Абай хакімнің:
Басы-көзі қан боп,
Арқа-басы шаң боп,
Және тұрып жылпылдап;
Жығылып тұрып,
Буыны құрып,
Тағы қуып, салпылдап –
Абұйыр қайда, ар қайда?
Әз басыңа не пайда?–
деп осыдан 132 жыл бұрын жазғаны қазіргі біздің басымызға түскен жағдайды дөп айтып отыр ғой.
Әлемдегі бүгінгі жағдай ең әуелі адам баласының бір-біріне деген сенімінің жоғала бастағанын көрсетіп берді. Тіпті азуын айға білеген алпауыт мемлекеттердің ішіндегі біз аузымыз ашылып, өзімізге үлгі тұтып, бас изеп отырған Америка, Еуропаңды тізерлеткен, Қытай бастаған Азия елдерін есеңгіретіп тастаған мына індеттің адамзаттың ең басты тірегі – рухы, ары мен санасы, соның ішінде ең қажеттісі – сенімнің қайта бастағанын дәлелдеп отыр.
Әлемге өз үстемдігін жүргізе бастаған ФОРБС тізімінің басында тұрған ірі байлардың (Билл Гейтс, Уоррен Баффетт, Илон Маск, Дэвид Кох, Бернор Арно, т.б.) құпия миссиясы да белгілі болып қалған сыңайлы. Жасыл планета – жерді мекендеген адамдардың шеттен тыс көбейгені, алдағы уақытта жердің 7,5 миллиард адамды асырай алмайтындығын негізгі сылтауға айналдырып, қайтсек осы мәселені шешуге болады деген мақсаты әсте гуманистік қағидаға негізделмеген. Яғни, жасанды интеллект заманы басталып, өркениеттегі нанотехнологияның, цифрлық ақпараттық логистиканың, роботтық техниканың адамды ауыстыруға көшуі белгілі бір дәрежеде адамзат үшін таңғажайып жұмақ өмірдің болатынына сенімділікті жоғалта бастады. Оған дәлел көп мемлекеттердің президенттерінің бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жұмысына күмән келтіріп, қаржыландырудан бас тартуы. Қайтсек те енді адам баласы үшін бұрынғы мамыражай тіршіліктің келмеске кеткендігі, енді жаңа әлемнің кеңістігіне енетіндігімізді сезіну, соны түсіну қажеттілігі туындағанын біліп, көріп отырмыз. Бұл адамдар арасындағы, мемлекеттер арасындағы сенімнің оты өше бастағанын білдіреді. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деген оқшаулану принципінің де сұлбасы көріне бастағандай. Сондықтан қазаққа сенімді жоғалтпау үшін тағы да Абай хакімге жүгіну уақытының туғанын көрсетеді.
Адам баласының қоғамдағы қызметінің жемісті болуы оның қабілеттеріне байланысты. Қабілеттер жүйесі – тұлғаның қалыптасуы арқылы жинақталатын дүние. Адамның бойындағы когнитивтік, конструктивтік, коммуникативтік, зияткерлік қабілеттері зор болса, онда қоғамға көп жақсылықтар мен игілікті істер жасай алады. Адам қабілеті тумысынан шексіз. Бірақ өзінің ішкі рухы мен санасына байланысты әр адамда әртүрлі деңгейде көрінеді. Өзі өмір сүрген ортасына, қоғамына жоғары деңгейде адал қызмет ету, қоғам, ел мүддесіне сай еңбек жасау адамның сеніміне байланысты. Сенім дәрежесі тиянақты, тұғырлы болса, қоғам да солғұрлым орнықты дамиды.
Абай хакімнің «Көкіректе сәуле, көңілде сенім жоқ» деп айтуындағы «көңілде сенім» кеңістігі өте ауқымды мағына береді. «Көңіл» – психологиялық ұғым. Адамның ішкі эмоциялық сезімін білдіреді, яғни субъектінің рухани дүниетанымының барометрі іспеттес. Сенімге ие болу өзінің бойындағы адами барлық қасиеттер дәрежесін көрсету деген мағынаны білдірсе керек. Көңілің сенімді болса, өз рухыңа, санаңа беріктігіңді білдіреді. Сенімді болу – сенің жеке өзіңе, қоршаған ортаға, іс-әрекетке, қоғамға деген көзқарасыңның позитив, прагматикалық эталонының көрсеткіші.
Сенімнің толыққанды болуына ақыл, зерде мен ақиқат ұғымдарының өте зор әсері бар. Абай хакім «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоғынан азады. «Білместігімнен қылдым» дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады», – дейді. Ойшылдың айтуындағы байлаулылық – қазақтың бойындағы бар мінез-құлық, характер, рухани дүниетанымының жиынтығының анықтамасы. Адамда байлаулылық болмаса сенімнің жоқтығы. Ақылдың, зерденің, ақиқаттың байлаулылықпен байланысы өте тығыз. Сенім байлаулы болмаса, адам ішінде осы үш (ақыл, зерде, ақиқат) ұғым да үйлеспейді. Философ ғалым Азиз Салиев «Ақиқат – кез келген нақтылы берілетін, арнайы түрде әншейін, не қажеттілікпен немесе қайсыбір оның жалған анықтамасын жоққа шығару үшін ерекшеленетін шындық», – деп анықтама береді. Ақиқат пен шындықты ұқсас ұғымға жатқызуға болмайды. Ақиқат бізден тысқары, ал шындық – субъективтік ұғым. Ақиқат – шындықтан кеңірек ұғым жүйесі. «Ақиқат жеңеді», «ақиқатты айналып өтуге болмайды», «ақиқат жалғыз» деген сияқты қоғамда қалыптасқан пікірлер бар. Cенім байлаулы болса, болмыстағы ақиқат расталады, яғни ақиқатты айналып өту жолы жабылады. Абай хакімнің адам бойындағы бес теріс дүниесі – өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, дарақылық (бекер мал шашу) сенімнің байлаусыздығынан туындайды. Сенім жоқ жерде ақиқатты айналып өтіп, жаңағы теріс қылықтарға бой ұрады. Жігерсіз, қайратсыздығынан қор болып, сенімсіз дүниеге барады. Қазақтың өсекшілдігі, өтірікшілдігі, арызқойлығы жабысқан дерт сияқты, өз бойынан сылып тастай алмай келеді және оған талпынбайды да. Яғни, ақиқатсыз аймаққа еніп кетіп, бір кіргеннен соң одан шығудың амалын таба алмай әуре-сарсаңға түсіп, сенімге кіре алмай жүргені. Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан, бүгінде бар, ертең де болатын табиғи болмыс күйі. «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай», – деп қазақтың осы жаман қылықтарына өкінген Абай хакімнің күйін бүгін де кешуге болады саналы қазаққа.
Қазақтың сеніміндегі осы ақиқат ұғымы біздің ұлтқа абырой әпермей келеді. Бүгінгі шындық – қазақтың өз мінез-құлқындағы жаман әдеттерден ХХІ ғасырда да арылмауы. Ақиқатқа сай өмір сүруге талпынбауында. Мұндайда Бауыржан Момышұлының «Қазақ шындықты айта білмегендіктен… одан қашқақтайды да, тонын жамылған өтірікті тықпалайды», – деген сөзімен дәлелдеуге болады. Ақиқат болмағаннан кейін сенімі бекітілмеген соң бестегі бала да, бел асқан ересек те алдайды.
Ақыл – кез келген адамға тән қасиет. Адам осы қасиет арқылы өмір сүреді, қоғамда өз орнын табады. Ақыл – адамның ойлау қабілетінің айнасы. Абай хакім ақылды кәсіби санатқа қосқаны белгілі. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» – деген қазақтың сөзін мысалға келтірген ақын одан әрі қазақтың осы сөзді айтып, өзін барша қылықтан құтқармақ болған мінезін сынайды. Абай хакімде ақыл жибили емес, яғни туабіткен қасиетке қоспайды. Ақыл тәрбиемен, біріншіден, ата-ана, отбасы, орта, қоғам, екіншіден, өзінің сенім тәрбиесімен қалыптасады.
Абайдың ақылы «нұрлы». «Нұрлы» анықтамасы ақылды адам бойындағы ашықтық, еркіндік, ізгілік, мөлдірлік сияқты ұғымдарымен толықтырады. Ақыл нұрлы болу үшін адам өз бойында орасан зор білім мен білікті жинақтауы тиіс. Абайдың қайрат, ақыл, жүректі таразыға салып, қайрат пен ақылды жүрекке бағындырғаны белгілі, ақылдың иесі жүрек болса, онда жүректі адам ақылсыз болмағаны. Ақыл мен жүрек – бір-бірін толықтыратын рухани дүние. Өз ұлтын басынан бақайшағына дейін сынаған Абай хакімді де тыңдай қойдық па?! Ғибрат алдық па?!
Бұл елде түк ақыл жоқ
жарасарлық,
Рахым қып бір-біріне
қарасарлық
Өз Абайын өздері ұнатпайды,
Шын надан осылар ғой біз
қашарлық,
– деп Шәкәрім тектен-текке айтпаса керек.
Бүгінгі қазақ осы бағытта терең ойлануы бек қажет. Қазақ ақылсыз емес, бірақ өз «ақылын» өзгеге тықпалауға өте шебер. Осы тұста көңілден сенім кетеді. «Бас-басына би болған өңкей қиқым» көбейетін тұс бұл. Абай хакімнің «қазақ ақылсыздығынан азбайды» деуіндегі мәселенің жауабы осында жатыр.
Бүгінгі қоғам өте нәзік, өте кірпияз. Себебі ашық болғасын әлем өркениетінің бар бағыт-бағдары, мазмұны, мәдениеті мидай араласып, синтезге айналуы бізге таңдау жасауды талап етеді. Ал тумысынан әсіреқызыл, иланғыш, сенгіш, өзгенің өзіне жұқпас дүниесін түп-тамырымен жылдам қабылдайтын қазіргі қазақта нық сенім болмаса, көп дүниемізді жоғалтып алуымыз оңай.
Сенім кеңістігін толықтыратын тағы да бір саналық дәрежеге зердені қосуға болады. Адам – өз өміріне өзі сыншы. Қажеттіліктен туындайтын дүние бар. Оған оқу-білім, өнеге, тәрбие, ғибрат, тағылым жатады. Бірақ адам қабілеті шексіз білім мен тәрбиені қабылдап ала бермейді, ол мүмкін де емес. Әсіресе, қазіргі ақпарат ағыны, білім кеңістігі шексіз заманда таңдай білу, синтездей білу мүмкіншілігі керек. Осындайда зерде қабілетінің қажеттілігі бар.
Зерде – жалпы, заттардың тікелей қабылдауындағы, кәдуілгі сана деңгейінде өріс алып, пайымдауындағы дұрыс анықтамалардың дәрежесі. Зерденің осындай әмбебап сипатының ұғынылуының арқасында гносеология мен логикада ауқымды категориялармен айналысатын ең жоғары деңгейіндегі ойлау деп тану керек, дейді A.Салиев. Зерде – зейін мен ойлаудың бағыттаушы факторы. «Зердеңе түйіп ал», «зердесі жүйрік», «зердесіне тоқыды» деген анықтамаларды адамның ақылы арқылы өмірдегі алған бар білімін, көрген іс-әрекеттерін зерделеу қажеттілігін білдіреді. Абайдың:
Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол,
– дегендегісі зердеге жақын келмек.
3ерденің адамға қызметінің негізгі мақсаты кез келген іске баға беру, адамның өз іс-әрекетіне зейін салуы болып табылады. Зердесіз сенім толық болмайды. Адам миы бүгінгі тоқтаусыз ақпаратты қабылдай бергенмен, одан зерделі нәтиже шығармай, сенімге бара алмайды.
Қазіргі қоғамдағы адамдар арасындағы сенімнің әлсірей бастауы ерік-жігердің де тұрақсыздығынан. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе?» деген Абай хакімнің осы риторикалық сұрағы бүгінгі қазақ қоғамы үшін ең келелі мәселенің мазмұндысы, күрделісі. Әсіресе сөз басында айтылған ойымызда әлемді билеген алпауыттардың миссиясы шын іске асар болса, онда қорғансыз, әлсіз, тұғырсыз ұлттардың жаназасы алдыңғы кезекте шығарылмасына кім кепіл. Өзін өзі сақтау инстинкті толық жетілмеген, кем дегенде ғасырлық мерзімге көз жіберіп, мақсат қойып, алға қарай алмаған, ұлттық кодтың толық бітімін пайдаланып іске қоса алмаған ұлттар үшін үлкен қауіп. Осы жолда қазақ ұлтының ең әуелі өзіне деген сенімінің беріктілігін дәлелдейтін уақыттың жақындап келе жатқанын бар болмысымызбен түсініп, жүрекпен ұғынсақ жақсы болар еді.
Нұртас АХАТ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты