Қоғам • 02 Наурыз, 2021

Қатерлі ісік және қантты сусындар

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәтті сусындарды тым көп ішу аса пайдалы емес екенін айтпаса да ішіміз сезеді. Алайда Сорбонна университетінің Эпидемиология және статистиканы зерттеу орталығының ғалымдары құрамында қанты бар сусындар, жүз пайыз жеміс шырындарын тұтынудың артуы мен қатер­лі ісіктердің пайда болуы арасында байланыс бар екенін анықтап отыр.

Қатерлі ісік және қантты сусындар

Ал бұған British Medical Journal-ын­да жарияланған зерттеу нәти­же­лері дәйек бола алады. Бұл зерттеу­ге орта жасы 42-дегі 101 257 адам қатысыпты (ерлер – 21%, әйелдер – 79%). 9 жыл бойы олар күн са­йын сусындардағы қант мөлшерін анықтауға көмектесетін онлайн-са­уал­дамаларды толтырып отырған. Осылайша, ғалымдар қатерлі ісіктің кей­бір түрлері мен (сүт безі обыры, қуық асты безі обыры, колоректальды қатерлі ісігі) диетадағы қантты сусындардың мөлшерімен байланысына баға береді.

Дәлірек айтқанда, қант қосылған сусын­дарды күнделікті тұтыну он­ко­логияның даму қаупін орта есеп­пен 18-22%-ға арттырады екен. Жеміс шырыны мен басқа да тәтті сусындардың арасында еш айыр­ма­шылық жоқ. Бірақ бәрі жоға­рыда айтылғандай жаман емес көрінеді. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылар қантты тұтыну ағзаның қалыпты жұмысын сақтау үшін қажет екендігін жоққа шығармайды. Тіпті, қанттан толық бас тарту дененің кейбір функцияларына теріс әсер етуі мүмкін, мұның да кері салдарлары бар. Жалғыз дұрыс шешім – қант тұтынудың орташа тәуліктік нормасымен дұрыс теңшей отырып тамақтану. Бірақ қантты тұтынуға қарсы көрсетілімдері бар адамдар үшін қауіпсіз балама бар – бұл қант алмастырғыштар.

Бұл мәселеде «Аман-саулық» қоғам­дық қорының президенті, зиянды азайту саласындағы сарапшы және «Ден­саулық» қауымдастығының төрайымы Бақыт Түменова: «Денсау­лық – адамның өмір салтына тікелей байланысты. Адамдардың тәттілерге шамадан тыс тәуелділігі жұқпалы емес аурулардың өрши түсуіне әкелуі мүмкін. Мысалы, соңғы 5 жылда қант диабетімен ауыратын науқастар саны шамамен 30%-ға өсті. Онкологиямен ауыратын нау­қас­тар саны шамамен 3%-ға, жүрек-тамыр жүйесі ауруларының саны 16%-ға өсті. Меніңше, бала кезден бастап тәттілерге дұрыс көзқарас қа­лыптастыру керек. Өйткені біз тыйым салынған нәрсені ерекше қалап тұрамыз. Осыған байланысты шектеу шаралары басты мәселелерді шешпейтін уақытша және елеусіз ғана әсер ететін болады. Егер мәні бойынша түсінетін болсақ, қант қалыпты мөлшерде дененің үздіксіз жұмыс істеуі, мидың дұрыс дамуы және ынталандырылуы үшін қажет. Бұл ретте, жалпы тамақтану мә­дениеті туралы көбірек сұрақ туын­­­дайды», дейді.

Сарапшы адамдардың өз ден­сау­лығы мәселелеріне саналы және жауапкершілікпен қарауы үшін дұрыс тамақтану әдеттерін қа­лып­тас­тыру жөнінде ұлттық бағ­дарлама әзірлеу қажеттігін айтады. Мысалы, құрамында 5% немесе одан да көп қант бар қантты сусындардың орнына нөлдік қант немесе жасанды қант алмастырғыштары бар балама сусындар ұсынылып отыр. Әлемде зияндылықты азайту стратегиясы осылай жұмыс істейді. Тәжірибе көрсеткендей, адамдардың әдеттерін бір сәтте өзгерту мүмкін емес, кері нәтиже болмас үшін біртіндеп көшу қажет.

«Мәселен, Президент тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың жаңа тәсілдері жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» әзірлеу жөніндегі мекемеаралық комиссия құрылды. Біз Денсаулық сақтау вице-министріне ҮЕҰ әлеуе­тін пайдалана отырып, жұқпалы емес аурулардың алдын алу және денсаулықты қолдау мәселелеріндегі тәсілдердің бірі ретінде зиянды азайту тұжырымдамасын қарастыру ұсынысымен хат жаздық. Тыйымдар жұмыс істемейді, адамдарға жаман әдеттерден арылу және оларға бұл әдеттер денеге жаман әсер етеді және әртүрлі ауруларға әкеледі деп айту қиын, көп жағдайда пайдасыз. Бірақ зияндылықты азайту тәсілін қолдана отырып, оларға зияны аз балама ұсына аламыз, өмір сүру сапасын жақсартамыз және олардың таңдау құқығын құрметтейміз. Сыбайлас жемқорлыққа және контрафактілік өнімдердің өсуіне алып келетін жаппай тыйымдардан арылу керек. Тәуелділікке қарсы күресте жаңа тә­сіл­дерді енгізудің уақыты келді», дейді Б.Түменова.

Сарапшы сондай-ақ «Аман-саулық» қоғамдық қоры базасында инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларынан туындаған зиянды азайту үшін «Денсаулық» қауымдастығы құрылғанын айтты. Қауымдастықтың қызметі ден­сау­лыққа зиянды азайту стратегиясын әзірлеуге, халық арасында дұрыс өмір салты мен саламат­ты әдеттердің маңыздылығын наси­хаттауға, аурулардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттік орган­дармен, қазақстандық және шетел­дік ұйымдармен, ғылыми қауым­дас­тықтармен серіктестік қарым-қатынас орнатуға бағытталған.