Қоғам • 02 Наурыз, 2021

Өкпе дертінен өлім-жітім азайды

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандық пандемия коронавирустан басқа да аса қауіп­ті кеселдерден әлем назарын бұрып әкеткенін көріп отырсақ та, жұқпалы ауруларды тежеу мәселесі жайба­рақат­ты­лықты көтермейді. Қазір елімізде туберкулез жөнінен эпиде­миялық жағдай тұрақталғаны байқалады. Соңғы 10 жылда бұл кеселді жұқтыру 2,3 есе азайды.

Өкпе дертінен өлім-жітім азайды

Бүгінгі таңда туберкулез­ге қарсы қызметтің артықшы­лығы сонда, оның алдын алу, асқындырмай анықтау, науқас­тарды амбулаториялық емдеу ісі реттелген. Туберкулез ми­кро­­бактерияларын бөлмейтін, ай­наласындағыларға қауіп төн­­дірмейтін пациент­тер жұ­мысын немесе оқуын жал­ғас­тыра отырып, тұрғылықты жері бойын­ша емханалардың ба­қы­лауы­мен емделе алады. 2020 жылдың қо­ры­тындысына келсек, амбу­ла­­­то­риялық жағ­дайда ем баста­ған­дардың үлес салмағы 71,2%-ға жетті (2019 жылы – 61,1%).

Қазақстанда онкологиялық ісіктер сияқты, туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін. Туберкулезді оған қарсы ұйымдар дең­гейінде, сондай-ақ МСАК же­лісінде ерте анықтау үшін ха­лық­ара­лық стандарттарға сәй­кес келетін және 2 сағат ішінде тубер­кулез бен КДТ ТБ-ны анық­тауға мүмкіндік беретін диаг­­­ностиканың ең заманауи әдістері енгізілді.

Елімізде 2016 жылдан бері ДДҰ ұсынған жаңа препараттарды, тиімділігі жоғары және қысқа мерзімде туберкулезді толық емдеуге мүмкіндік бе­ретін емдеудің инновациялық тәсілдері енгізіліп келеді. ДДҰ стандарттары бойын­ша Қазақстанда туберкулезбен ауыратындарды емдеу тиімділігі жоғары екендігін атап өту керек. Мысалы, 2020 жылы сезімтал туберкулезге шалдыққаны алғаш рет анықталған науқастар – 87,5% (ДДҰ стандарты – 85%), көптеген дәріге көнбейтін тубер­кулез – 82,5% (ДДҰ стандарты – 75%) құрады.

Туберкулез бойынша негізгі эпидемиялық көрсеткіштердің төмендегенін мына сандармен дәйектеуге болады. Соңғы 5 жыл­да сырқаттанушылық көр­сеткіші 42,8%-ға, туберкулез­ден болатын өлім-жітім 68,7%-ға, ту­беркулездің таралуы 48,7%-ға, балалар арасында сырқат­тану­шылық 55,7% -ға төмендеді.

Егер оқырман есінде болса, бірнеше жыл бұрын бұл нау­қастарды онлайн емдеуге болатындығын жазған бола­тын­быз. Бүгінге дейін бейне­бақылау әдісімен 338 науқас емін аяқтапты (65,0%); жеке автокөлік бөліміне отырып 7 мо­бильді топ ұйымдастырылып 2020 жылы 1 117 адам ем алған.

Орайы келіп тұрғанда Ал­ма­тыда Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орайластырылып, туберкулезбен күрес ай­лығы басталғанын ай­та кету керек. Пандемия жағ­да­йында іс-шаралар онлайн түрде өткізіледі.

Әлемде атап өтілетін күннің міндеті – барлық тұрғындарға ту­беркулез мәселесі кез кел­ге­німізді айналып өтпеуі мүмкін екендігін айту.

«Егер туберкулезге тән бел­гілер болса, онда сіз ме­дици­на­­лық ұйымға барып, тегін ем ала аласыз және міндетті түрде ем­делу керек», дейді Денсаулық сақ­тау министрлігінің Фтизио­пуль­­монология ұлттық ғылыми ор­та­лығының директоры Мәлік Әденов.

Қорыта айтқанда, туберкулезге қарсы 2014-2020 жыл­дарға арналған кешенді жос­пардың нәти­­жесінде кейінгі 10 жылда туберкулез жұқтыру 2,3 есе азай­ды.

 

АЛМАТЫ