Пандемия жаһандық экономикаға көлеңкесін түсірді. Бүгінде 2020 жылдың екінші тоқсанында (сәуір-маусым) экономикасы ең қатты соққы алған екі мемлекет – Перу мен Үндістан. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда ішкі жалпы өнім көлемі тиісінше 30,2 және 23,9 пайызға кем. Экономиканың бұлай құлдырауы пандемияға да, сондай-ақ онымен күреске де тікелей қатысты.
Мәселен, Перуде COVID-19 індетінен қайтыс болғандардың миллион адамға шаққандағы жалпы өлім коэффиценті 939-ға тең. Ішкі жалпы өнімнің құлдырауы да осымен байланысты екені анық.
Жалпы, өлім коэффиценті жоғары бірқатар еуропалық мемлекет, мысалы Испания (647) және Ұлыбритания (613) экономикалық қиындыққа тап келгенін мәлімдеді. Үндістандағы жалпы өлім коэффиценті 60-қа тең. Әйтсе де, бұл Африка мен Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Осыған қарамастан, екінші тоқсандағы экономиканың күрт құлдырауын түсіндіру қиын (әлемнің басқа елдеріне қарағанда анағұрлым артық). Оның үстіне, кейінгі бес жылда Үндістан экономикасы тез дамыған 3-4 елдің қатарына кіретін.
Мұндай ерекшелікті қалай түсінуге болады? Оның мәнін білу үшін бізге медицина мен адам әрекеті арасындағы байланысты анықтау керек.
COVID-19 вирус ашық жерлерден гөрі, жабық ғимараттарда тез тарайды деген сенімді еске түсірейік. Яғни саябақта жүргеннен гөрі мейрамханада отырғанда науқастану ықтималдылығы жоғары.
Мұндай түсініктің пайда болуына мына нәрсе себеп. Медицина мен физиканы ескеріп, сондай-ақ COVID-19 індетінің тез жұғатынын назарға алса, SARS-CoV-2 вирусы бар тыныс алу жолынан шыққан тамшылар ашық жерде желмен ұшып кетіп, тыныс алу жолдарына түсуі төмендейді. Бірақ далада дәл осындай болады деу қиын. Өйткені тыныс алу жолынан шыққан тамшылар ауыр болғандықтан, желсіз жерде тез төменге түседі. Яғни ашық даладағы самал жел тамшыларды ауада көбірек ұстайтындықтан, ғимарат ішінде жоқ қауіп-қатер сыртта пайда болады.
Жабық ғимараттар өте қауіпті деген пікір де толыққанды емес. Себебі коронавирус пен тамшылардың аэродинамикасы ғана емес, ол адамдардың әрекетіне де тікелей қатысты. Мәселен, сөзіміз дәлелді болуы үшін науқастанған адамның қасында вирус жұқтыру ықтималдылығы мейрамханаларда да, саябақтарда да 50 пайызға тең деп алайық. Сондай-ақ халықтың жартысы науқастанды деп есептейік. Мұндай жағдайда саябақта немесе мейрамханада кезіккен адамнан COVID-19 вирусының жұғу ықтималдылығы 25 пайызға азая түседі.
Енді мынандай жағдайды елестетіп көріңіз. Билік өкілдері COVID-19 ашық ауадан гөрі, мейрамханаларда жұғуы жоғары деп мәлімдеді. Егер адамдар осыған сенсе, бұл өз-өзінен орындалатын болжамға айналады. Себебі мейрамханаларға тәуекелшіл емес адамдар бармайды (яғни вирус жұғу қаупі 25 пайыздан асатын жерге). Ендеше, мейрамханаға тәуекелге бел байлағандар ғана аяқ басады.
Бұдан былай деп есептеуге болады. Мейрамханаларға баратындар тәуекел ететіндіктен, олардың науқастану ықтималдылығы жоғары. Қарапайым есептеу үшін, тәуекелшілдердің 75 пайызы ауырды, ал қалғандарының 25 пайызы ауырды деп алайық. Мұндай жағдайда да науқастың вирусты жұқтыру ықтималдылығы әлі де 50 пайызға тең. Ендеше, адамдар мейрамханалар қауіпті жер деп сенетін болса, онда вирус жұқтыру ықтималдылығы 37,5 пайызға тең, ал саябақтағы қауіп 25 пайыздан азаяды.
Мұндай ықтималдылық эпидемиялық деректермен дәлелденеді. Ал адамдардың көбі осындай заңдылықтың адам әрекетіне байланысты ғана емес, вирустың табиғатына қатысты екеніне сенеді. Екінші жағынан қарасақ, билік өкілдері мейрамханалар саябақтарға қарағанда қауіпсіз деп мәлімдесе, ондай жағдайда саябақтарға вирус жұқтыру ықтималдылығы жоғарылайды. Тіпті эпидемиялық және тамшылардың физикалық қозғалысын ескеріп, саябақтарды мейрамханалардан қауіпсіз деп санасақ та, саябақтағы қауіп-қатер көбеймесе, азаймайды.
Мұндай байланысты анықтап, түсіну вируспен күресуде экономиканы құлдыратпай әрекет ететін саяси шешім қабылдауға көмектеседі. Үндістанның қателігі – локдаун деп қате әрекет етуі. Себебі мұндай қадам миллиондаған мигрант жұмысшылардың елдің түкпір-түкпіріне кетуіне, әсіресе жаяу сапарлауына әкеліп соқты. Үлкен қалалардағы жұмыстар мен жалақы бір түнде жойылып шыға келді.
Медицина мен экономика арасындағы байланысты анықтағанда, таңғажайып саяси идеялар пайда болады. Соның бірін Джорджия технология институтының ғалымы Джошуа Вайц Стокгольм экономика мектебінің вебинарында айтты.
Үндістан мен Перу секілді мемлекеттер вируспен күресіп жатқанда да экономиканың жұмыс істейтін, кемінде жартылай жүріп тұруын қамтамасыз ететін ереже қабылдауы тиіс. Ой осыдан келіп туындайды. Тестілеуді күрт арттыру кімнің COVID-19-бен ауырып, кімде SARS-CoV-2 індетінің антиденесі бар екенін анықтауға мол мүмкіндік береді. Біз оларға көп жалақы төленетін коронавирус жұғу ықтималдылығы жоғары жұмыстар ұсынамыз. Мысалы, ауруханалар мен вируспен бетпе-бет келетін бизнес салалалары. Оларды қолдану арқылы індет жұқтыруы мүмкін адамдарды қорғап, вирустың таралу тізбегін тоқтатуға мүмкіндік аламыз.
Қалыпты жағдайға байланысты, нарық өз дегенін орындайды. Антиденесі бар адамдарға сұраныс та артады, олардың жалақысы да көтеріледі. Бірақ сыртқы факторлар әсер еткен кезде нарық дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан үкімет өкілдері вируспен күресуде экономиканы да құлдыратып алмайтындай, ақыл таразысына салынған, жан-жақты ойластырылған саясат жүргізуі тиіс.
Каушик Басу,
Әлемдік банктің бұрынғы бас экономисі, Үндістан билігінің экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org