Инфографиканы жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Семей медициналық университетінде болған Парламент Сенатының депутаттары елдегі медицина кадрларының тапшылығын талқыға салды. Мәселен, пандемиямен күрес кезінде әр өңірге білімді-білікті дәрігерлердің қажет екеніне көз жетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас» деген еді. Сондықтан да Сенат депутаттары сұранысқа ие мамандарды даярлау, білім беру гранттарының деңгейін назарға алу сынды ұсыныстарын айтты.
– Семей мемлекеттік медициналық университетінің базасында білікті дәрігерлердің, оқытушы-профессорлық құрамның барын көрдік. Бірақ біздің елімізде 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе инфекционистер, вирусолог мамандар қат. Осыған байланысты тиісті мамандықтар мен кафедраларды ашу қажет, – деді Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.
Індеттің екінші толқынына төтеп беру үшін алдыңғы қатарда жүретін мамандардың біліктілігін арттыру туралы да ұсыныстар айтылды. Елдегі және әлемдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты алда тұрған жауапты міндеттер талқыланды. Медициналық университет мамандарының айтуынша, пандемия кезінде инфекционистер мен вирусологтардың ауадай қажеттігі байқалған. Қазіргі таңда еліміз үшін сұранысқа ие мамандықтар тізімі ескеріліп, инфекционистер, реаниматологтар, пульмонологтар, кардиологтар оқытылып жатыр. Сонымен қатар аталған оқу орны елімізде бірінші болып шұғыл көмек көрсету дәрігерлерін қайта даярлауды қолға алған.
Кездесу барысында депутаттарға оқу орнының қызметкерлері мен студенттеріне қызмет көрсету орталығының мүмкіндіктері көрсетілді. Мұнда бір терезе қағидаты бойынша, әрбір қызметкер немесе білім алушы, қеректі анықтамалар немесе кеңестер ала алады. Қажетіне қарай мемлекеттік қызметтер де көрсетіледі. Жағдайға байланысты бұл қызмет түрлерін онлайн режімде көрсетуге де толық мүмкіндік бар.
Университеттің академиялық жұмыс департаментінің директоры Айгүл Жүнісова оқу ордасының қызметі, жетістіктері мен стратегиялық жоспары туралы баяндады.
– Семей медициналық университеті республикадағы медициналық жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте бірінші орында тұр. Студенттердің практикалық дайындығы үшін университет құрамына жекеменшік университеттік госпиталь, радиациялық медицина және экология орталығы кіреді. Сондай-ақ Өскемен және Павлодар қалаларында университеттің филиалдары жұмыс істеп тұр, – дейді А.Жүнісова.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында 5 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты үш деңгейлі оқытудың толық циклі жұмыс істейді. Оқуды тәмамдаған студенттердің барлығы дерлік жұмысқа орналасады. Кейбіреуі алыс-жақын шетелдерге де шығып еңбек етеді. Оқу сапасының деңгейін арттыру үшін университет оқытушылары халықаралық тәжірибені енгізе отырып, білім беру процесін үздіксіз жетілдірумен айналысады. Мысалы, 2019 жылы Түркияның Башкент университетімен бірлесіп жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді.
«Артық білім – кітапта». Депутаттар университеттің кітап қорына да бас сұқты. Мұнда 700 мыңнан астам кітап, ғылыми еңбектер жинақталған. Мамандар кітап қоры үнемі жаңартылып отыратынын тілге тиек етті. Кітапхана құнды қорға толы болғанымен, студенттер немесе университет қызметкерлері қағаз толтырмай-ақ «Адалдық дүкені» жобасы аясында кез келген қажетті әдебиеттерін ала алады. Мұндай әлеуметтік жоба ертеңгі мамандарды адалдыққа тәрбиелейді деседі ұстаздар.
Бұл оқу орнында білім мен тәрбие қатар беріледі. Соның бір айғағы, пандемия кезінде студенттер халық денсаулығы үшін «қызыл аймақтарда» жұмыс істеді. Ал университет корпустары коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді емдеуге арналған стационарлар құру үшін қайта бейімделді.
Медицина саласын назарға алған депутаттар Семейдің жедел медициналық жәрдем ауруханасында болып, гибридті операция бөлімінің жұмысымен де танысты. Мұнда олар медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөніндегі ойларын ортаға салды.
Қарт қаланың Қарағайлы шағын ауданында болған комитет мүшелері күннен күнге көркейіп келе жатқан ауданның даму қарқынын көрді, көппрофильді мәдени-спорт кешенін аралады. Көне қала көркейіп келе жатқанымен, денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелерді жоққа шығара алмаймыз деседі депутаттар.
– Медицина мамандарының жетіспеушілігін министрмен бірлесе отырып талқылаймыз. Кездесу 30 қазанға жоспарланған, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Делегация мүшелері Семейдегі әлеуметтік нысандарды аралаған соң Абайдың туған жеріне жол жүрді. Олар Ақшоқы, Қарауыл, Қасқабұлақ ауылдары мен Жидебайда болып, Құнанбай Өскенбайұлы музейімен, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенімен танысты. Депутаттар Абай ауданындағы әлеуметтік нысандарды да ұмыт қалдырмады.
Шығыс Қазақстан облысы