Әдебиет • 12 Наурыз, 2021

Балаларға тағы бір базарлық

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің қазақ тіліндегі «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының тұсаукесері өтті. Мира Сембайқызының тәржімасымен «Фолиант» баспасынан басылып шыққан балалар шығармасы қазақ тіліне алғаш рет ауда­рылып отыр.

Балаларға тағы бір базарлық

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ма­қа­ласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сон­дық­тан қазақ қаламгерлерінің үздік шығар­­маларына қоса, балаларға арналған шетел жазу­шыларының да таңдаулы туындыларын ауда­рып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деп атап өткен болатын. Соған орай 2021 жыл – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қол­дау жылы болып жарияланған еді. Осы мақсатта «Фолиант» баспасы қазіргі ұр­пақ­тың псхологиясына тән, тәлім-тәр­бие­лік маңызы бар сапалы туындыларды басып шығаруды, әлемдік әдебиетте ор­ны бар шығармаларды аударуды қолға алып­ отыр.

Іс-шараға Швеция Корольдігінің Қазақ­стан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойер, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Сәуле Досжан, қаламгер Баян­ғали Әлім­жанов, балалар ақыны Серікбол Ха­сан және т.б. зиялы қауым өкілдері қа­тыс­ты.

Екі ел арасындағы шығар­ма­шылық бай­ланыстың болаша­ғынан үлкен үміт күте­тінін айт­қан Швеция Корольдігінің Қазақ­стан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойер атал­ған жобаның «Kulturrådet» бойын­ша Швед кеңесінің грантымен іске асы­­­рылғанын жеткізді. «Атақты әдеби кейіп­­кердің қа­зақ тілінде сөй­легеніне қуа­ныш­­тымын. Шве­­ция балаларының бәрі Ұзын­шұлық Пиппиді жақсы біледі. Тіпті, бұл кітапты оқу үлкендерге де пайдалы. Ол әрбір адамға, қоғамға, айналасына не­ғұрлым жеңіл, еркін қарауға үй­ретеді», деді елші.

Кітап аудармашысы Мира Сем­­байқызы тәржіма жұмыс­тарына үш ай уақыт кеткенін айта келе: «Аударып болғаннан кейін де редакциядан өткізіп, әбден тексердік. Балалар оқығанда түсі­ніксіз ұғымдар, қиын сөйлем­дер кездесіп қалмасын деп сөй­лем­дерді барынша жеңіл тілмен беру­ге тырыс­тым»,  деді.

Астрид Линдгрен, ЮНЕСКО ұйымы­ның мәліметі бойынша, әлемнің ең көп аударылатын жиырма авторы арасында 18-орында – Федор Достоевский, ертегі патшасы Андерсенмен қатар тұр.

76 жыл бұрын жарық көр­ген «Ұзыншұлық Пиппи» соғыс­тан кейінгі шведтік балалар үшін бос­тандық, өмірге деген сүйіс­пеншілік символына айналды. Автор балаларға қарсы зор­лық-зомбы­лықты тоқтату мен олар­ға деген құрмет сезімін қа­­лып­тас­тыру қажет­тілігін қо­ғам­­ға жет­кізу үшін бар­л­ық мүм­кіндікті пай­да­ланды. Бар­лық кітаптарынан «еркін тәр­бие­леу ата-анаға де­ген құрметтің жоқтығын біл­­дірмейді, бұл ата-ананың ба­лаға деген құрметін біл­діреді», «Балаңызға шын көңілмен мән беріңіз», «Балаңызды қолда­ңыз», «Балаңызды тыңдауды үйре­ніңіз», «Бала­ңызбен ойнаңыз», «Бала­ңызбен сөй­лесіңіз» және ең бастысы «Балаңызға қол көтер­меңіз» деген идея байқалады.

Ал бас кейіпкер Пиппи – бала­лардың күш пен игілік, байлық пен жомарттық, бостандық пен тәуелсіздік армандарының символы. Ал үлкендер керісінше, Пип­пиді түсінбейді. Дәріханашы, мектеп мұғалімі, цирк директоры, тіпті Томми мен Анниканың анасы да Пиппиді өз­гертуге, қайта тәрбиелеуге тырысады. Алайда ешкім Пиппиге қаламағанын жасата да,  міндеттей де алмай­ды. Пип­­пи ту­ралы кітаптар – жақ­сылыққа құш­тар­лықтың символы сынды.