Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Барлық елдің таланттарға «тәбеті» күшті
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл үдеріс елімізде 1996 жылдан бастап байқалған. Сол жылдардан бері Германия неміс тілін академиялық деңгейде меңгерген түлектерге жоғары оқу орындарының есігін айқара ашты. 2000 жылдарға дейін Германияға бағытталған интеллектуалдар миграциясы тек гуманитарлық саланы қамтыса, қазір техникалық бағытқа ауысты. Ал Балтық жағалауындағы елдер болса, жоғары шәкіртақымен қоса, тегін тұрғын үй, жұмыс беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Талантты жастарды «меншіктеп алу» жағынан Ресей де ешкімге дес берер емес. Қазір қазақстандық 75 мыңдай жас Ресейде оқып жүргенін осыдан бірер жыл бұрын Ресей президенті В.Путиннің өзі айтқан болатын.
Ресейліктер Омбыдағы техникалық университет жанынан елімізден оқуға кеткен жастарымыз үшін бөлек кампус салмақ. Бұл жоба жүзеге асырылса, 4-6 жылдың ішінде ондағы қазақстандық студенттердің өз Отанымен байланысы үзілуі мүмкін. Себебі ресейлік ассимиляция процесі біздікіне қарағанда қарымдылау. Ресейлік ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, жоғары білімді 50 мың маманның эмиграциясының жылдық шығыны 25 млрд долларға бағаланыпты. Мамандар біздің шығын да осы көрсеткіштің маңайында екенін айтады. Кез келген ел үшін «ақылды милардың» сыртқа кетуі – үлкен шығын болғандықтан, экономикасын дамытуға бағыт алған елдер мемлекеттің тартымдылығын арттыруға ден қойып, елдегі өмір сапасын жақсартуға тырысады.
Мұның барлығы елге түрлі салалардағы кәсіпқой мамандарды тарту үшін аса қажет. Сарапшылар интеллектуалдар миграциясының беталысын интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған саясатты айқындайды деген батыл болжам жасай бастаған.
Біз әлі күнге «орыстар кетіп жатыр» деген біржақты ақпаратпен шектеліп отырмыз. Қазір интеллектуалдар миграциясының деңгейін елден кеткісі келетіндердің санымен бағалағысы келетіндер көбейіп барады. Соңғы дерек: 2020 жылы елден кетіп, мекенжайын ауыстырғысы келетіндердің 50 пайызының жоғары білімі бар. Бұл ресми дерек қана.
Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың сөзіне қарағанда, «орыстар кетіп жатыр» деген ақпаратқа мән берудің тіпті қажеті жоқ. Ресей бізден, ТМД елдеріндегі қандастарының арасынан өзіне қажеттінің бәрін әлдеқашан алған.
– Әлемнің ақыл-ойын бір орталыққа шоғырландыруға бағытталған ғаламдық миграцияның ең соңғы толқыны келе жатыр. Бұл үрдіс АҚШ-та, Батыс Еуропада сыннан өткен. Алпауыт елдер қаржы көздері арқылы Нобель сыйлығы лауреаттарын уысында ұстап отыр. АҚШ-тан шыққан лауреаттар туралы деректер «тегі – жапон, АҚШ азаматы» деген тіркестерден басталады. Ғаламшардың озық ойлы интеллектілері қазір алпауыт елдердің абыройын асқақтатып отыр. Олардың тәбетіне Ресей, Қытайдың өзі тосқауыл қоя алмайды. Бір кездері Ресейден кеткен Андре Гейм мен Константин Новоселов физика саласында Нобель сыйлығымен қанжығасын майлады, – дейді Әзімбай Ғали.
Саясаттанушы Айдос Сарым әлі де болса тәуелсіздікке қырын қарайтын, қазақ мемлекетін мойындамайтын күштер бар екенін айтады. Тіпті өзіміздің қазақтың ішінде мемлекеттілігімізге немқұрайлы, самарқау қарайтын, болашағымызға сенбейтін азаматтар болды. Солар сенбейді екен деп ел көшіп кеткен жоқ. Керісінше, елге ел қосылып, қазақтың басы өсіп жатыр.
Осыдан оншақты жыл бұрын интернетте бағдарлама жасайтын жігіттер өзге ұлттың өкілдері болатын. Қазір өзіміздің қазақ жастары ғаламторға иелік ете бастады. Мұның өзі жақсы көрсеткіш.
Саяси құндылықтардың беталысы түбегейлі өзгерді: ендігі жерде әлемдік тартыс инвестициялық тартымдылық климатын қалыптастыру және адам капиталын дамыту бағытында өрістемек. Демографиялық дағдарыс пен пандемиялық дағдарыс әлемді екі өкпеден қысып барады. Инвестиция үшін тартыс мәселесіне келер болсақ, мемлекеттің тұрақты өсімі үшін жыл сайын 10 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция керек. Елдегі бизнес, экономикалық ахуал соған жұмыс істеуі тиіс. Ал екінші бағыт – адам капиталы үшін күрес – АҚШ пен ҚХР арасында өтіп жатыр. Адам капиталының әлеуеті ашылу үшін оған кеңістік керек.
А.Сарым ең талантты деген ақын немесе әншінің ән-жыр жинағы Қазақстанда 1 АҚШ доллардан сатылса, оны әрбір қазақстандық сатып алса, жиынтығы 18 млн АҚШ доллары болса, бұл көрсеткіш Қытайда 1,5 млрд АҚШ доллары болатынын айтады. Қазақстанда шығарылған бір жейденің өзіндік құны 50 АҚШ доллары болса, Қытайда ол 1 АҚШ долларына тең. Демек, дәл қазір біз сапа жағынан да, баға жанынан да дәрменсізбіз. Сондықтан ірі инвесторлар өрісі кең кеңістікке қаржы салуға бейіл. Халқы санының көптігіне және әлеуетіне сенген елдер көзіне түскен таланттарды өздеріне қаратып жатыр. Біздің мұндай елдермен таласуға да, бәсекелесуге де шамамыз жоқ. Сондықтан бірінші кезекте инвестиция үшін күресте бақ сынау қажет. Әлемдік адам капиталының әлеуеті АҚШ-ты әлемдік державаға, Нобель сыйлығы лауреаттарының зертханасына айналдырды. АҚШ-та тұратын лауреаттар туралы деректерде «тегі – жапон» немесе «тегі – орыс» АҚШ азаматы» деген тіркестер жиі қолданылады. АҚШ бұл үшін намыстанбайды, керісінше әлемдік миграцияның шаң сорғышына айналғанын, әлемдік интеллектуалдың тайқазаны қолдарында тұрғанын ешкімнен жасырмайды.
Сарапшылар эмиграциялық белгілер мемлекеттік саясат пен басқарудағы диссонансты білдіретінін айтады. Адами капиталдың сапасын арттыру, қоғамды, экономика мен өндірісті жаңарту, инновациялық және жоғары технологиялық өндірістер мен қызметтерді дамыту, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыру мемлекет пен биліктің басым бағыттары болып жарияланды. Бірақ сонымен бір мезгілде елдің адами капиталының маңызды бөлігін сақтау үшін нақты шаралар қабылданбады. Эмиграцияны қысқартудың маңызды мемлекеттік саясаты мен бағдарламасы жоқ, елдің қандай нақты экономикалық шығындарды көтеретіндігі туралы әдістеме мен деректер тағы жоқ.
Қазақтың қабілеті де интеграцияланды
Егер табиғи байлық ұшпаққа шығаратын болса, Ауғанстан жер бетіндегі ең бай, ең алпауыт елге айналатын еді. Бірақ олай емес екені белгілі. Адам капиталының әлеуеті ашылу үшін оған кеңістік керек. Ресейлік «Яндекс» компаниясының негізін қалаған Аркадий Волож Қазақстанда жүрсе, оның компаниясы қазіргідей танымалдылыққа ие болмас еді. Ол Ресей асып, идеясын тарататын, қажетсінетін орта тапты. Бірақ түп-тамырын ұмытқан жоқ. Қазақстанға келіп «Яндекс» мектебін ашты. Өзіміздің Димаш Құдайберген мен Сәбина Алтынбековаға Қытайдың назары аумағанда, қазақтың алақанында еркелеп жүрген көп таланттың бірі болып қалар ма еді? Олар қазір ел ішінде де, сыртта да қазақтың атағын аспандатып жүр.
Сондықтан ендігі жерде «таланттарымыз елден кетіп жатыр» деп жылай бермей, оларды алпауыт елдерге таныстырудың, шетелде танылған азаматтарымыздың елмен байланысын үзіп алмауының тетіктерін қарастыруымыз керек. Қажет болса, талантты жастарымызды АҚШ, Батыс Еуропа елдері компанияларына жұмысқа тарту, интеллектуалдарымызға шетелде өзін-өзі жарнамалауға жағдай жасау, олардың танымалдылығын арттыру қажет.
АҚШ, Түркия сынды мемлекеттер адал қызмет етіп, елге пайдасы тиген кез келген азаматты ұлтына, шыққан тегіне, жеріне қарамастан өз адамы санап, төрінен орын береді. Өздеріне тартып, сіңіріп алады. Бұдан олар пайда көрмесе зиян шегіп отырған жоқ. Біз де осы тәжірибеге жүгіне білуіміз керек. Мүмкін өзге ұлт өкілдерінің қазақ ұлтына сіңуін тездететін фактор осы болар, бәлкім. Бірақ біз бұған да дайын болмай отырмыз, – дейді Айдос Сарым.
Интеллектуалды көшбасшы мемлекет саналатын АҚШ ғылым-білімге қаржы бөлуден алдына жан салмайды. Мәселен, әлем халқының 5 пайызына жетпейтін америкалықтардың үлесіне дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 20 пайызынан астамы, ал әлем бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың 40 пайызы тиеді екен. Ал ғылымға жұмсалатын шығынның 75 пайызы бизнестің есебінен қаржыландырылады. Мұндай ұтымды тәжірибе Қазақстанға ауадай қажет. Қытай 2020 жылы ғылымға жұмсалатын әлемдік шығынның 20 пайызына жетуді көздеп отыр. АҚШ, Жапония секілді мемлекеттерде интеллектуалды әлеуетті дамытуға мүмкіндік беретін арнайы ғылым қалалары көптеп ашылған. 2015 жылдары Ресей саясаттанушысы Сергей Мироновтың бастамасымен «Ұлттың интеллектуалды ресурсы» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданған. Халқының 60 пайызын жоғары біліммен қамтамасыз еткен Ресей бұл көрсеткіш бойынша әлемде алда келеді. Израиль мен Канада халқының – 42 пайызы, АҚШ-тың – 40 пайызы, Жапонияның – 38 пайызы, Швеция мен Финляндияның 36 пайызы жоғары білімді болып саналады. Ал ғылымға қаржы аямайтын елдердің қатарына Швейцария, Израиль, Франция, АҚШ, Германия, Исландия, Сингапур, Жапония жатады. Шағын Швейцария мемлекеті бүгінге дейін Нобель сыйлығы мен ғылыми патенттер иелену жағынан жетекші тұғырдан түскен емес.
Ұлттың интеллектуалды көшбасшылығын қамтамасыз етуде шешуші фактор – ақпараттық қолжетімділік пен ақпараттық революция екені мәлім. Жапония, Оңтүстік Корея, Дания, Исландия, Ұлыбритания, Франция, Аустрия және Испания елдерінде халық толықтай дерлік компьютермен және интернет жүйесімен қамтылған. Ғаламдық көші-қон үдерісінің тамыршылары «түпкі тегін іздеу ХХ ғасырға тән құбылыс, ХХI ғасырда оның жаңғырығы ғана қайталанады», дегенді айтуда. Шынында да солай сияқты. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған көші-қонның ендігі беталысы – қазақ жеріне келіп қоныстанған қандастарымыздың тұрмыс-жағдайына ғана емес, қоғамда алар орнына қарап та бағаланатыны сөзсіз. Егер сіз «әлемдегі ең интеллектуалды ұлт қайсы?» деген сауалға жауап іздеп, ғылыми еңбектер мен интернет сайттарын ақтарсаңыз, кез келген ұлттың «ең ақылды ұлт – бізбіз» деп мақтанатынына куә болар едіңіз. Құдайға шүкір, біздің де мақтан етер тұлғаларымыз баршылық. Бірақ қазақтың бір бөлігі – сыртта. Біз іштегі қазақпен бірге сырттағы қазақты да мақтан ететін деңгейге көтерілуіміз керек.
АЛМАТЫ