Пікір • 08 Қазан, 2020

Абай музейінің қуанышы

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын үлкен тебіреніспен оқып шықтым. Абайдың алмағайып заманда өмір сүріп, өз заманында қазақтың темірқазығы болғанын өте орынды атап өткен. Пәлсапалық мәні терең мақаланы оқыған соң музей қызметкерлерімен жиналып, ой бөлістік.

Абай музейінің қуанышы

Тамыры терең, көкжиегі көркем мақаланы Абай музейінің қуанышы деп қабылдадық. Оның себебі де жоқ емес. Біздің музейде абайтануға арналған арнайы экспозиция бар. Елбасының «Абай аманаты» мақаласы бізге жол көрсетті, тың ойлар туды. Сондықтан биік парасатпен жазылған мақала – Абай музейінің қуанышы.

Елбасы осы мақаласында біздің музей туралы жылы лебізін білдіргеніне шын риза болдық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайдың өмірі мен шығар­ма­шылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музей құрылды. Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әкелінген ұлутастардан ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Меккеге айналғанын атап өттім», дейді мақаласында.

Орайы келгенде айта кетейін, қазіргі уақытта Жидебайдың халықаралық атласы жасалуда. Абай академиясымен бірлесіп әзірленетін атлас үш тілде басылып шығарылмақ. Атласты құру мақсатында мықты фотографтар жұмыс істеді. Басылымда Жидебайдың флора, фауна, ландшафты, биоалуантүрлілігі мен тарихи жерлері көрсетіледі. Жалпы, біздің музей ғылыми орталыққа айналу керек. Музейдің ғылыми тұжырымдамасы әзірленді. Хакім Абай туралы 100 томдық кітап шығару жоспарланып отыр. Ол үшін музей қорындағы материалдар жеткілікті. Жоспарлағанымыздай, жыл сайын жүйелі түрде 10 томнан жарық көріп отырады. Бұл жинақ Абайтану саласына қызығушылығы бар кез келген адамға қолжетімді болғанын қалаймыз.

Абай музейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, шетелдерден қонақтар арнайы іздеп келеді. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, «Жидебай-Бөрілінің» рухани Меккеге айналғаны осы емес пе?! Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласы бізге қуанышпен қатар үлкен жауапкершілік те жүктеді. Өйткені танымдық дерегі мол мақалада Абай музейінің мазмұнын ашатын ойлар көп.

 

Тұрдықұл Шаңбай,

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры