ұжым қалпына келтірілді. Шүкір, еліміздің басты ақпарат құрылымы өз орнын осылайша қайта тапты. Екінші ұсынысым бұқаралық ақпарат құралдарының сыни материалдарына мемлекеттік және басқа органдардың құлақ асуын қадағалау жөніндегі Комиссия құру туралы болатын. Мемлекет басшысы бұл ұсыныс туралы да журналистер конгресінде айтты. Оның үстіне, осының негізінде құ­рылған қоғамдық комиссияның бір-екі отырысы да өтті. Дегенмен, өкінішке қарай, әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатқан БАҚ пен билік арасындағы тікелей және кері байланыс туралы мәселе әдеттегідей ұмыт қал­ды. Бұл барлық реформаларға тос­қауыл болып отырған, оның ішінде жемқорлықпен күрестің тиім­ділігін төмендетуге алып кел­ген негізгі жағымсыз фактор­лар екені даусыз. Білім және ғы­лым министрлігін­де қызмет іс­те­­ген кезімде тоқсанын­шы жыл­дар­дың орта тұсында жабылып қалған «Қоғаммен байланыс» ма­мандығын оқу бағдарламасына ен­гізуге белсенді түрде кірістім. Жур­налистер өздері кәсіби сала­сы­­ның болашағын ойламаса, бү­гінгі тіршілікте бұған кімнің басы қатар дейсіз? Содан бері жоғары оқу орындарының журналистика факультеттерінде пиар-менед­жерлер даярлау жүзеге асып ке­леді.

– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет. Өзіңіз басқарып отыр­ған «Мысль» журналының мерейтойы құтты болсын!

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ