Аймақтар • 05 Наурыз, 2021

Жұрт іздеген Жібек

2019 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңір жұртшылығы Жібек Бисенованы іздейді. Тіпті оны жанашырындай көріп, көмек сұрайтын жандардың қатары көбейді. Неге? Өйткені ол – еңбек жолын 40 жыл бұрын медицина саласында бастаған дәрігер. Ал соңғы 20 жылдан бері «Болашақ К» қоғамдық қорын басқарады. Мақсаты – медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың құқықтық сауатын жетілдіру.

Жұрт іздеген Жібек

Тегінде дәрігерлік кәсіпті таңдаған адамның жүрегі мейірімге толы болатын шығар. 1980 жылы Ақтөбе медицина институтын бітірген жас маман өзі қалаған мамандығының қыр-сырын меңгеру үшін қазақ даласының бір қиырындағы Жаңаөзен қаласына барудан бас тартпады. Мұнайлы түбектегі қалашық тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін учаскелік дәрігер болуды қомсынбады. Сөйтіп еңбек жолы басталған Жаңаөзенде дәрігерлік міндетін адал атқаруға білек түре кірісті. Алдыңғы толқынның тәлімін үйреніп, мол тәжірибе жинады.

Ал тәжірибелі әріптестері бетінен қақпай, белін буған талапты жас дәрігер кейін қоңсы қонған Атырау мен Маңғыстау облыстарында жауапты жұмыстарды абыройлы атқарды. Әрине, бірден басшы атанбады. Алдымен, оған дәрігер-реаниматолог, бөлім меңгерушісі секілді жауапкершілігі зор міндет жүктелді. Кейін біріккен қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, бас дәрігері болды. Мұндай жауапты жұмысқа екінің бірі таңдалмайды. Осы тұрғыдан айтқанда, мұны Жібек Қуанғалиқызының әріптестері арасындағы беделінің, ақ халаты мен абыройына қылаудай дақ түсірмеген дәрігерлік антына адалдығының жемісі десек, артық айтқандық бола қоймас. Арада айлар өтіп, жылдар жылжыған соң оны тағы бір жауапты жұмыс күтіп тұрды. Бұл – Атырау қалалық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасары лауазымы.

Қандай ортада жұмыс істесе де, қандай лауазымды қызметті атқарса да адамгершілік қағидасынан аттамауға тырысты. Адамдық айнасына көлеңке түсірмеді. Әріптестерімен тез табысты. Тұрғындардың, соның ішінде сырқаты бар балалардың денсаулығын жақсартуды мақсат тұтты. Әсіресе, бұрын көп кездеспеген Даун синдромына шалдыққан балаларды сауықтыруды қолға алды. Осы мақсатын іске асыру үшін 2000 жылы «Болашақ К» қоғамдық қорын құрды. Сөйтіп ХІХ ғасырда бой көтерген ескі ғимаратты сенімді басқаруға алып, демеушілер көмегімен жөндеу жүргізді. Түрлі конкурстарға қатысып, гранттар жеңіп алды.

Жібек Бисенованың пікірінше, статистикаға сәйкес, тұрғындардың шамамен 80 процентке жуығы әртүрлі өткір және созылмалы аурудан зардап шегеді. Мұның қатарына тіс, буын ауруларын жатқызуға болады. Тіпті түрлі отадан кейін ағзада ауырсыну сезіледі. Атырау облысында да жіті және созылмалы ауруы бар науқастар сапалы диагностикадан өту, арнайы емделу курсын алу үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына сабылатыны даусыз.

– Сол себептен медициналық клиника мен оңалту орталығын аштық. Мұнда 30 адам жұмыс істейді, – дейді қор директоры Жібек Бисенова. – Олар сал ауруына, миы зақымданып, сөйлей алмай қалған балаларға да, инсульт­­тан кейін денсаулығын түзегісі келген ересектерге оңалту жүргізеді. Мәселен, былтыр оңалту орталығында 1 400 адам арнайы емдеу курсынан өтті. Процедуралардың бір бөлігі медициналық сақтандыру қоры аясында жүзеге асырылады.

Білікті дәрігердің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Жүйке жүйесі жетілмеген, мерзімінен бұрын туған балалардың мүгедек болуының бір себебі – оңалтудың кеш басталуы. Дұрысында, мұндай балаларға оңалтуды туған сәттен, яғни ерте бастаған жөн.

– Облыста өзге де оңалту орталығы бар. Бірақ оңалтудың тиімділігін арттыру үшін екі мәселе оң шешімін табуы тиіс. Біріншіден, мұндай орталықтағы мамандар науқасқа берілетін оңалтуды саралай алатын біліктілігі жоғары болуы керек. Екіншіден, оңалту іс-шарасы жүйелі жүргізілгені жөн. Сонда ғана оңалтудың тиімділігі байқалады. Сондықтан біздің орталықта қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр, – дейді ол.

 

Атырау облысы