Қоғам • 29 Желтоқсан, 2020

Тоқыма фабрикасы тоқырағалы тұр

1547 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде түйе мен қой жүнін өңдеп, тоқыма бұйымдарын шығаратын фабрика көп емес. Соның бірін алты жыл бұрын Caspiy Lana Atyrau серіктестігі ашқан еді. Мұнай мен газ­ды мол өндіретін өңірде 2,4 млрд теңгеге салынған бірегей жобаны «Аты­рау» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­­­порациясы» АҚ мен «Достан ата» шаруа қожалығы бірлесе іске қосты.

Тоқыма фабрикасы тоқырағалы тұр

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ашылған тоқыма фабрикасына шетелдік құрал-жабдықтар орнатылып, жаңа кәсіпке бет бұрған жергілікті тоқымашыларға Франция, Италия, Бельгия мен Моңғолия секілді елдердің жетекші мамандары кеңес берді. Жергілікті мамандар шетелде біліктілігін жетілдіріп, фабрика жұмысы жолға қойылған еді. Сол кезде жоба құрылтайшылары фабрикада бастапқыда 100 тонна түйе, 350 тонна қой жүнін өңдеуді жоспарлады. Мәселен, алғашқы кезде мал жүнін жуып-тазалау, бояу іске асырылды. Одан соң тазаланған жүнді тарап, түбіті алынды.

Жобаға сәйкес фабрикаға 150 адам жұмысқа тартылуы тиіс болатын. Сөйтіп, жылына 400 мың метр жұмсақ жамылғы шығару басталды. Кейінгі жос­парда тұтынушыға трикотаж костюм, шұлық секілді күнделікті тұтынатын бұйымдарды ұсыну бар еді. Алайда фаб­рика ұжымы бес жылда 210 тонна жүн өңдеу­мен ғана шектелді.

Тоқыма фабрикасынан шы­ға­рылған жылы жамылғы мен көр­пе-төсемдерге кәсіп­керлер де, компаниялардан да тапсырыс болғаны жасырын емес. Тіпті ТМД мен Еуропа елдерінен тү­сіпті. Ал Атырауда «Байзар» сау­да орталығы ар­қылы сатылды. Енді соның бәрі «бәлду-бәлду, бәрі өтірік» де­геннің керіне ұшырап отыр. Өйткені дәл қазір тәуір жобаға саналған тоқыма фабрикасы тоқырағалы, басқаша айтқанда, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Неге?

Мұның бір себебі бар. Бұл – фабриканың жобада қарас­тырылған өндірістік қуа­ты­ның 30 пайызын ғана пайдалануы. Мәселен, тігін цехы­ның меңгерушісі Салтанат Мұхам­­бетованың айтуынша, мемлекеттен бұрынғыдай ауқым­ды тапсырыс берілмейді. Осыдан кейін қаржылық қиын­­дық туындапты. Тіпті фа­б­ри­­када жұ­мыс істейтіндер жа­лақысын уа­қытында алмай отыр. Ал жала­қы болмаған соң зейнетақы, міндетті əлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қорына аударылатын жар­налар мен салықтық тү­сімдер кешіктірілетіні даусыз. Міне, осын­дай себептер кей­бір маман­дардың жұмыстан шығып кетуіне түрткі болған.

1

Енді тоқыма фабрикасы ке­зігіп отырған қиындық қалай шешімін табады? «Атырау» ӘКК» АҚ активтерді, еншілес жəне тəуелді мекемелерді бас­қару департаментінің директоры Марат Қаппаровтың пікірінше, қиындықтың бәрі шикізаттың тапшылығынан туындаған. Өйт­кені бұл фабриканың жұмы­сы­ның негізгі өзегі – шикізат. Алай­да фабрикаға жүн тапсыру­шы­лар азайды. Осы кез­ге дейін мұнда жұмыс істеген шет­ел­дік мамандар еліне кетіп, пан­демияның кесірінен қайта орал­мапты. Атыраудағы тоқыма фабрикасының бүгінгі ахуалы осындай. Ал коммуналдық мекемелерге 7 млн теңгеден астам қарызы бар. Отандық өн­дірістің қашан оңалары бел­гісіз. Шаруасы шатқаяқтап тұрған фабриканың еңсесін тіктеуге қолдау көрсетер инвестор табыла ма?

Айтқандай, отандық бизнес өкілдерінің біразы жаһан экономикасын жан алқымнан алған пандемияның зардабын көріп отыр. Бұған «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының ша­ғын және орта кәсіпкерлік сала­сындағы кәсіпкерлер арасында жүргізген сауалдама нә­тижесі дәлел бо­ла алады. Сауал­дамаға 645 кәсіп­керлік субъектісі қатысып, қо­ғам­дық тамақтандыру, білім беру, сау­да, туризм, қызмет көр­сету, ойын-сауық нысандары сынды қызмет түрлері зерттелді.

– Сауалдама қорытын­ды­сына тоқталсақ, оған қаты­сушылардың 61 пайызында қаржылық жағ­­дайы нашарлап, әлі де рет­тел­мегені анықталды. Респон­дент­тердің 34 пайызы қаржылық жағдайы мүшкіл екенін көрсетті. Ал 5 пайы­зына пандемия әсер етпеген. Төтенше жағдай кезе­ңінде са­уалдамаға қатысқан кә­сіп­орындар ақысыз демалысқа

2 239 жұмыскерді жіберсе, 1209 адам қысқарып қалған, – дейді өңірлік филиал директоры Аб­долла Идресов.

Оның айтуынша, елдегі тө­тенше жағдай жарияланғаннан бері өңірлік филиалға кәсіп­кер­лік субъектілерінен 600-ден астам өтініш түсіпті. Не­гі­зінен кәсіп­керлер са­лық­тық жеңілдіктер мен қар­жы­­­лық қолдау шараларын көр­­сетуге, форс-мажорлық жағ­­дай­ларды тануға, жалдау және коммуналдық төлемдерді кейінге шегеру, карантиндік ке­зең ішінде жүріп-тұруды шек­­темеуге өтініш білдіреді.

 

Атырау облысы