Спорт • 22 Желтоқсан, 2020

Садриддин Ахмедов Мексикада жұдырықтасады

594 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бірінші орта салмақта күш сынасып жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов 30 қаңтарда Мексиканың Куэрнавака қаласында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді, - деп хабарлайды Egemen.kz

Садриддин Ахмедов Мексикада жұдырықтасады

Жерлесіміз нидерландтық Стивен Даньомен жұдырықтасады. 31 жастағы Қызғалдақтар елінің өкілі осы күнге дейін 23 мәрте рингке көтеріліп, 17 рет жеңіс тойын тойлады. Алты қарсыласын ол нокаутпен ұтты. Үш кездесуде ұтылып, тағы үш бәсекеде тең есеп тіркелді. Осыдан үш жыл бұрын Англияның Саутгемптон қаласында ұйымдастырылған жарыста Даньо қазақстандық Александр Журавскиймен кездесіп, ұпай санымен басым түскен еді.

Ал 22 жастағы Садриддин Ахмедовтың WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы деген атағы бар. Кәсіпқойлар арасында 11 жекпе-жек өткізген ол барлығында жеңіске жетіп, 10 қарсыласын есінен тандырды. Бұл бәсекеде WBA Continental тұжырымының алтын белбеуі сарапқа салынады.