Әдебиет • 29 Қыркүйек, 2020

Жылы жақтағы жалғызым

2016 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ол төрт жылдан астам уақыт төсек тартып жатты. Аса ауыр операциядан кейін. Сыртқа сирек шығатын. Жұмысқа барарда Жәлелдің үйі жанынан өтетінмін. Телефон арқылы тілдесетінбіз. «Кіріп шығайын ба?» дегеніңді онша жарата бермейтін. Жүдеп-жадаған күйінде көрінгісі келмес. Бірде «Құрдастар» дейтін алақандай әңгіме жазды. Екеуміз туралы екен.

Жылы жақтағы жалғызым

«Мархабат! Мен сені сыр­тыңнан көрдім дедім ғой. Теле­фонмен сөйлескенде. Әуел­гіде сені танымадым, жа­пырақтардың тасасынан алашұбар көлеңкенің ішінде қалықтап, бір көрініп, бір көрінбей келе жаттың. Әуелеп өскен шынардың қауқиған бұ­тағынан төмен сырғып өткен соң шырамыттым: сен екенсің. Иықтарыңды көтеріп, кеудеңді шалқақ ұстап келе жатқан жоқсың, басыңды төмен салып, аяғыңды сүйретіңкіреп басасың. Бірақ аяқ басысың еркін, өмірде өзінің жолы бар кісінің жүрісі. Қолыңды сермесің де еркін. Төңіректе не болып жатқанымен жұмысың жоқ секілді. Қашан ағаштардың арасымен көше бойлап ұзап кеткеніңше арқаңнан қарап тұрдым... Мен терезенің бергі жағындамын... Мен үшін терезенің арғы жағындағы өмір біртүрлі қызық. Енді сол дүниеден сені көргенде, ол маған қызық қана емес, ерекше мәнді көрінді. Мен қолына ақ таяқ ұстаған шалды күтіп жүремін. Сол шал бір жолы қарсы жолығып: «Ал пендем, сырқатыңнан айықтың» деп таяғымен түртіп қалатындай, сол кезде өзімді құлан-таза жа­­­­зы­­лып кететіндей көрем. Есіл-дертім терезенің арғы жа­­ғындағы «жұмаққа» қайта оралу. Гәп солай, құрдасым. Сен ағаштардың тасасынан мүлдем көрінбей кеттің. Бәлкім, ендігіде стадионның алдынан Абай бағына бұрылып бара жатқан шығарсың? Қимылсыз көп тұрдым. Бір қарасам, көзіме жас алып тұр екенмін. Бәсе, бетім мұздап кеткендей болып еді. Ал мен бетімнің мұздағанын байқамаппын да. Ана ақ таяқты шал да жолықпай кетті ғой. Әйт­песе, жерге жүгіріп түсіп, со­ңыңнан қуып жетіп, амандасып, аяғымызды қатар басып сөйлесіп бара жатсақ, қалай қатып кетер еді, ә!».

Сәл-пәл қысқарған «Құрдас­тар» әңгімесі осы. Ол облыстық га­зетте жарияланды.

Қайран-ай, Жәлел Кеттебек дейтін ғажайып жазушымыз «ақ таяқ ұстаған шалды» күте-күте шаршады. Келмеді.

Жаз ортасында жалқы мәрте ғана жолықтық.

Күз бен қысқа қарата жүздес­кенді жүдә жақтырмайтынға ай­налды.

Бірде хат жазыпты. «Есен-сау бармысың! Алла тағала «жатыпатар» ауру-сырқаулардан сақтасын. Шығармашыл кісі­нің мазасын алу жақсы емес. Оны білем. Бірақ біздің тұр­мысымыз кейде ешқандай шарт­тылыққа бағынбай кетеді. Мына мүгедектік деген мені әбден титықтатты. Кейде, мен төсектен жарық дүниеде жоқ адам секілденіп оянам. Содан кейін қайтып ораламын... Мен мына бір дүниені жазып бітірдім. Оны «повесть» деп атадым. Повесті «хикаят» деп онша сәтті аудармаған. Сол ескіше атауымыз дұрыс секілді. Повестің бас кейіпкері – өзімнің немерем Қарлығаш. Осыны оқып шығуға қолың тие ме?».

Бұдан әрі Жәлел өкіметке өкпе айтады. Кітаптарымызды басып та, қаламақы төлеп те жарытпай қойғанын жазады. Дәрі-дәрмегіне нәпақа жөніне назар жығады. Сөйтіп, ауыр операциядан кейін бірер жыл өтсе де, оңала алмай жатқанына қарамастан, әлгі «Қарлығаш» атты повесінің негізінде «Ұлт­­тық тәрбие орталығын» құр­ғысы келетінін жеткізеді.

Бұдан бұрынырақ біз Жә­лел достың «Қашқын» дейтін повесінің қолжазбасын оқы­ғанбыз. Компьютерге тергізіп бергенбіз. Көлемді дүние. Алай­да  бір бастап кетсеңіз, бас алмас­тан оқып шығасыз. Ал мына жаңа шығармасы «Қарлығаш» басқашалау формада, Жәлел Кеттебектің кәдуілгі керемет сти­лінен бөлектеу бағытта жа­зыл­ғандықтан ба, онша ұнаң­қырамаған.

Біз содан көп уақыт өтпей-ақ ілдалдалап жүріп, «Қазығұрт кz» альманағын ашқан едік. Жәлел құрдастан «Қашқын» повесін сұрадық. «Жөндеймін әлі», деді. Ай сайын, апта са­йын сұрадық. «Жөндеп жатырмын», деді. Кейінгі кезде күн сайын дерлік сұрап жүрдік. «Қайта қарап біттім», деген ақы­рында. Ұлдары Саттар мен Мұх­тар «Қашқын» повесінің элек­тронды нұсқа­сын қолы­мызға тапсырды. Ара­да апта өткенде, үлкен ұлы Сат­­тардың даусы телефоннан дірілдей естілді... Жылы жақ­тағы жалғыз құрдасымнан да айы­рылып қалдым сөйтіп. Бұл 2009 жыл еді.

«Қазығұрт кz» альманағы­ның 2010 жылғы бірінші нөмірі де жарық көрді. Жәлелдің жаңа повесін оқығысы келетіндер көбейе түсті. Альманахтың қақ жартысын алған «Қашқын» – іздеп жүріп оқитындай туынды-тұғын.

Жәлел Кеттебек сонау жетпі­сін­ші жылдардың соңы мен сек­сенінші жылдардың басында шағындау әңгімелерімен-ақ елді елең еткізген еді. Мәскеудегі әлем­дік әдебиет институтын сырт­­тай оқып тәмәмдаған. Шыға­р­машыл шеберлердің талайынан тікелей сабақ алған. Дүниежүзілік дүлдүлдердің туындыларын талдай-таразылай оқып-үйренген. Ізденуінің түрі төтенше, аңғарымпаздығы бөтенше болатын. Осындай-осын­дай оқшаулықтарына қа­­рамай, Жәлел Кеттебектің кін­дік қаны Қызылдың құмында тамғаны, Сыр-ананың бойында топырақ кешіп, шымырлап аққан айдында жүзгені, Отырартөбенің құмыққан әуе­ніне елітіп, Шар­дара теңі­­зіне телміргені, сек­се­уіл мен тораңғының тү­бін­де қой бағып жатып та кі­тап ке­міргені бөлекше білі­ніп тұ­­ратын. Ұжымдық жинақ­тарда, газет-журналдарда жа­рия­ланатын әңгімелері мен очерктерін оқығандар: «Әй, мынау қайтеді-ей?!» демей кала алмайтын. «Отыз алтыншы тәулік» деп аталған тұңғыш кітабымен құттықтап, қуанып жүрсек, Жәлел құрдасымыз: «Қысқартып, қырқып-қырқып шығарыпты», деп сүлесоқтана меңірейіп отыр. «Балалық шақ­пен қоштасу» дейтін екінші кіта­бында сәл де болса сергектене жымиып, желпіне сөйлегенін байқағанбыз. «Мен мұнда күл­лі қазақ ұлтының балалық шағы­мен, аңғалдығымен, аңқау­лығымен қоштасқанын айтпақ ем», деген.

Кезінде «Қарақыз», «Же­ңе­шем, жорға және мен», «Қаң­тар» сияқты көптеген повес­тер мен әйдік-әйдік әдемі әңгімелер жаратқан Нәсіреддин Серәлиевтің өзіне өршелене қарсы шығып, әрине бір жа­ғынан еркелеп: «Сіздер біз­ге жөнді оқырман дайын­дама­дыңыздар», деп ашу­ланған кейіп көрсетіп, кейін­нен ха-ха-лап тұрып кү­ле­тін Жәлел-ай десеңізші! Сол Шардара теңізінің жағасында тұратын үйінде, аудандық газетте істеп жүріп-ақ, небір шымыр-шымыр шығармаларын жазды. Сыр өңірінің экологиясы туралы тағдыршешті туындылары кезінде жарияланған жоқ. Шардара теңізі жағасындағы үйінің балконында Эрнест Хе­мингуэйге ұқсап тұрып, телефон соғатын. Шымкентке. «Әй, құрдасым, анау Иван Сергеевич Тургенев деген көкең де, Рас­путин ағаң да ізденіңкіремесе, мына менен қап кетеді. Білдің бе? Осы гәп ойыңда болсыншы», дейтін. Сонсоң ха-ха-ха-лап кү­летін. «Распутинге айтайын, Иван Сергеевич ана жайда ғой», дейтін ек. Әзіліне әзілмен.

Ал енді жаңағы «Қаш­қын» повесі – арнайы сөз қоз­ғайтындай сұңғыла шығарма. Азырақ қа­на шолып өтер болсақ, күні ке­шегі, жекешелендіру кезіндегі жебірлердің құнығуы, Қойшыбай сынды жиырма үш жыл қой бағып, не үйі жоқ, не күйі жоқ ахуал­да тағы да түк­сіз-дымсыз, тұл­дырсыз қал­ған қайран қара шаруа казақтың ақырында ашынып, бір отар қойды Шардара жақтан Шым­кентке қарата айдап қашқаны хақындағы аянышты хикая. Шардара мен Шымкентті атап айтпағанның өзінде бұл повес­тен Оңтүстігіңіздің өзге­ше иісі бұрқырап тұрыпты. «Қау­қиып өскен қирық-сирық ағаштар», «шопыр біткеннің осы тұста құшыр­лана тістенетіні», «пүш­тей құйрықтарын шиыр­шықтай орайтын Байшұбарлар», «кі­рәлін­нің қолағаштай шишасын мойнына асып, қолына битдәрінің қағазын қысып ұста­ған Қойшыбай» – мінекиіңіз, алғашқы беттен-ақ аңғарылар «иістеріңіз».

«Қойшыбай, – деп Қалиев ыс етті».

Көрдіңіз бе, осы маңдағы он тоғыз отар мен тоғыз аға шо­пан­ның қожайыны Қалиев «ыс етті». Оның «ыс еткенінен» шошынасыз.

«Деректірден ат сұрап едің ғой?» деді одан әрі Қалиев. «Иә, сұрағам. Жылқы зауыттан құ­нан берсеңіздер дегем», дейді Қойшыбай шопан. «Да, да, да... Енді саған құнанның да, дөненнің де қажеті болмайын деп тұр», дейді Қалиев. «Болмағаны қалай?» дейді аға шопан. «Малдарың жекешеге кеткелі жатыр».

Қалиев бастаған қонақтар, яғни санақ комиссиясы өз жұ­мыс­тарын бітіріп, сес көр­сетіп кете барады. Мазақы мыс­қылмен ақыл-кеңестерін айтып кетеді: «Сауда қыласың ба, жоқ әлде, қайтып бағатын мал іздейсің бе, әлде Шардара қала­сына көшесің бе, ерік өзіңде. Қазір қалада тұру мода ғой».

Қойшыбай есеңгіреген. Кәрі аттың қасында жүрелеп, жер сызып отырып қалады. Ертеңіне түс ауа директордың қайын атасына барады. Алты жүз елу екі қойды соған өткізуі керек еді. Әлдебір үмітпен барған. Одан да түңіліп қайтады. Ақырында жан-жақты әзірлік жасап, азық-ауқат қамдап, оқ­шантайын толтырып, отарды алға салып, қашып шығады. Қатыны Қыздаркүл дариядан өткізіп, шығарып салады. Екеуі белгіленген мерзімде Шымкентте кездеспек еді. «Есіңе сақта, біздің ешкімге қия­натымыз болған жоқ. Бұл мал – біздің малымыз, біздің жиыр­ма үш жылдық маңдай теріміз... Мен көріп келдім. Кеңседегі активтерің де, завхоз да, деректірдің қайын атасы да біздің бағып-қағып өсірген малдарымызға лайықты адамдар емес. Қашпақ болғаным содан...».

Қойшыбай небір азаптар мен тозақтарды бастан кешеді. Екі аяқты айуандардан да. Қасқырлардан да. Шойғарадай «Джипті» жаңа байлардан да. Полицияның Тазабековтей жемқорларынан да. Тағысын-тағылардан да.

Ақырында қашқын Қойшы­байдың астындағы аты мен жал­ғыз қойы ғана қалады. Ит­тері де иелерін қорғаштап, адал өлім құшады.

«Ит орнына мойны қылқиған кәрі саулық ерткен аттылы адам сап-сары аңызбен қалаға бет түзеді», деп аяқталады повесть.

Жылы жақтағы жалғыз құр­да­сым Жәлел Кеттебектің жарияланбаған дүниелері тіпті де аз емес. Небір әңгімелері мен повестері, романы бар.

Өзінің көзі кеткен соң «Жазу­шы» баспасынан жалғыз кіта­бы жарық көрді. Бақилық болғаннан кейін екі жыл өт­кенде. «Түйсік» деген атпен. Түйсік­шіл оқырмандары қатты қуанған.

Тірі болғанда Жәлел Кет­тебек осы наурыздың онында жетпіс беске толар еді. Айтып та, жазып та жүрміз, тетелес тә­телеріміз Төлен Әбдік, Бек­сұл­тан Нұржекеұлы, Дулат Исабековтердің құрдастары, 1941-1942 жылғылар баршы­лық. Құдайға шүкіршілік. Жиыр­ма­шақтыға жетіп жығы­лады. Ал қырық бесінші жыл­ғылар, яки менің құрдас қаламдастарым саусақпен санарлық. Дара дарынымыз Жұматай Жақыпбаев тым ерте кетті. Ендігі есендері Тынымбай, Темірхан бастаған үш-төртеу ғана. Жәлел Кет­тебек­ті ұмытуға болмас. Деп биыл, пан­демия деген пәле­кеттің ал­дында, наурыздың басында Шымкенттегі Әл-Фараби кітап­ханасында арнайы кеш өткіздік. Әпкесі, қарындасы, зайыбы, ұлы келді. Әпкесі «Жарығым Жәлелді ұмытып кетті ғой бәрі деп жүр едім, бар екенсіңдердер ғой», деп егілді. Төгілді. Бауырының балалық шағын еске түсіріп. Жары Күл­параз бен ұлы Саттар Жәлел достың жарияланбаған жазбалары жетіп-артылып жатқанын жеткізді.

P.S. «Қазығұрт kz» журналында осыдан он жыл бұрын жарияланған «Қашқын» повесін сұраушылар көп болғаны жадымызда жаңғырады. Марқұм Қажығали Мұқанбетқалиұлы да сұрады. Салып жібердік. Қажекең: «Мына құрдасыңды да, шығармаларын да ұмыту мүмкін емес», деген. Өкінішке қарай, шығармалары кітап боп шықпай жатыр. Аты-жөні де ескерусіз қалып барады.

 

Мархабат БАЙҒҰТ