Шикізатқа тәуелді
валютаға сенім аз
– ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарының бекітілуі өзара сауда-саттықты қалпына келтіруге және арттыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Аталған міндеттің шешілуі қаржыландыру тетігін қалыптастыру жөніндегі келіссөздерді тездетуді талап етеді. Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың рөлін біртіндеп арттыру, сондай-ақ Еуразиялық қаржыландыру, кеңес беру механизмін қалыптастыру жөніндегі Жол картасы сияқты шаралардың қабылдануы бұл процестерді тездетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, бірер жыл бұрын 2025 жылы Алматыда ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттық деңгейден жоғары тұратын орган құрылады деген сөз шыққан-ды. Сол сияқты, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев былтыр желтоқсанда Алматыда Халықаралық валюта қорының Орталық Азия, Кавказ елдеріне және Моңғолияға техникалық көмек берудің аймақтық орталығын ашуға дайын екенімізді айтты. Сарапшылар Мемлекет басшысы ұсынып отырған еуразиялық қаржылық кеңес беру мәселесімен ЕАЭО жанындағы жаңадан ашылатын қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттық деңгейден жоғары тұратын орган айналысуы мүмкін екенін айтады.
Әлемдік валюталар қоржынын әртараптандыру валюталық тәуелділіктің алдын алатыны белгілі. ШЫҰ-ға мүше елдер өзара сауда қатынасын ұлттық валюталармен жасау керек деген идеяның пісіп-жетілгенін көріп отырмыз. Бұл әсіресе Қазақстан тәрізді даму жолына енді түскен елдерге өте қажет.
Кедергілер де бар, әрине. Қытайдың ШЫҰ елдерімен саудада екі жақтың ұлттық валюталарын пайдалануға ұзақ уақытқа дейін мүдделі болмай келгені белгілі. Оған өкпе жоқ. Шикізатқа тәуелді елдің валютасына сенім жоқ екені бұрыннан белгілі. Демек Қазақстан Президентінің ұсынысы ең алдымен теңгеге дем беруге деген ниеттен туып отыр.
Құқықтық жағынан ғаламшардағы аумақтың төрттен бірін, Жер бетіндегі халықтың 40 пайызын және әлемдегі ішкі жалпы өнімнің үштен бірін қамтитын ШЫҰ кеңістігінде Swop жүйесі бойынша ұлттық валютамен төлем жүргізу тетігін бірер қаулының күшімен іске асыра алмаймыз.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жуырда Парламентке «Техникалық реттеу туралы» заң жобасын таныстырған кезде нарықты сапасыз тауарлардан тазартуға кірісуге ниетті екенін, нарықты қадағалау институты енгізіліп жатқанын айтты. Еуразиялық экономикалық комиссияның жалпы процестерімен интеграциялануға кіріскелі отырғанымызды да сол жиыннан білдік. Қысқасы, сарапшылар министр Б.Сұлтанов ұсынып отырған заң жобасы нарықты сапасыз тауарлардан тазартуға мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Нарықты сапасыз тауарлардан тазарту үшін бірнеше бағыттарды кешенді түрде шешіп, монетарлық егемендікке қол жеткізуіміз керек. Ұлттық инвестиция немесе ұлттық инвесторлар экспорттық-шикізаттық векторға индустриалды-инновациялық сипат бере алады. Шикізатты сатып, экспорттың пайдасына жұмыс істеп келе жатқанымызды Мемлекет басшысы осыған дейін де айтқан. Бұл процесс неғұрлым ұзақ уақытқа созыла берген сайын теңгеміз де сыртқы тегеуіріндерге төтеп бере алмай, күзгі жапырақтай қалтырай берері анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Импортты ұмытыңдар» деген ескертпесі де ел есінде. Демек, бізге дағдарыстан қысылмай, ес жиып алуға берілген жалғыз фактор – импортты ұмыту, импортты алмастыратын мемлекеттік бағдарламаны дағдарыс жағдайына бейімдеп тағы бір ширатып алу.
Сарапшы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қытайдың алыс-жақын шетелдерге деген көзқарасын олардың импорттық тауарларының сапасына қарап бағалауға болады. Ел ішінде қытай немесе қырғыз тауарларына айтылатын сын көп. Сарапшылар сырттан келетін тауарлардың тек сапалысын ғана ішкі нарыққа жіберуді заңдастырудың қажеттігін көптен айтып жүр. Біздің импорт тауарларына деген талғамымыздың түзелуіне мүмкіндік беретін бірден-бір фактор осы екенін тілге тиек еткен сарапшы Досым Сәтпаев елдегі тауар нарығы жабайы нарық деңгейінен алыстап кете алмағанын да ескертіп өтті. Отандық нарық сапасыз тауарлардың шаңсорғышына айналды, сапаға емес, бағаға мән беретін тұтынушылар тобын қалыптастырды.
Біздің тауарлар нарығын екіге бөлуге болады: біріншісі – Еуропа және Түркиядан тасымалданатын сапалы тауарлар, ал екіншісі – жан-жағымыздан келіп жатқан арзан және сапасы да соған лайықты тауарлар. Көршілес елдер біздің халықтың тұрмысын бақылап отырғанын, күнкөріс нашарлаған жағдайда сүйек-саяғын бізге қарай сырғыта салуға дайын екенін айтып өткен Досым Сәтпаев бұл жағдайдың алдағы уақытта жалғаса беретінін де ескертті. Себебі қазақ нарығы өзбек, түрікмен тауар өндірушілерінің тауарларымен толығып жатыр.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын статистикадағы бұрмалаушылықтар, көрші елдерден келіп жатқан тауарлардың статистикалық көрсеткіші мен шын көрсеткіші жайлы мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді. Статистикалық айқындыққа қол жеткізсек, біраз мәселе реттеледі. Ішкі нарықты сапасыз тауарлардан тазарту арқылы талғамы жоғары тұтынушылар қоғамын қалыптастыру алдымен бізге керек. Бұл тек киім-кешек қана емес, азық-түлік тауарларына да қатысты. Осылардың бәрі назарға алынса, шешімін тапса, Қазақстан халқының қанша пайызын киіндіріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр деген мәселенің беталысы айқындалады, – дейді Д.Сәтпаев.
Осыған дейін Қазақстан мен Қытайдың инвестициялық және сыртқы сауда белсенділігіне қолдау көрсету мақсатында ҚР Ұлттық банкі мен Қытай Халық банкі арасында Қазақстан теңгесі-Қытай юані валюталық Swop туралы келісімге келгенін хабарлаған болатын. Ал қараша айының алғашқы онкүндігінде Түркия Республикасы Орталық банкі (TCMB) мен ҚХР Орталық банкі арасында Ақша алмастыру (Swap) келісімі 3 жылға созылды деген ақпарат таратты. «Ресей мен Қытай өзара есеп айырысуды ұлттық валютада ұлғайтуға кірісті» деп хабарлады Қытай Халық банкі жуырда.
Атап айтқанда, 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында ҚХР мен РФ шекара саудасында юань-рубльмен өзара есеп айырысу көлемі 48%-ға өсті. Юань-рубль облигациясы бойынша тікелей сауда-саттық ашылып, доллардың кросс-бағамы бойынша бір-біріне қарсы белгіленуден бас тартты. Қазір Ресей мен Қытай ұлттық валютамен есеп айырысу туралы үкіметаралық келісімді дайындауға кірісті. Бұл тек есеп айырысу туралы ғана емес, сонымен бірге ұлттық валютамен жасалатын клирингтік операцияларды да қамтиды. Демек ШЫҰ мен ЕАЭО шеңберінде қабылданған жобалардың беталысын, логистикалық тізбектің мүмкіндігін өзіміздің мүмкіндігімізге қарап бейімдейтін кез келді. Себебі Қытай орталық банктермен тікелей своп-желілер немесе валюталар жұбын өсірудің кезі келді.
Теңгені тағы бір
ширатып алу керек
2020 жылы Қазақстанда шетелдік банктер көп тіркелген жоқ. Бірақ 2021 жыл бұл секторға тосын жаңалықтар әкелуі мүмкін. Себебі алдағы жылдан бастап бізге шетелдік банктер келе бастайды, біз банк секторында ДСҰ шарттарын қабылдаймыз. Сарапшылар 2025 жылы экономиканы несиелеудегі шетелдік банктердің үлесі 50%-дан асып кететінінін, банк секторындағы негізгі бәсекелестік ресей және қытай банктері арасында өтетінін айтып жатыр. Демек Үкімет ендігі жерде теңге – юань немесе рубль – теңге арасындағы Swop бәсекесінде теңгенің әлеуетін тағы бір ширатып алу керек.
Экономист Мақсат Халық Мемлекет басшысының еуразиялық қаржылық кеңес беру туралы ұсынысы өте өзекті екенін айтады. Қытай тауарлары Орталық Азия арқылы Еуропаға тасымалданады. Сондықтан логистикалық тізбектер үшін Swop жүйесі теңгеге қуат беретін факторлардың бірегейі болуы да әбден мүмкін. Себебі АҚШ доллары құбылмалы валюталардың бірі. Қорымыздың көп бөлігін АҚШ валютасымен сақтаудың күмәнді тұстары анықтала бастады. ШЫҰ немесе ЕАЭО шеңберінде ұлттық валютамызбен төлем жасау тетігін жетілдірудің қажеттігіне күмән келтіруге болмайтынын айтқан Мақсат Халық қытай юані бүкіл әлемдік деңгейде мойындалған валюта екенін де ұмытуға болмайтынын, көрші елмен сауда-саттықтың қауіпті тұстары бар екенін де айтып өтті. Қытаймен дипломатиялық байланысты оның сыртқы саясатындағы трендтерге қарап үйлестіріп, жиі-жиі өзгертіп отырудан ұтылмаймыз.
– ЕАЭО-ның Қазақстанға кері әсері байқала бастады. Ортақ валюта мәселесі де жиі айтылып жүр. Біз Swop жүйесін жетілдіріп, еуразиялық қаржылық кеңес беру механизмін қалыптастырсақ, ортақ валюта тақырыбы күн тәртібінен түсіп қалады. Одақтас елдер тең мүдделі болуы керек. Тең мүдделі елдер арасында ғана ортақ валюта мәселесін көтеруге болады. Мемлекет басшысы ШЫҰ аясында ұлттық төлемді жетілдіру мәселесіне басымдық бергенін Ресейдің ЕАЭО-дағы бір бағытты көздейтін басымдығынан кетудің басы деп қабылдадым, – деген М.Халық тек ЕАЭО немесе ШЫҰ шеңберінде емес, Түркия, Өзбекстан немесе Түрікменстанмен сауда-саттықта Swop жүйесін қолдануды қалайтынын айтты. Сол кезде бізде балама да болады, сыртқы факторлардан қысымдық байқалған жағдайда таңдау да болады.
– Ұлттық валютаның тағдырын Ұлттық банктің шешіміне немесе Қаржы министрлігінің жауапкершілігіне байлап қойғысы келетіндердің қатары көбейіп барады. Теңгеміздің тағдыры елдегі экономикалық, әлеуметтік реформалардың нәтижесіне тәуелді. ШЫҰ немесе ЕАЭО елдері арасындағы сауда-саттықта ұлттық валютамыздың азулы болуына Президенттен бастап ауылдық деңгейдегі әкімдерге дейін жауапты, – деп сөзін түйіндеді М.Халық.
Қаржыгер Ілияс Исаевтың пікірінше, АҚШ-тың санкциялар соғысы тек Ресейге емес, сауда соғысы арқылы Қытайға қарай да ойыса бастады. Жапония, Германия тәрізді алпауыт елдер доллардың үстемдігіне мүдделі емес. Олар ұлттық валютамен есеп айырысуды әлдеқашан бастап кетті.
– Әлемдік қаржы балансындағы салмағынан айырыла бастаған АҚШ пайыздық мөлшерлемені көтеру немесе сауда соғысы арқылы доллардың үстемдігін сақтауға мүдделі. Ресейден келетін импорттың жартысын рубльмен төлеу біз үшін АҚШ доллары мен Ресей рублінің қыспағында қалумен тең, – дейді ол.
І.Исаев экспорт-импорттық сауданы ұлттық валюта Swop жүйесімен жүргізуге ешқандай кедергі жоқ екенін айтады. Экономистер сауда немесе төлем кезінде валюталар арасындағы айырмашылықты дәлме-дәл есептеп беретін паритет жобасын ойлап тапқан. Мұндай жүйе, экономиканың АҚШ долларына деген тәуелділігін әлсіретуге апаратын жол екен. Бірақ жан-жағымыздағы елдер құп алған жобаға қатысты Қазақстан әзірге нақты шешімге келмегендіктен, мемлекет бұл мәселеге қайыра соғуға мәжбүр болып отыр.
Доллардың ықпалынан шығуға мүдделі емес
Қалталылардың көпшілігіАҚШ валютасының ықпалынан шығуға мүдделі емес деуге болады. Себебі экспорттық және импорттық сауда саттықта долларға басымдықтың берілуі оларға тиімді. Халықаралық келісім бойынша әлемдегі кез келген сыртқы сауда процесі АҚШ долларымен жасалуы тиіс. Еуропалық қайта құру және даму банкінің базалық деректерінде еуроаймақтағы өндірістің құлдырауы өзінің төменгі шегіне жеткені айтылған. Бұл қаржы нарығындағы либералды монетарлы саясат пен құнды қағаздар нарығының жандану фазасына ауыса бастағанын көрсетеді.
І.Исаев Ресей экономикасының басты макроэкономикалық көрсеткіштері, ШОБ-тың деңгейі мен экономиканың өсіміне ықпал ететін маңызды шешімдер ЕАЭО шеңберінде немесе Ресеймен бір мезгілде қабылданғаны дұрыс екендігіне назар аудару қажеттігін де айтып өтті. Мысалы Ресейде салық саясатына қатысты біраз жаңалықтар бар. Бізде де бизнеске қатысты салық жеңілдетілді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей АҚШ немесе Батыс елдерінің қысымын сауатты қаржы жүйесімен емес, ШОБ-тың, ұлттық капиталдың әлеуетімен әлсіретуге тырысып жатыр. Демек бізге де ішкі мүмкіндігімізді тағы да бір ширатып алатын кез келді. Ішкі мүмкіндігімізді ширатудың бір жолы – ұлттық валютамызды Swop бәсекесіне дайындау.
АЛМАТЫ