Пікір • 27 Қараша, 2020

Халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі

636 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2012 жылдың 1 желтоқсанында елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні мемлекеттік мереке ретінде атап өтілді. Мұндай елеулі күн – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына және мемлекетіне сіңірген орасан зор еңбегіне деген ерекше құрмет.

Халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі

Ұлт Көшбасшысының тұрақты және жүйелі негізде атқарып келе жатқан өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде Қазақ­стан серпінді даму жолына түсті, саяси, экономикалық және әлеуметтік, оның ішінде денсаулық сақтау саласы жаң­ғыр­тылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өте отырып, Елбасымызға, мемлекеті­міздің қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи еңбегіне құрмет көрсетеміз.

Қазақстанның және Тұңғыш Пре­зи­денттің айрықша жетістігі – жаңа елорда – Нұр-Сұлтан қаласының салынуы. Өткен 22 жыл ішінде қатардағы облыс орталығының орнында қала құрылысы, сәулет саласындағы барлық әлемдік талаптарға, сондай-ақ осындай деңгейдегі және мәртебелі қалаларға қойылатын басқа да талаптарға сәйкес астаналық функциялары бар заманауи іргелі қала пайда болды. Нұр-Сұлтан тәуелсіз Қазақстанның айшықты келбетіне айналды. Елорда бүкіл рес­публика өмірінің реңі мен қарқынын белгілейді. Елорданы көшіру Тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің даму барысын айқындап берген дәуірлік оқиға болды.

Нұрсұлтан Назарбаев  мемлекетті басқарған кезеңде Қазақстан ұлы жетіс­тіктерге қол жеткізді.1991 жылдан бас­тап Қазақстан экономикасы 20 есеге жуық өсті, бір жарым мыңнан астам мектеп, екі мыңнан астам емхана мен аурухана, мыңға жуық балабақша салынды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы – 67 жастан 73 жасқа дейін өсті. Осының барлығы Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асты.

Тұңғыш Президенттің басшылығы­мен елімізде бұрын-соңды болмаған 14 500 шақырым жол салынды және қайта жөнделді. Бұл жай жолдар емес, бетон жолдар, автобандар. Бұрын бес-алты сағатта еңсерілген жолды қазір екі-үш сағат­та жүріп өтеміз. Сондай-ақ 2 500 ша­қы­рым темір жол, Каспий теңі­зін­де екі порт салынды. Бұл бағытты сақ­тау ғана емес, дамыту да маңызды. Автожол құрылысының кейбір жобалары­на мен өзім де қатыстым. Сол кезде елдің эко­но­микалық, индустриялық әлеуетінің қан­шалықты артқанына көз жеткіздім.

Тұтастай алғанда, егер Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Тұңғыш Президент, Елбасының басшылығымен жүзеге асырылған табысты реформалар мен жетістіктерді өте ұзақ уақыт атап өтуге болады.  Бүгінде Қазақстан ас­қара­лы биіктерден көрі­ніп, халық­ара­лық аренадағы бедел­інің  биік болуы Нұр­сұлтан Назар­баев­тың  дипло­мати­ялық қа­рым-қатынастағы еселі еңбегінің нәти­жесі екендігі сөзсіз. Шынында да, бұл тарихи өлшемдер бойынша қысқа мерзім, бірақ Қазақстан осы жылдар ішінде егеменді даму жолында маңызды қадамдар жасады және айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Менің ойымша, еліміздің әрбір азаматы үшін Тұңғыш Президент күнін мереке­леудің маңызы зор.  Бұл – Қазақ­стандағы халық бірлігі мен келісім күні. Еліміздің Тұңғыш Президенті тарих­қа егемен Қазақстанның барлық жетіс­­тік­терімен байланысты Тұлға ретінде, бүкіл қызметі өз халқына қыз­мет ету­дің жарқын үлгісі болып табылатын әлем­дік ауқымдағы көрнекті саясаткер ретінде мәңгілікке енді.

 

Ерік СҰЛТАНОВ, 

Парламент Сенатының депутаты