Кино • 19 Қазан, 2020

Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов: Өтірікке құрылған фильмге сенбеуге шақырамыз

604 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Британдық комик Саша Барон Коенның қатысуымен шыққан режиссёр Ларри Чарльздің «Борат» фильмі 14 жыл бұрын түсірілсе де дау-дамайы толастамай келеді. Жуырда фильмнің жалғасы шығады дегелі бері көрермендер пікірі сан қилы. Бірі желіде #сanсelBorat акциясын ұйымдастырып қарсылық танытса, енді бірі бейтарап ұстанымды алға тартады. Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов бастаған бір топ жас Манхэттеннің орталық алаңында бейбіт наразылық ұйымдастырып, арзан әзілге сенбеуге шақырды. Олардың айтуынша, шетелдегі қазақ жастары дәл осы фильмнен соң кемсітуге көп ұшырайтын көрінеді. Осы оқиғаға орай біз Димашпен хабарласып, тілдескен едік.

Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов: Өтірікке құрылған фильмге сенбеуге шақырамыз

– Шет елдерде жүрген қа­зақ­тар «Борат» фильмінен кейін көп­­теген кемсітуге ұшы­рап жататындарын айтады. Бұл қан­­шалықты рас? Жеке басы­ңызда мұндай жағдай болды ма?

– Шынында да бөле-жара қарау, алалау осы фильмнен кейін күрт артып кеткендей. Өйт­кені аталған фильмнің желісіне, мазмұнына сенетіндер көп. Тіп­ті менің өзімді де АҚШ-қа ал­ғаш келгенімде көпке дейін Бо­рат деп атап жүрді. Бұл әлі де толастаған жоқ. Қазақстаннан енді ғана келіп жатқан азаматтарды фильмдегі кейіпкерлердің есімімен мазақтап жатады. Мен Қазақстаннан қоныс аударған АҚШ азаматы ретінде айтайын, мұндай сәттерге талай рет куә болдым. Әсіресе елден келген қыз балалар осындай ке­реғар пікірлерден қаралауға, ала­лауға жиі ұшырап жатады. Бұл тұлғаға азамат деп емес, қандай да бір ортаға тиесілі адам ретінде баға­лаудан туып тұр. Осындай қай­шылықты пікірлер мені бей-жай қалдырмады.

– Фильмнің жаңа шығары­лымын күтіп жатқандардың қара­сы көп сияқты. Неліктен аса танымал болып кетті деп ой­лай­сыз?

– Көпшілік көрермен үшін жай ғана күлкі шақырар оқиғалар шығар. Бірақ фильмнің мүлдем шындыққа жанаспайтын оқиға­лар­дан құрылғанын білетін, ұға­тын көрермен де жеткілікті. Ал қазақ халқының мәдениетінен хабары жоқ, ұлтымызды өмірі көрмеген, естімеген шалғайдағы көрер­мен осы өтірікке алданып отыр. Фильмнің түсірілу желі­сі біз телеарналардан көріп жүр­ген әдет­тегі комедияларға мүл­де ұқ­са­майтындығымен ерек­ше. Кино туын­дыда қазақ ұлтын ғана емес, еврейлерді, америкалық­тардың өзін әжуалайтын тұстары бар.

– Бейбіт наразылыққа қа­тысу­­шылар кімдер? Қандай си­пат­та өтті?

– Митингке қатысушылардың дені қалада тұратын қазақтар болды. Біздің наразылық акциямызға қасымда қатарлас жүрген амери­ка­лықтар қолдау көрсетіп, Еуро­па мен Германия, Италия, Корея елдерінен ниеттес жандар табылды. Митингтің айғайламай, дабыра қылмай, у-шусыз мәдениетті түрде, бейбіт сипатта өтуін мақ­­сат еттік. Өзіміздің қара домбы­рамызды күмбірлетіп, ұлт­тық әнде­рімізді әуелетіп, айнала­мызға жаңаша әсер сыйла­дық. Өйткені сөз жетпейтін жерді күй толықтырады. Өйткені  домбыра әу бастан-ақ қазақтың үні болған, тілі болған қастерлі аспабы. Ту­мысынан ән мен жырға құмар қазақ халқының дархан көңілі мен кең тынысты мәдениетін бейбіт ұстанымда жеткізгіміз келді.

– Наразылыққа #сanсelBorat ұранымен шықтыңыздар. Бұ­дан өзге қандай мәселелерге назар аудартқыларыңыз келді?

– Өздеріңізге мәлім, ең бірінші мақ­сат өзгелерге фильмнің үлкен өтірікке құрылған жалған әңгіме екенін айтқымыз келді. Бұл мүл­де Қазақстан туралы фильм емес. Айналадағы ел-жұртты сен­беуге шақырамын. Таймс-скверде қасымызға келіп жөн сұрағандардың әрқайсысына  шама шарқымыз жеткенше мә­дениетіміз бен руханиятымыз жайлы әңгімелеп беруге ты­рыстық. Әрине, кез келген елдің шешілуі тиіс мәселесі бар. Мысалы, Қазақстандағы жан­уарлар дүниесін қорғау шаралары өте нашар, заңнамалық тұр­­ғыда әлі де жетілдіру керек тұстары баршылық. Сол сияқты мүм­кін­дік болса, қауіпсіздікті қамта­масыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бо­­йынша АҚШ тәжірибесін бөлі­суге дайынмын.

– Кейінгі жылдары АҚШ-та ұлт­қа, нәсілге қарай кемсіту мәсе­лесіне қоғамда баса назар ауда­­рылып келеді. «Борат» сияқ­ты фильмдер мәселені одан әрі ушықтыра түспей ме?

– АҚШ – алпауыт, алып мемлекет. Мұнда нәсілдік, ұлттық кем­сітуге қатысты мәселені көр­мейсің. Түрлі мемлекеттен келген босқындар болса да шығу тегі, шыққан ортасына қарамай игілікті өмір сүруге, білім алуға, жұмыс істеуге бар мүмкіндік қарас­тырылған. Бізде әр төрт жыл сайын президент сайлауы өтеді, сол уақы­тта түрлі саяси ойындар Американы әртүрлі жағынан көрсетуі мүмкін. Ал «Борат» сияқты шындықтың ауылынан алыс фильмдерге тосқауыл болуы тиіс. Ұлан-ғайыр тарихымыз бен ұлы далалық салқар мәдениетімізді әжуа етіп, табыс табу үшін ұлтымызды, мемлекетіміздің туын пайдаланып отыр. Фильмнің өтірікке құрылғанын көп адам білуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»