ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов басқарған Аманқарағай округінің орталығы болған Құсмұрын бекінісі де осы көл жағасына қоныс тепкен еді. Шыңғыстың отбасында қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлиханов дүниеге келді. Жошы ұлысының «шекпенінен» шыққан түркі халықтарына ортақ мұра, Алтын Орданың атақты бас бегі (беклербегі) Едіге би туралы жырланатын «Едіге» эпосының алғашқы жазба нұсқасы осы Құсмұрында хатқа түсті. Жырды 1842 жылы Жұмағұл ақынның жырлауынан жазып алғандар – аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов пен оның ағайындас туысы Ахмет Жантөрин сұлтан. Кейін қолжазба жас ғалым Шоқан Шыңғысұлының сүзгісінен өтіп, ғылымда «Құсмұрын тізімі» немесе «Шоқан нұсқасы» ретінде танылады.
Көркі тартымды, тарихи мекен Құсмұрынға қатысты айтпақ болып отырған ойымыз – көлдің атауы. Оның атауы, сырт қарғанда, ешбір сөкеттігі жоқ, өз орнында тұрған секілді. Ал осы атауға іштей үңілсек, тілдік қолданысқа үйлесе бермейтін қарама-қайшылық бар. Ол қарама-қайшылық адам баласына қолданылатын «мұрын» сөзінің аң-құсқа қолданылуында болып отыр. Қазіргі танымда «Құсмұрын» атауы – «құс» және «мұрын» деген сөздің бірігуінен құрылып, көл маңындағы қырқаның кескіні құстың тұмсығына ұқсайтын болғандықтан осылай аталып кеткен деген пікір қалыптасқан.
Қазақ қай уақытта құстың тұмсығын «мұрын» деп атап еді? Тілімізде аң-құстың, жан-жануарлардың тыныс алу мүшесі орналасқан бөлігін «тұмсық» немесе «танау» деп атау берік орныққан. Олай болса, мына жерде ол неге аяқ астынан адамға қарап айтылатын «мұрынға» айналып кетеді? Қисынсыз екені ой жүгірткен кісіге айқын байқалады.
Ал осындай қисынсыз пікірдің туындауына Сәбит Мұқановтың Шоқан туралы жазған «Аққан жұлдыз» романы себеп болды. Онда жазушы: «Бекіністің сырт желкесіндегі қырқаның тұмсығы сағымды күндері алыстан қараған адамға қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсауына қарай аталып кеткен», – деп жазады. Демек, құс тұмсығына (назар аударыңыз: жазушы «мұрын» деп жазбайды, «тұмсық» дейді) ұқсайтын қырат тек сағым ойнайтын жаз айларында ғана байқалып, өзге мезгілде ол көрініс көзге көрінбейтін болған ғой. Ал сол уақытша көрініс қалай көлдің атауына айналады? Мұнда да бір шикілік бар екені анық көрініп тұр. «Шикілікке оранған» атауда көнеден қалған сыр бар екені күмәнсіз. Өмірдің заңы солай. Шикілік болса – құпия жатқан бір сыр бар. Мақсат сол сырды ашу.
Әлқисса, қазақ аң-құстың, сол сияқты жан-жануарлардың тыныс алу мүшесі орналасқан дене бөлігін «мұрын» демей, «тұмсық» дейді. Табиғаттағы бізге таныс аң-құс баласының тұмсығы әртүрлі: бірі үшкір, сүйір, бірі жалпақ, енді бірі дөңес. Ұзындық тұрғысынан да түрліше: қысқа, ұзын. Демек, құс тұмсығында бірізділік жоқ. Бірізділік жоқ жерде, адам баласының тілдік таным бейнесінде тұрақты сурет, көрініс қалыптаспайды.
Қазақ және өзге де түркі тілдес халықтар «мұрынды» тек адамға қатысты ғана айтады. Не себептен? Себебі адамның бет-жүзінде «мұрын» болмаса, ол бір теп-тегіс кескін береді. Мұрын – бет-жүздің сәні. Сондықтан қазақ «Ер мұрынды, ат ерінді болады» деген. Сонымен қатар «қыр мұрын», «сүйір мұрын», «дөң мұрын», «домалақ мұрын», «тау мұрын», «жалпақ мұрын» деп мұрынның түрлі сипаттарын белгілейді. Ал мұрыны кішкентай адамдарды «пұшық» дейді.
Құс, жан-жануарға қатысты «тұмсық» пен адамның «мұрыны» туралы тілдік бейнелерді неге салыстыра беріп отырмыз? Себебі біздің пайымымызша, «Құсмұрын» атауы «құсқа» да қатысты емес, құстың «мұрынына» да қатысты емес.
Түркі тілдерінде «мұрын» (мурун немесе бурун) сөзі бірнеше мағынаға ие. Орыс зерттеушісі Макс Фасмердің «Орыс тілінің этимологиялық сөздігінде» «мурун мен бурун» фонетикалық ауытқулармен берілетін түркілік бір түбірлі сөз ретінде қарастырылып, оның орыс тілінде төрт түрлі мағынасы бар екені айқындалған. Сол төрт түрлі мағынаның бірі «песчаная местность» дегенді білдіретінін айта келе, ол ұғым түркінің «песчаная коса», «мыс, нос» деген сөздерінен ауысқан деп тұжырымдайды. Мұндағы «песчаная коса» – бұл құмшауыт қайыр (түбек),
ал орыс тіліндегі «мыс» дегеніміз – теңізге немесе көлге сұғынып еніп тұрған жер бөлігі (қазақша мағынада, түбек) екені белгілі. Демек, «Құсмұрын» атауындағы «мұрын» – ол көне түркі тіліндегі «түбек немесе қайыр». «Түбек немесе қайыр» деп қазақ суға сұғына еніп тұрған жер бөлігін атайды.
Сонымен, «мұрынның» мағынасы ашылды. Енді «құс» деген бөлікке келейік. Аталмыш атау – түркі тілдеріндегі «қос, куш», яғни «екі» деген мағына беретін сөздің фонологиялық дыбысталу тұрғысында өзгерген түрі, үлгісі. Башқұрстанда «Куштау» деген жер бар. Оның мағынасы – «Қостау». Биылғы жазда жергілікті халық «Куштауды» шикізат үшін қопармақ болған инвесторлардан қорғап қалғанына бәріміз куә болдық. Ал «қос» деген тіркеспен келетін топонимдер қазақ тілінде «жыртылып-айырылады».
«Қос»-ты «құс»-қа өзгертіп тұрған құбылыс – қазақ тілінің үндестік заңы. Біріккен сөздегі еріндік дауысты дыбыс болып саналатын, мықты «ұ» дыбысы бар «мұрын» бөлігі алыңғы бөлікте тұрған «қос» сөзін өзіне үндес болуға «мәжбүрлеп» (кейінгі ықпал), «қос»-ты «құс»-қа өзгерткен. Тілдің осы бір көзге анық байқала бермейтін нәзік тұсын біздер дұрыс бағамдамай, аспанда ұшып, жерге қонатын құс атауына балап жібергенбіз.
Ұзын сөздің қысқа қайырымы, «Құсмұрын» деген атаудың көне мағынасы «Қос түбек» дегенді білдіреді. Атаудың көлге, сулы жерге қойылғанын ескерсек, «Қостүбектің» қисыны әбден келіп тұр. «Түбек», әдетте, су деңгейінен биік жота болып келеді. Адамның мұрыны да бейне бір тегіс бет-жүздегі биік жота сынды. Ал аң-құс, жан-жануарлардың дене мүшелеріндегі тыныс алу жолдарында мұндай ерекшілік жоқ болғандықтан оны «мұрын» демейді, «тұмсық» немесе «танау» деп атайды.
Ата-бабамыз аталмыш көлді «Қос түбек», яғни «Қосмұрын» деп атағанында бір себеп бар ғой деп, замануи құралдарға жүгінуді жөн көрдік. Сөйтіп Google-дің көктегі спутниктен түсірген картасына назар аударғанымызда, таңданыстан шалқамыздан түссе жаздадық. Онда Құсмұрын көліне сұғына еніп жатқан екі түбек тайға таңба басқандай көрініп тұр (суретті қараңыз).
Астында аэропланы, қолында спутниктік картасы жоқ, мінгені тек аттың үсті болған ата-баларымыздың жер бедеріне, жер-су атауларына ат берудегі тапқырлығына әрі қарапайымдылығына қайран қаласыз!
«Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, Қостүбектің бірін бұрын «жоғалтып» алған едік. Ол былай болған еді: 2005 жылы біздер Шоқанның 170 жылдығына орай, Уәлихановтар ұрпағы, тарихшы ғалым Едіге Жансұлтанұлы Уәлихановпен бірге Құсмұрынға сапарлаған болатынбыз. Сонда жергілікті тұрғындар біздерді көлдің жағасындағы «Тауқұсмұрын» деген жерге апарды. Тауқұсмұрын – көлге сұғына төнген биік жота. Жотаның үсті қалың өскен ақселеу. Тауқұсмұрынның үстінен көл анық көрінеді екен. Тек көл емес, бұл төңіректің көкжиекке ұласқан кеңістігі алдыңызға жайылады. Көлдің көк майса біткен тегіс жағалауы Шыңғыстың бие байлаған жері көрінеді. Ауыл азаматтарының айтуынша, Шыңғыс ауылының игі жақсылары бас қосатын төбе осы Тауқұсмұрын болған. Көл жағасындағы «Тауқұсмұрын» (үлкен) деп аталатын түбектің «Кішіқұсмұрын» деп аталатын сыңары да болуы ғажап емес қой деп ойлап кеткенбіз... Мына суретте біз оны таптық.
Міне, «Құсмұрын» атауының тарих қойнауына қонақтап, көнерген көмбесінде осындай сыр бар.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ
ҚОСТАНАЙ