Бұл әңгіме көршіміз Ресей мемлекетіндегі И.А.Гончаров тарихи-мемориалдық орталық-мұражайында өткен XVII аймақаралық тарихи-архивтік конференциясында бастау алған болатын. «Дәуірдегі адамдар. Адамдағы дәуірлер» атты жиында басқосқан мәдениет саласының мамандары мұрағаттарды құнды ақпараттардың қайнар бұлағына балап, оны қадірлеу керектігімізді баса айтқан еді.
– Әр мемлекеттің рухани өміріне азық болар маңызды мағлұматтар архивтерде жасырынған. Дәуір алмасса да біз өзіміздің өткенімізді сол жерден іздейміз. Ақиқаты сол. Қаншама алып тұлғалардың өмірінен сыр шертер деректер қордаланып жатыр. Олардың тамырына қан жүгіртсеңіз тарихи оқиғаларға сапар шегесіз. Алмағайып заманда әртүрлі жағдай болды. Бірақ оған біз біреуді кінәлай алмаймыз. Жаңа дәуірдің баспалдағын нық басу үшін өткен ғасырлардың жаңғырығы жаныңа жігер берері даусыз, – дейді Ульянов облысының өнер және мәдениет басшысы Евгения Сидорова.
Жалпы, орыс халқының мұрағаттары XVIII ғасырдан бастау алады екен. Байырғы Киев Русі заманында-ақ əртүрлі жазба ескерткіштер уақыт сандығында сақталса керек. Бұл туралы қарымды қаламгер Сапар Байжанов «Архив – Айғақ» зерттеу еңбегінде айтып, толыққанды қамтып өткен еді. Жазушы: «Ерте кездерде əртүрлі іс қағаздары мен жазбалары князь қоймаларында, яки діни ғибадатханаларда ақша жəне басқа асыл мүліктермен бірге қазына есебінде сақталып келген. XVIII-XIX ғасырларда үкімет тарапынан жарлықтар шығарылып, Сенат, Синод секілді басқару органдары мен негізгі əкімшілік министрліктерінің жанынан архивтер құрылған. Бірақ бір орталықтан басқарудың болмауы, жүйесіздік пен бытыраңқылық архив қазынасының реттеліп сақталуына да, ел мүддесі үшін тиімді пайдаланылуына да қатты кедергі келтіреді», деп толғана жазады.
Шынында, архив таза тарихи материалдар мен өткен өмірдің деректі ескерткішіндей. Ол бір не екі дәуір бұрын күн кешкен тәлімді тұлғалардың ғұмырнамасынан сабақ беріп, сол кезеңнің көкейкесті мәселелерін, дипломатиялық қарым-қатынастарды, саяси-қоғамдық, экономикалық өмірдің сан алуан құбылыстарын зерттеу үшін сақталады. Міне, сол себепті мекемелердегі іс қағаздарын архивке аларда білікті мамандардан комиссия құрылып, қабылданатын істер мұқият сұрыптаудан өткізілуі тиіс, жарамсыз дейтін істер комиссия қаулысы негізінде архив өкілінің қатысуымен тізбе бойынша жойылады. Мұндай сұрыптау барысында қалың істің ішіндегі тұрақты, сақталуға жататын жекелеген құжаттар, сондай-ақ автографтар, мөр, герб қағазы, баспадан шыққан бланк үлгілері өлшеніп алынуы қажет. Ал жарамсыз деп табылған істер мен бума қағаздар архив істері басқармасы өкілінің қатысуымен қағаз өнеркəсібі мекемесіне өткізіледі. Бұл бүгінгі жалғасқан бұрынғының жөн-жоралғысы.
Ресейдегі мазмұнды жиынға барып қайтқан Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев құнды құжаттарды қарапайым халық та көрсе деген ізгі ойда.
– Мұрағат ісін дамыту перспективасында қазіргі заманғы ақпараттық қоғамның қажеттіліктері мен талаптарына жауап беретін ресейлік архивтер деңгейіне жету міндеті тұр. Қазіргі заман технологиясы архивтерден инновациялық өнімдер мен технологияларды белсенді енгізуді, жаңа тәсілдерді қолдануды, архивтік жұмыс түрлерін жетілдіру мен оңтайландыру жолдарын іздеуді талап етеді. Мұрағат өз қызметін үнемі жетілдіріп отыруы керек, туындаған проблемалар мен сын-қатерлерге икемді және тез жауап беруі керек. Мұрағат ақпараттарын пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға ұмтылып, жұмыс әдістерін үнемі жетілдіріп отыруға міндеттіміз, – дейді М.Бектембаев.
Иә, архивтегі айғақтарды қазақтың жүріп өткен жолының жаңғырығы десе де болады. Оған үңілген сайын көзің ашылып, жан дүниең бір ысынып, бір суынары хақ. Мұрағаттар мұхитына қармақ салсаңыз, күршегіңіз көне жазбаларға ілінеді. Онда арғы атаңыздың айтып кеткен сара сөзі мен ғибратты ғұмырының үзігі бар. Қасиетті құжаттарға тіл бітіп сөйлейді, жан дірілі мен айғақты сырын айқара ашып, тілдеседі. Архив – кеніш. Сол кенішті бірге игергеніміз абзал.