ЕҚЫҰ-ға қазақстандық төрағалықтың алғашқы жүз күнінің нәтижелері туралы бірер сөз
Жаңа 2010 жыл есіктен аттап кіргенде Қазақстан әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ төрағасы ретінде өз қызметіне кіріскен-ді. Барлығымыз бұл күнді асыға күткеніміз рас. Себебі, бұл Қазақстанды әлем мойындағанының шынайы белгісі әрі халқымыздың басқа елдер алдындағы абыройы десе де болады.
Шын мәнінде Қазақстан сыртқы саяси бағдарламасымен қомақты жетістіктерге жетуде. Небары тәуелсіздігіміздің 19 жылында осыншама беделді, Еуропаның төріндегі үлкен Ұйымға төрағалық етуінің маңыздылығын түсіндіріп жатудың өзі де артық секілді.
Алайда, ашығын айту керек, төрағалық қызметі үлкен беделімен, мәртебесімен қоса, белгілі бір міндеттер жүктейді. Сондай-ақ, бүкіл әлем елдерінің, оның ішінде аталған Ұйымға мүше мемлекеттердің жүктеп отырған зор сенімі тағы бар. Бұл жауапты жұмыстан беделімізді түсірмей, абыройымызды асқақтатып шығу үшін тек Елбасы беделі мен отандық дипломатияның табанды жұмысы ғана емес, сонымен бірге біз саналы қоғам ретінде, бүкіл халық болып жұмыла жұмыс жасап, барынша қолдау көрсетуге мүдделіміз. Себебі, жоғарыда айтқандай, бұл біздің еліміздің басқа дүние жүзі елдерімен терезесі теңескен күн. Ортақ еліміздің асқақтаған абыройы. Осыған орай, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне кірісер алдында өзіне қандай мақсаттар қойғанын және сол бастамалар өткен үш ай ішінде қаншалықты жүзеге асты деген сұрақтарға жауап іздеп, өз түйіндерімізді алға тартайын деп едік.
ЕҚЫҰ шеңберінде қазақ төрағалығы тарапынан шыққан бастамалардың бір ерекшелігі – тек Ұйымның аясында шектелмей, бүкіл әлемдік, жаһандық мәнге ие болуында. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан қауіпсіздік, ұстамдылық, кемсітпеушілік, дінаралық татулық секілді мәселелерді кеңінен қарастырмақ. Еуропа қауіпсіздігінің болашақ құрылымын талқылайтын “Корфу процесін” жалғастыратын боламыз.
Тек қауіпсіздік мәселесін ғана алып көрсек, қару-жараққа, жаппай қырып-жою қаруы және қауіпті материалдардың таралуын қатаң бақылауға алу, терроризм және ядролық қаруды таратпау жалғыз ЕҚЫҰ мемлекеттеріне емес, барлық әлем елдеріне де тікелей қатысы бар екенін байқаймыз. Онымен қоса, Қазақстан Ауғанстанды қайта құру мәселесін, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жайын, Ресей мен Грузия арасындағы және басқа да шешімі табылмаған қақтығыстарды жекелеп қарастырмақ. Бұл мәселелер бойынша да еліміз айтарлықтай табыстарға жетуі әбден мүмкін. Себебі, Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатының арқасында аталған қақтығыстардың барлық тараптарымен бірдей жақсы қарым-қатынас орната білген. Бұл біздің артықшылығымыз екені рас.
Сондай-ақ Қазақстанның алдында Ұйымды барлық бағыттар бойынша нығайту, құқықтық ұқыптылықты, азаматтық институттарды, демократия мен сайлау үдерісін дамыту міндеттері тұрғанын да ұмытпауымыз қажет. Байқасаңыздар, алға қойылған мәселелер өте көп. Сондықтан кейбір жекелеген сарапшылардың Қазақстанның алдына қойған осынша үлкен мақсаттарын жүзеге асырып үлгеруіне күмәндануын бір жағынан түсінуге болады. Бірақ біздің негізгі мақсатымыз көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді түп-түгел жойып тастау емес, оларды аз дегенде тұрып қалған нүктесінен жылжытып, үнқатысуды жандандыру. Егер біз жоғарыда аталған мәселелерді дұрыс жолға қоя білсек, бұл – біз үшін үлкен жетістік.
Қазақстан ұсыныстары ЕҚЫҰ шеңберінен асып түсіп отырғаны да түсінікті. Ең алдымен, біз – Азия мен Еуропа қиылысында орналасқан елміз. Яғни, бізді өркениеттер көпірлерінің бірі десе де болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым еуропалық қана емес, кеңірек алғанда еуразиялық мәселелерге үлкен көңіл бөліп отырады. 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына да төрағалығымыз басталмақ. Демек, Қазақстан арқылы халықаралық ұйымдар топ-топқа бөлінушіліктен арылып, мәселелерді ғаламдық тұрғыда қарастыруға жол таппақ. Өйткені, Қазақстан басқа елдердің тәжірибесін ала отырып, өзінің дербес сыртқы саясатын құрған еді. Сондықтан біздің сыртқы саяси ұстанымдарымыз басқа халықаралық әріптестерімізге жағымды әрі Қазақстан халқының ұлттық мүддесіне де сай келеді.
Қазақстан – әрқашан бейбітшілік пен татулықты уағыздап келген мемлекет. Әлем бізді татулық нышаны ретінде қабылдайды. Сондықтан Қазақстан өзінің қатысуымен және төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның әлем алдындағы келбетін өзгертті.
Қазақстан ағылшынша айтқанда ЕҚЫҰ-ға және бүкіл әлемге төрт “Т” ұранымен айшықталған құндылықтарды ұсынып отыр: Сенім (Trust), Дәстүр (Tradіtіon), Ашықтық (Transparency), Төзімділік (Tolerance). Мұны былай түсіндіруге болады: бір-біріне сенімділік, ЕҚЫҰ негізгі қағидаттары мен құндылықтарына беріктік, халықаралық қатынаста барынша ашықтық, яғни айқындылық, “екіжақты стандарттан” және “бөлу сызықтарынан” еркін болу, аймақтық қауіпсіздікке төнетін қауіптермен күресуде жағымды ынтымақтастықта негізделу, мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды жаһандық негізде нығайту.
Отандық дипломатияның күнделікті әрекеттеріне назар аударсақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың жыл басынан бергі мерзімде АҚШ, Ауғанстан, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Швейцария, Ресей, Қытай, Австрия, Жапония және Шығыс Еуропа мен басқа да елдерге жасаған сапарлары жемісті де табысты болды. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ, Еуропа Кеңесі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, тағы да басқа беделді халықаралық ұйымдардың басшылығымен жан-жақты консультациялар өткізді.
Аталмыш кездесулердің барлығы “құрғақ” кездесулер емес, жалпы мәселелерді шешуде ұстанымдарды жан-жақты анықтау және олардың арқасында белгілі саяси қорытындылар жасау үшін өткізілген. Бір сөзбен айтқанда кәсіптік дипломатияның нышаны ретінде қабылдауға болатындай.
Бұл дегеніміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және сыртқы саясат ведомствосы басшылығының Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы рөліне аса зор жауапкершілікпен қарап, әлемдегі өзекті мәселелерге дұрыс шешім табуға бел байлағандығын көрсетеді. Әлемдегі қауіпсіздікке қол жетіп, салыстырмалы тыныштық пен бейбітшілік орнаса, Қазақстанның да өркендеуі тұрақты дамуға жол табары анық. Яғни, Қазақстанның ұлттық мүддесі осында жатыр. Сондықтан да мемлекетіміздің басшылары аталған қызметке бар күш-жігерін аямай жұмсауда.
Бұл жерде отандық дипломатия қосқан ерекше үлесті айтпай кетуге болмайды. Елбасымыз көрсеткен сыртқы саяси бағыт-бағдарды жүзеге асыру Сыртқы істер министрлігінің еншісінде екені анық. Және сол сыртқы саяси мақсаттарымызға ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ақырын-ақырын қадаммен біртіндеп, нағыз дипломатиялық әдістермен жақындауда.
Жоғарыда аталған сапарлар барысында Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қанат Саудабаев барлық елдердің басшыларымен қоса ресми өкілдерімен кездесіп, ЕҚЫҰ шеңберіндегі және одан тыс орын алып отырған өзекті мәселелерді талқыға салды. Мұндай жоғары дәрежеде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтыны белгілі. Демек, бастапқы 100 күннің өзінде-ақ қазақ дипломаттары көптеген мәселелердің басын ашып, әлеммен өзара тиімді үнқатысуды жандандырып отыр. Демек, біздің көтерген мәселелеріміз тек ЕҚЫҰ-ның ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің күн тәртібіне бірте-бірте айналып келеді. Байқасаңыздар, еліміздің ЕҚЫҰ төрағасы ретінде алға қойған мақсаттары нақты әрі айқын, және төрағалығымыздың бірінші жүз күндігінде-ақ осы мақсаттарға жету ниетіміз қарқынды дамып, бір жүйеге түсіп келе жатқаны анық көрінеді.
Әрине, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде жасаған жұмыстарын түп-түгел сараптамалауға әлі ертерек, дегенмен, біздің бүгінгі мақсатымыз сараптамадан гөрі бастапқы шолу деуге болады. Алдағы уақытта да еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығын әр тоқсан сайын бір түйіндеп, сараптамадан өткізіп, өзімізше қорытындылап тұруды дәстүрге айналдырмақ ниетіміз де бар.
Бұл жұмыстар Қазақ еліне ғана емес, өзге де әлемдік сарапшылар мен журналистерге аса қажет болады ғой деп ойлаймыз.
Нұрбек ЖОЛТАЙҰЛЫ.