Экология • 25 Ақпан, 2021

Табиғатқа қарсы тағылық: Бұған жаңа Экологиялық кодекстің талабы тоқтам сала ма?

1561 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мұнай мен газ секілді табиғи байлықтың үстінде отырған Атырауда тұмса табиғатқа жасалып отырған тағылық тоқтар емес. Соның кесірінен өңір тұрғындарының жұтар ауасы жиі-жиі ластанады. Біресе күкірттің иісі қолқаны қабады. Енді бірде қамыс өртеніп, көкжиектен көтерілген қара түтін көк жүзінде қаптайды. Шаһар маңындағы қоқыс алаңы да әлсін-әлсін отқа оранады. Бірақ қоршаған ортаны ластауға кінәлілердің анықталмай қалатыны, тіпті қандай шара қолданылғаны ашық айтылмайтыны тұрғындарды алаңдатып отыр. Тек кейбір мекемелердің ғана аты аталып, соңында бәрі айыппұл төлеумен құтылады. Ал айыппұл салумен шектелу атыраулықтар жұтар ауан­ы тазарта ма?

Табиғатқа қарсы тағылық: Бұған жаңа Экологиялық кодекстің талабы тоқтам сала ма?

Атырау – ластанған қаланың бірі

Мұндай пікірді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев атыраулық ҮЕҰ өкіл­дерімен, экобелсенділермен кездесуде біл­дірді. Министрдің қатысуымен өткен аптада Атырауда жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын талқылаған кеңес өтті.

– Бізді аймақтағы экологиялық жағ­дай алаңдатады. Атырау еліміздің ең лас­танған қалаларының қатарына кіреді. Әрине, бұл жағдайды жақсарту қа­жет. Бұл маңызды жұмыста белсенді аза­­мат­тар тарапынан қолдау, көмек қа­жет. Мен қашанда сындарлы диалогқа ашық­пын, – деді Мағзұм Мырзағалиев. – Біз Атыраудың экологтарымен, қоғам өкіл­дерімен бірнеше рет кездестік. Сондай кез­десулердің нәтижесінде Жол картасы қабылданды. Жаңа Экологиялық кодексте осы бағытта перспективалы мүмкіндіктер ашылады. Ең маңыздысы, кодекс ірі лас­таушы кәсіпорындардың әлеуметтік жа­уапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрдің орынбасары Ахметжан Пі­рімқұловтың дерегіне жүгінсек, жа­ңа кодекске сәйкес, 2022 жылдан бас­тап жергілікті атқарушы органдар та­би­­ғатты қорғау шараларынан түсетін эко­ло­гиялық төлемдер есебінен 100% көле­мінде қаржыландырылады. Мәсе­лен, атмосфералық ауаның ластану дең­гейі жоғары 10 қаланың қатарына кі­ретін Атыраудағы жағдайды шешу үшін Экологиялық кодекс шеңберінде «лас­таушы төлейді және түзетеді» қағи­датын енгізу көзделіпті. Мұнда ең озық қол­жетімді технологияларға көшу, қор­шаған ортаға әсерді бағалаудың жа­ңа тәсілдерін қолдану, экологиялық заңна­маны бұз­ғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, шығарындылар мониторингінің автомат­тандырылған жүйесін енгізу, өндіріс және тұтыну қалдықтарын бас­қаруды же­тілдіру сияқты бағыттар іске асырылады.

– Ірі кәсіпорындар 10 жыл ішінде экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес ең озық қолжетімді технология­ларды енгізуі тиіс. Осы кезеңде олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар озық қолжетімді техно­логияға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлемдер өседі. Мәселен, 2025 жылы 2 есе, 2028 жылдан 4 есеге көбейсе, 2031 жылдан бастап 8 есе өседі. Экологиялық кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік те күшейтіледі. Соның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асып кеткені үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге ұлғайды. Ал қалдықтарды жинау немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл 5 есеге дейін артты, – дейді ол.

Экологиялық кодекстің мұндай жаңа нормаларына қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдау білдіріп отыр. Мәселен, «Атамекен Эко» қоғамдық қорының тө-р­аға­­сы, экоамбассадор Арман Хайрул­линнің айтуынша, кодекстің 175-бабына сәйкес кәсіпорындар анықталған бұзушылықтарды жою туралы экология департаментінің нұсқамаларын қатаң орындауы тиіс. Олай болмаған жағдайда мерзім аяқталған сәттен бастап өсімпұл есептеледі. Экоамбассадордың айтуынша, бұл – қажетті қадам.

– Бұрын Кәсіпкерлік кодекс қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға ластану фактілері кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік бермеді. Енді ластаушы заттар шығарындыларының нормативтерінен едәуір асып кетуі туралы БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау нәтижелері жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болуы керек. Экологияға қатысты мәселе туындағанда, бюрократияға жол берілмегені жөн, – деп есептейді А.Хайруллин.

 

«Теңізде» будақтаған түтін

Министрдің алаңдайтындай жөні бар. Өйткені Атырау өңірінде мұнай-газ өндірілетін кен орындары көп. Соның ішінде «Теңіз» кенішінің алар орны ерекше екені даусыз. Дәл осы кен орнын игеруге алғаш рет шетел инвестициясы тартылып, бірлескен кәсіпорын құрылды. Шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын елдің, мұнайлы өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына үлесін қосып отыр. Бірақ кен орнынан өндірілетін мұнай құрамындағы күкірттен қоршаған ортаға келер қауіп көп. Мәселен, был­тырғы 19 сәуірде әлеуметтік желіде кен орнындағы кешенді технологиялық қондырғылардың бірінен «сары» түтін будақтаған видео тарады.

Ал қазан айында Қарабатан елді меке­нінің тұсындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында қара түтін будақтады. Осыған орай об­лыс­тық экология департаментінің қыз­­мет­керлері мобильді жылжымалы зерт­ханамен елді мекенінің аумағына барды. Экологтар ауаны ластаушы шы­ға­рындылардың (қара түтіннің) көзі «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондыр­ғысының факельді қондырғысы екенін анықтады.

Осы орайда «Атамекен Эко» қоғам­дық қорының төрағасы Арман Хайрул­линнің мәліметінше, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі табиғат пайдаланушыларға тым көп эмиссия лимитін береді. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің былтырғы бірін­ші жартыжылдықтағы нақты шы­ға­рын­дылары 28,073 мың тоннаны, жыл­дық лимиті 120,537 мың тоннаны құрайды. Ал NCOC компаниясы бірінші жартыжылдықта рұқсат етілген 108, 348 мың тонна лимиттің 11,6 пайызын пайдаланыпты.

 

Зауыттан зауал төнбесе...

«АМӨЗ» ЖШС экология бөлімінің мамандарының мәліметінше, өткен жы­лы 1 қарашада сағат 16.00-де электр ақауы­ның салдарынан сарқынды суды био­­логиялық тазарту блогы тұндыр­ғы­шының шламды рециркуляциялау сор­ғысы тоқтап қалған. Соған байланысты тұндырғыштың құм сүзгісіне шығатын орында қалқыма және орга­никалық заттар (биошлам) шығарын­дылары шамадан асты. Бұл кезде құм сүзгісі блогында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған блок технологиялық схемадан уақытша ажыратылыпты. Со­ның салдарынан био­­логиялық тазарту құры­лыстарынан құрамында қалқыма және органикалық заттары бар сарқынды су нормативті тазартылған сарқынды су арнасына ағып кеткен. Ал сағат 23.00-де биологиялық тазарту құрылыстарының жұмысы қал­пына келтірілді. Сонымен қатар норма­тивті-тазартылған сарқынды су арнасында биошламның булану өрістеріне одан әрі өтуіне жол бермейтін бөгеттер орнатылды. Қазіргі уақытта арнадағы биошлам вакуумдық машиналармен сорылып, зауытқа қайта әкелінді.

Мұнай өңдеу зауыты қала іргесінде орналасқандықтан, тұрғындар одан қор­шаған ортаға төнер зауал төнбегенін қалайды. Дегенмен, әлгіндей өндіріс­тік ақау өңір жұртшылығының алаңдау­шылығын туғызды. Сол себептен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төраға­сы­ның мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Данияр Тиесов Атырау мұнай өңдеу зауытына арнайы келді.

– Қала үшін күрделі оқиға орын алды. Бұған зауыт жауапты. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. «ҚазМұнайГаз» бас­шылығы жағдайды жіті бақылауында ұстап отыр. Біз зауытта ауқымды жаң­ғыр­­ту жұмыстарын жүргіздік. Бірақ өкі­нішке қарай, қызметкерлеріміздің са­на-сезімі, өндірістік циклдер үшін же­ке жауапкершілігі жағы әлі де жаң­ғы­­ру үс­тінде. Бұл қызметкерлер де – осы қа­ла­ның тұрғындары. Олардың жұмысының нә­ти­жесі Атырау тұрғындарының аман-сау­лығына тікелей әсер етеді. Зауыт аса қысқа мерзім ішінде жағдайды түзе­тіп, алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдауға тиіс, – деді Д.Тиесов.

Кәсіпорынның бас директоры Шухрат Данбайдың айтуынша, заманауи технологияларды қолданудың нәтижесінде былтыр атмосфераға ластаушы заттар шығарындысының лимиті 20 123 тоннаны құраған. Алайда нақтысында атмосфераға шығарылған ластаушы заттардың көле­мі 11 772 тоннамен шек­теліпті. Ал сар­қынды сулармен лас­таушы заттардың тө­гінділері үшін 23 231 тонна лимит бел­гі­ленсе, жыл ішінде оның көлемі 11 789 тоннаны құрап отыр. Енді отын газын тұтынуды және тиісті шығарындыны қысқарту үшін мұнайды бастапқы өң­деу қон­дырғыларының кейбірінде техни­калық ескірген оттықтарды ауыстыру жүрг­ізілмек.

– Біздің зауытта атмосфералық ауадағы күкіртті сутектің, азот пен көміртек то­тық­­тарының, күкірттің қостотығы мен көмірсутектердің құрамын бақылайтын төрт автоматты бақылау стансасының базасында экологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ биылдан бастап бензол, ксилол, толуол концентрациясын бақылайтын қосымша анализаторлар орнатылды. Эко-мониторинг есептері сағат сайын «Қазгидромет» РМК серверіне, Атырау қаласындағы және зауыттағы Led-экрандарға беріледі, – дейді Ш.Данбай.

Былтыр зауыт ұжымы Атырау қала­сының 1 гектардан астам аумағын көгал­дан­дыруға атсалысыпты. Бұрыннан кө­гал­дандырылған 224 га аумаққа қолдау көрсетіп келеді. Ал биыл «Сасық сай» мен зауыттың буландырғыш тоғанының 860 га аумағын қоса алғанда, жалпы ауда­ны шамамен 1421 га жер учаскесін көгалдандыруды көздеп отыр. Осыған орай қазір кәсіпорынның бастамасымен TAZALYQ жобасын іске асыру қолға алынды.

– TAZALYQ жобасы қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағыт­талып отыр. Осы мақсатта зауытта ағын­ды суларды тазарту қондырғыларын жа­ңарту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ағынды суларды сапалы тазартуды, ластайтын ағынды сулардың көлемін азайту мен атмосфераға ластаушы заттардың булануын тоқтатуды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық процестерді өндіріске енгізуді көздейді, – дейді кәсіпорынның бас директоры Ш.Данбай.

Оның айтуынша, зауыт үшін бұл жобаның экономикалық пайдасы жоқ. Бірақ қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қажет. Сондай-ақ қор­шаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралардың ішінде зауыт ЭЛОУ-АТ-2, ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғыларының пеш­теріндегі техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру жоспарланыпты. Бұл отын газын тұтыну мен қондырғы пештерінде отын газын жағу кезінде ластаушы заттарды азайтады.

– Бірінші кезектегі міндетіміз – қорша­ған ортаға ластаушы заттар шыға­рын­дыларының деңгейін төмендету. Аймақтың экологиясы ауаның ластануынан жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Сондықтан өндірістік процеске жасыл технологияларды енгізу үшін кешенді шараларды тезірек қабылдау қажет, – дейді министр М.Мырзағалиев.
Айыппұл ауа болмаса да...

Табиғат пайдаланушылардың көбі қоршаған ортаны қорғау заңдылығы бұзылса, айыппұл төлеумен құтылуға бейім. Өйткені бүлінген табиғатты қал­пына келтіргеннен гөрі айыбын айып­пұлмен өтегенді жеңіл көретін секілді. Мәселен, Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары-бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Сырым Тілегеновтің мәліметінше, былтырғы 9 айда жалпы сомасы 810 млн 57 мың теңге мөлшерінде қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы 42 нұсқама беріліпті. Оның ішінде 35 нұсқамаға сәйкес 78 млн 592 мың теңге мемлекет пайдасына өндіріліп алынды.

– Ерікті төлем мерзімінің аяқталуына байланысты «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау Су Арнасы» КМК және «АК Холдинг Құрылыс компаниясы» ЖШС-не қатысты 729 млн 445 мың теңге сомасындағы залалды өтеу туралы 5 нұс­қама сотқа жолданды, – дейді Сырым Тілегенов. – Жалпы сомасы 2 млн 19 мың теңгені құрайтын 2 нұсқаманың өтеу мерзімі әлі өткен жоқ.

Оның айтуынша, алдыңғы жылы қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу­ге байланысты жалпы сомасы 5 млрд 91 млн 44 мың теңгені құраған 12 нұсқама берілген екен. Былтыр аталған сома толығымен өтеліпті. Осылайша, эколог­тар өткен жылғы 9 айда мемлекет кірісіне 5 млрд 169 млн 636 мың теңге өндірді.

Сондай-ақ облыстық экология де­пар­таменті басшысының орынбасары-бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым Тілегеновтің мәліметіне қара­ғанда, былтырғы 9 айда табиғат пайдаланушылардан өндірілген айыппұл 224 млн теңгені құрап отыр. Осы кезеңде табиғат пайдаланушыларға 46 мемлекеттік эколо­гиялық бақылау жүргізіліпті. Оның 11-і – профилактикалық бақылау, 35-і – жос­пардан тыс тексеру.

– Тексеру нәтижесінде 130 бұзушылық анықталып, оны жою туралы 85 ұйғарым берілді. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты 88 млн 422 мың теңгені құрайтын 54 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың 88 млн 299 мың теңгесі өндірілді, – дейді Сырым Тілегенов. – Бұған қоса былтыр салынған 136 млн 339 мың теңгені құрайтын 5 әкімшілік айыппұл өндіріліп отыр. Осының бәрі қоса есептегенде, былтырғы 9 айда мемлекет пайдасына өндірілген айыппұлдың көлемі 224 млн 638 мың теңгеге жетті.

 

Жасыл желек жайқалса игі

Атырауда жыл сайын көгалдандыру қамымен сан алуан көшет егіледі. Әкімдер дәл осылай есеп беріп жатады. Алайда облыс орталығы да, аудан орталықтары мен ауылдар да әлі күнге жасыл желекке көмкеріле қойған жоқ. Мұнай-газ өнер­кәсібі саласындағы кәсіпорындарға миллиондар, тіпті миллиардтарды құра­ған айыппұл салынса да жұтар ауа жұ­парға айналмай-ақ қойды. Бұған «қа­ра алтыны» мол қазыналы өңірдің ауа­сының жақсармағаны дәлел. Сонда қор­шаған ортаның тазалығын қалай жақ­сартуға болады? Экология, табиғи ресурс­тар және геология министрі М.Мыр­зағалиев­тың мәліметінше, Атырау облы­сының экологиялық проблемасын шешу үшін 40 іс-шарадан тұратын Жол картасы әзір­ленді. Онда жаңа кәріздік тазарту кешен­дерін салу, ескілерін қалпына кел­тіру, «Сасық сай» мен «Квадрат» бу­лану алаңдарын рекультивациялау, Жайық өзе­нінің бассейнін көгалдандыру, тазар­ту, са­уықтыру секілді маңызды іс-шаралар бар.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбе­товтің айтуына қарағанда, Атыраудағы мемлекеттік орман қорының көлемі – 52 400 гектар. Оның ішінде орманды алқап – 15 100 гектар. Орман алқаптары негізінен Жайық пен Қиғаш өендерінің жағасында ғана бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе жа­сақталған ормандарды толықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтуға қатысты қадамдық жоспар жасалған. Соған сәйкес, облыста 2 800 гектар орман алқабында 2020-2025 жылдары 7 млн-нан астам ағаш көшетін егу жоспарланып отыр.

– Жайық өзені бойындағы тоғай­ларды қалпына келтіру, жайылма алқап­тар­ды жасыл желекпен көмкеру Аты­рау өңірінің экологиялық ахуалын жақсар­туға оң әсерін тигізеді. Қазір меже­лен­­ген жоспарға сәйкес, әрбір орман шаруа­шылығы мекемесі көшет егілетін учас­келер мен ағаш түрлерін анықтап, нақты жоспар жасалды. Мұндай ауқымды жұмыстарды атқару орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық, техникалық жарақтандыру деңгейіне байланысты болмақ. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 427 млн теңгеге 3 орман меке­месінің құрамына машина, трактор паркі, өрт сөндіру стансалары, жұмыс кестесі бар кешендер, 2 өрт бақылау мұна­расы салынып, пайдалануға беріл­ді. Сондай-ақ орман мекемелерін жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 206 млн теңге бөлінді. Ал 2020-2025 жылдарға арналған қадамдық жоспар көрсеткіштерін орындауға қажетті қаржы көлемі 769 млн теңгені құрайды, – дейді әкім.

Әкімнің пікірінше, ауаның ластануы, жасыл желектердің жұтаңдығы – жиі көтерілетін мәселелер. Көгалдандыруға қатысты Атырау қаласы мен аудандар аум­ағынан жалпы көлемі 5 мың гектардан астам учаскенің тізбесі жасалды. Арнайы бөлінген учаскелерге көшет егу жұмыстарына NСОС, «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді ірі компанияларды тарту көзделіп отыр.

Десек те, жеті қат жер астындағы мол байлықты тонналап өндіріп, миллиардтап табатын алпауыт компаниялар бұған білек түре кірісе ме? Экология, табиғи ресурстар және геология министрі Мағзұм Мырзағалиев аталған кәсіпорындардың өңірді көгалдандыруға қатысу үлесінің төмендігіне қынжылыс білдірді.

– Мемлекет басшысы бес жылда 2 млрд көшет егуді тапсырды. Ал Аты­раудағы компаниялар өткен жылы бір гектар жерге жасыл желек отырғыз­ғанын «ауқымды жұмыс» деп есептейді. Шын­дығында, бұл – өте аз, – деді министр.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар