Туризм • 02 Қараша, 2020

«Ұлттық парктің басты проблемасы – қоқыс»

878 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дамир Малгелдиев – Іле-Алатау ұлттық паркінде студент күнінен бері жұмыс істейді. Қатардағы кіші ғылыми қызметкер болып келіп, 21 жыл ішінде Бас директор лауазымына дейін жетті. Жалпы, табиғатты қорғау саласындағы мамандардың бәрі бұл істі өмірдің мәні деп қарайды десек, Дамир үшін Іле-Алатау паркі екінші үй секілді. Аң-құсын, өсімдігін жазбай таниды. Әр тасы мен шөбіне өз ауласындай қарауға тырысады. Парк өміріндегі болып жатқан өзгерістерді мұқият бақылап, оның заманға сай дамуы үшін жасалып жатқан шаруа­ларды сүзгіден өткізіп отырады. Дұрыс шешімдердің қабылдануына барын салып араласады. Жуырда Аюсай шатқалында эко­туризмді дамытуға дайындалып жатқан инфрақұрылымды таныс­тырған Дамир НҰРБЕКҰЛЫМЕН ұлттық парктің келе­шегі мен шешімін таппаған проблемалар жөнінде тілдескен едік.

«Ұлттық парктің басты проблемасы – қоқыс»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Іле-Алатау ұлттық паркі­нің басқа табиғи нысандардан ерек­шелігі қандай?

– Мен біріншіден еліміздегі ең әдемі таулар Іле-Алатау ұлт­тық паркі аумағында екенін мақ­танышпен айтқым келеді. Онда өсетін жасыл шалғындар, жоталардың теңіз деңгейінен биіктігі ұлттық парк сұлулығын аша түседі. Туристер көп баратын мөлдір бұлақ бастаулары, сансыз сарқырамалар, жергілікті және республикалық маңызы бар табиғи ескерткіштер өз ал­дына. Соның бірі – әйгілі Шынтүрген мүк басқан шыршалары. Оған 1968 жылы «табиғат ескерткіші» мәртебесі беріліп, қамқорлыққа алынды. 900 гектар аумақта шыр­шалардың үстінде мүк өсіп тұрғанын басқа еш жерден көр­мейсіз. Сол шыршалар жай­қалған Түрген шатқалының жар­тастарында мұз дәуірінің із­дері қалған, қыртыстарында екі-үш қабаттық мәңгілік мұз қал­дықтары бар. Жалпы, Іле-Алатау ұлттық паркінде 12 шатқал бар болса, туристер көбіне Үлкен Ал­маты, Бутаков, Түрген, Есік шат­қалдарына барады. Қазір қалың нөпір Қаскелең, Ақсай, Қотырбұлақ шатқалдарына да ағыла бастады. Ал Аюсай шат­қалына жазда да, қыста да келеді. Себебі жаяу жүру соқпақтарын қатты қар баспайды. Жазда адамдар мұнда сейіл жасап, серуен құрса, қыстыгүні шанамен сыр­ғанап жатады. Іле-Алатау флораға да, фаунаға да бай. Парк аумағында марал, елік, қабан, мысық, Қызыл кітапқа енген Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы мекен етеді. Өсімдіктердің 1500 түрі бар.

– Қазір Аюсай шатқалында қар­қынды құрылыс жүріп жатыр екен. Осыған қатысты бі­раз шу да болғанынан ха­бар­­­дармыз. Инвесторлар қан­дай негізде инфрақұрылым тұр­ғызуда?

– Аталған шатқалдан Үкімет­тің Жер учаскелерін экологиялық туризмді дамыту үшін уақытша пайдалануға беру туралы Қау­лысына сәйкес учаске алынды. «Туранга Групп» ЖШС жалпы аумағы 37 гектарды құрайтын (Ұлт­тық парк территориясы 199 мың гектар) 34 учаскеде жұмыс жүргізеді. Оның 20-сында тек әлеуметтік нысандар болады. Көру алаңдарын, көпірлерді, қосымша автотұрақтарды ұлттық паркке көмек ретінде тегін жасап береді. 300 шаршы шақырым аумақ­қа визит-орталық салынуда. 2023 жылға дейін 5 шатқалда 7 визит-орталықтың құрылысы жоспарланған. 10 глэмпинг, 1 кемпинг, 1 караванинг болады. Бір этно­ауы­л тұрғызылады. Қазір қолданыстағы 155 шақырым соқпақ жол реттеліп, жаңа жаяу және велосипедке арналған маршруттар ашылады. Меніңше, атал­ғандардың бәрі бүгінгі таң­да туристер үшін аса қажетті дү­ниелер. Мысалы, турист паркті араламас бұрын оның табиғаты, шат­қалдары, арақашықтықтар жайлы, бастысы аумақта жүру ережелері туралы толық ақпарат алуы тиіс. Міне, осы қызметті ви­зит-орталық атқарады.

– Қазір қандай жұмыстар толық аяқталды?

– Визит-орталықтың қаңқасы дайы­н. Желтоқсанға дейін толық бітуге тиіс. Қосымша әжетханалар тұрғызылды. Инвестор жұмысты ұлттық паркте эко­туризмді дамыту жөніндегі тұжырым­даманың аясында ғана жасайды. Тұжы­рым­дамадағы қоршаған ортаға түсетін салмақтың артып кетпеуі үшін қойылған талаптарды арнайы құрылған Қоғамдық кеңес бақылайды. Қоғамдық кеңес эко­туризмге, жер учаскелерін пай­далануға беруге қатысты жұмыс­тардың бәріне араласады. Ин­вестор соның алдында есеп беріп оты­рады. Егер өз міндеттерін орын­дамаса, келісімшарт заң­ға сәйкес біржақты негізде бұзы­лады.

– Аюсай шатқалындағы инвестор жабайы табиғатта серуендеу мектебін ашып жатқанын естідік. Оның паркке пайдасы қандай болады?

– Инвестор үшін басты мақ­сат – турис­тер ағынынан ақша та­будан бұрын, сол келушілерді табиғатқа ұқыпты қарауға үйрету. Адамдар санасына табиғатта се­руен­деудің ережелерін сіңір­месе туризм индустриясына келер зиян жетерлік. Өзіңіз білетіндей, туристер әлі күнге дейін айналаға қоқыс тастап, орынсыз жерде от жағады. Саяхаттың рахаты кәуап пісіру деп ойлайтындар көп. Ал экотуризм идеясы – денсаулық үшін шатқал соқпақтарымен не­ғұрлым көбірек жаяу жүру, өсімдіктерді тану, құстардың сай­раған үнінен, сар­қырама даусынан, таулардың сұлу көрінісінен ләззат алу. Бір сөзбен айтқанда – табиғатпен тілдесу. Санамызда осы мәдениет, білім қалыптасса, балаларымызды алып шыққанда да оларға өсімдік пен жануарлар әлемі туралы ақпарат бе­ріп, бір ағашты кесіп тастауға он-ақ минут, ал қайта өсіруге он­даған жыл керектігін түсіндіре аламыз. Міне, жұмысты осындай тәртіп пен сауаттан бастау үшін «Туран­га Групп» компаниясы «Тамыр» деп аталатын мектеппен қосылып, ашық аспан астындағы сабақтарды бастап кетті. Тауға шыққанда қауіпсіздік ережелерін көпшілік біле бер­мей­ді. Сөйтіп қауіпті жағдайға жиі ұшырайды. «Тамырдың» оқу бағдарламасында ол да бар. Сонымен бірге тамырлықтар ұлттық парктің инспекторларына туристермен қарым-қатынас жасау негіздерін үйретуде.

– Дегенмен де кейінгі жыл­да­ры азамат­тарымыздың таби­­ғат­­қа деген көз­қарасы өзгерді ғой?

– Иә, әрине. Әсіресе пандемиядан кейін адамдар таза ауаның қадірін түсіне бастады. Кез келген дәрігерге барсаң табиғатта көбірек серуендеуге кеңес бе­ре­ді. Қаладағы саябақтарда, біз­дің ұлттық паркте жүретін кісі саны көбейді. Дегенмен де қо­қыс әлі күнге ұлттық парктің нө­мірі бірінші проблемасы десек болады. Сондықтан бақылау-өт­кізу пунктінде келушілердің қол­да­рына соңдарында сорақылық іздері қалмасын деп қоқыс пакетін ұс­татып жіберуді тәжірибеге ен­гізгенбіз. Тіпті, кішкентай ба­лаларының атын жазып, арнайы лис­товкаларды да беретінбіз. Бірақ адамдар біз тегін берген па­кетті паркте пайдаланбай, кейін өз қажетіне жарату үшін алып кетіп жатты. Енді Экология, геология және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігі тапсырмасы бойынша парк аумағындағы адамдар көп жиналатын жерлерге қоқыс алаңдарын қойып, креативті идея ойлап таптық. Мысалы, Аюсай шатқалында екі қонжығын ерткен аюдың мүсіні бар. Аңыз бойынша бір қонжық құрғақ қоқысты, екіншісі дымқыл қоқысты жи­наған. Жас жеткіншіктерге осы әдіс түсініктірек. Біздегі қо­қыс алаңындағы екі контейнер құрғақ қалдыққа, үшеуі дым­қыл қалдыққа арналған. Парк аумағында барлығы осындай 31 алаң болады. Осылайша, туристерді қалайда қоқысты жүрген жерде тастап кетпей, сол контейнерге әкеліп салуға үйрет­кіміз келеді. Сіз де қаладағы пәте­ріңізден қалдықты есіктің аузына емес, арнайы орынға апарып лақтырасыз ғой. Мұнда да сондай әдет қалыптастыру керек.

– Туристерге инспекторлар да ере­жені әрқашан түсіндіріп отыратын шығар?

– Бүгінде 320 орманшы-инспектордың әрқайсысына 2000 гектар шамасындағы аумақ бөлінген. Олардың негізгі міндеті – сол территорияны аралап, өрт­тен, браконьерден қорғау. Кей инс­пекторлардың қарайтын аума­ғына туристік қызмет жүзеге асырылатын жерлер де кіреді. Сон­дықтан инспектор орман ішіндегі браконьерді де бақы­лап, шатқалдағы туристке де қарап жүруі тиіс. Бәріне бірдей фи­зикалық тұрғыдан үлгермей жа­татыны рас. Сол себепті біз қазір паркімізде келу­шілерді ба­қылайтын рейнджерлер шта­тын құрмақпыз. Олар, әрине, айып­пұл салып қорқытумен емес, ережені түсіндірумен, экологиялық ағар­тушылық жұмыспен айна­лысады. Туристер саны кө­бейіп жатқан уақытта мұндай қызметкер бізге ауадай қажет дер едім. Жоғарыда айтқанымыздай, инспектордың негізгі жұмысы – орман қорғау. Жауапкершілік өте жоғары. Ол турис­термен жүріп, ертең бас­қа жерден өртке немесе бра­коньерлік әрекетке жол беріп қоюына болмайды. Бүгінде рейнджерлерге арнайы қызметтік киім, құқықтық ереже дайындалуда. Жыл соңына дейін ол жайында қосымша ақпарат береміз.

– Ұлттық паркте әжетхана да шешімін таппай келе жатқан проблеманың бірі ғой?

– Иә. Себебі канализация тек Алма-Арасанда ғана бар. Тіпті, «септик» қазып, кейін қалдықты алып кететіндей етіп жасасақ та, таулы, биік жерге арнайы техника әрқашан көтеріле бермейді. Дегенмен біз қол қусырып отырған жоқпыз. Жыл соңына дейін 3-4 модульді әжетхана орнатпақпыз. Әрқайсында әйел­дерге, ерлерге және мүгедектерге арналған кабиналар болады. 500 литрлік құтыдағы су күн бата­реялары арқылы жылытылады. Ал қалдықты бөлек поли­гондарға шығарамыз. Уақыт өте биологиялық өңдеу технологиясымен оны қайта пайдалану мәселесін де қарамақпыз.

– Сіз бірнеше жылдан бері осы салада жұмыс істейсіз. Бра­коньерлік әре­кеттерге толық тос­қауыл қойдық деп айта ала­сыз ба?

– Мүлдем жойылды дей алмаймыз. Себебі ұлттық парк аума­ғында жекеменшік саяжай­лар бар. Сол саяжайлардағы адам­дардан аңшы мылтығын табатын фактілер кездеседі. Бірақ жануарларды жаппай жою, Қы­зыл кітаптағы аңдарды ату жағ­дайлары өте сирек. Заң да қатайды, көбі аяқ тартады. Ал өрт жиі болып тұрады. Оған да ту­ристердің мұқиятсыздығы, кәуап пісіру үшін от жағып, өшір­мей кетуі әсер етеді. Бра­ноньерліктен жануар зардап шексе, өрттен өсімдіктер, ағаштар жойылады. Қалпына келтіруге көп уақыт керек.

– Іле-Алатауға келушілер саны кейін­­­гі жылдары қан­ша­лықты көбейді?

– 2018 жылы бізге 250 мың турист келсе, 2019 жылы 300 мыңға ұлғайды. Биыл карантинге байланысты азайып қалды. Осы қараша айына дейін шамамен 150 мың адам кірді. Дегенмен жыл өткен сайын көбейе беретіні сөзсіз. Бұған дейін айтқанымыздай, адамдар пандемиядан кейін ден­саулықтың, табиғаттың қадірін шын түсіне бастады.

– Әңгімеңізге рахмет.

1