Шынында да біз бүгінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде өзінің халқына өлшеусіз еңбек сіңірген ерлерді ұлықтай алып отырмыз ба? Егер қала көшелері солардың атымен аталса – жеткіншектер өз халқының мүддесін қорғаған ерлерді де тереңірек біліп өскен болар еді. Оның үстіне ұлыларымыздың қандай қызмет атқарғанынан хабардар ететін жасөспірімдерге арналған шаралар өткізіліп тұрса жақсы емес пе. Тіпті қала көшелеріне ұлыларымыздың аттары берілсе, олардың кім екенін білуге, өздігінен зерттеуге ұмтылатыны сөзсіз. Мәселен, біз Ахмет Байтұрсынұлы «ұлт ұстазы» деп атаймыз. Ал оның қандай ұстаз болғанын жастар түгіл кейбір үлкендердің өздері біле бермейді. Араб қарпінің негізінде қазақтың алғашқы төл әліпбиін жасап, қазақ тілі білімін де алғаш айналысқа енгізгендіктен оны ұлт ұстазы дейміз. Бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, пысықтауыш деген сияқты тамаша терминдерді де тіл біліміне сол кісі енгізді. Осындай адамдарымыз еліміздің барлық бұрыштарында тереңнен насихатталып, жастарға таныстырылып отыру керек қой. Сонда патриоттық сезім тереңдеп, жеткіншектеріміздің бойында ұлттық рух ояна түспес пе?
Қазір бізде Әлихан Бөкейханның, Міржақып Дулатовтың және басқа Алаш ардақтыларын «біздің жерлестеріміз емес» деп сыртқа тебетін кері түсінік қалыптасқан. Қазақстанның қазіргі территориясын айқындап, Лениннің алдында қазақ жерінің көлемін дәлелдеп, картасын сызып берген Әлімхан Ермеков сияқты ерлеріміздің ерлігінен мүлде бейхабар ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан мақалада айтылған Алаш ардақтыларын ардақтап, олардың атына көше аттарын беру туралы пікірді толық қолдаймын.
Әрине, бір кезде біз коммунистік партияның мұраттарын бойымызға сіңірдік. Сол үшін пролетарлардың халықаралық гимні Интернационалды да жаттадық. Барлық әлемде социализм жеңетініне сендік. Бірақ коммунистік партияның идеясы сөз жүзінде дұрыс болғанымен іс жүзінде оның өмірде толық іске аспайтынын көзімізбен көрдік. Социализмнің де барлық әлемде күшпен орнауы – зорлық екенін, сондықтан оның күресіне шақырған Интернационалдың да дұрыс емес екенін таныдық. Біз қазір демократиялық мұратты қолдайтын ел орнатуды алдымызға мақсат етіп отырмыз.
Демократиялық жолмен даму – барлық зорлыққа, қарулы көтеріліске қарсы. Қоғамдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық саясатты сайлауда көпшілік дауыс алған партия айқындайды. Қазіргі билік партиясы Nur Otan халықтық демократиялық партиясы. Ол коммунистік интернационалды мойындамайды, мақсаты елді демократиялық жолмен дамыту. Ендеше Интернационал деген секілді ұғымдарды бүгінгі жастың санасынан ығыстыра беруіміз керек. Оларды ардақтап, қаламыздағы ең көрнекті көшесінің атын беріп қоюдың өзі – біздің мақсатымыздың өзін дүбәра халге ұшыратады емес пе? Сондықтан ондай атауларды батыл өзгертуге тиіспіз.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы
ПЕТРОПАВЛ