Қоғам • 20 Наурыз, 2021

Жорамалдар бүй дейді...

1486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жорамалдар бүй дейді...

Жалпы, қазақ Сиыр жылына құтты жыл ретінде қарайды. Халық сенімінде елдің жай-күйі мен ауа райы − жыл иесінің мінезіне, болмысы мен қасиетіне байланысты құбылып отырады. Бұл жыл қандай болады? Осы ретте біз Зеңгі баба жылына көріп­келдердің жасаған болжамдарына үңіліп көрелік.

XV ғасырда өмір сүрген фран­­цуздың атақты көріпкелі Нострадамус 2021 жылы, Сиыр жы­лы «теңізде үлкен шайқас болып, қызыл өрттен жануарлар көп зардап шегеді» деп ескертіпті. Мұны мамандар болашақтағы табиғи апаттарды білдіреді, деп болжайды. Цунами, жанартаудың атқылаулары және теңіз бетіндегі өрт болуы ықтималдылығын да жоққа шығармайды. Нострадамус, сонымен қатар жаңа сауда-саттық мүмкіндіктерінің ашылуы туралы айтады. Қолөнершілердің өніміне сұраныс артатынын болжайды. Жақсылық пен жанашырлық қарым-қатынас та басты орын алатын көрінеді. Адамдар бірін-бірі тыңдап, келіссөздер жүргізуге мәжбүр болады, деп болжаған.

Ал белгілі болгар көріпкелі Ванга 2021 жылдың бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін екенін бол­жапты: табиғи апаттар, дағда­рыстар және кейбір елдердегі өзек­ті мәселелер. Жағалаудағы қа­лалар үлкен толқын астында қа­лады, адамдар қорқынышпен өмір сүреді. Сейсмикалық және жанартау белсенділігі күшейеді дегенді де атап өткен.

Ал, біздің қазақтың осыдан­ 5 ғасыр бұрын өмір сүріп, «Шипа­гер­лік баян» кітабын жазған Өтей­бойдақ Тілеуқабылұлы да Сиыр жылына қатысты өз бол­жамын жасап кеткен екен. Сиыр­ды «маңғаз» деп атаған емші ба­бамыз: «Бұл жылдағылар − су­сағыш, тамақсау, зілсіз, кек­сіз қаракеті біртоға, көмпіс, оңай­лық­пен сөз өтпейтін, тілге азбайтын, иісалмас болғанымен, жау тиіс­кенде айғай-аттанын естісе, не қан көрсе болғаны − намысы қозып, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бірі қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бір­ауызды, қаратұяғынан хәл кет­кенше айқасатын, қауқарлы-қау­қар­сыздығына қарамайтын әрі өз­дерін және жастарын аялауға құш­тарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын, досқа адал, ақ пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін, тек өлім ғана айыратын, ер көңілді сабаздар болып келеді» деп сипаттапты. Осыған қарағанда, Сиыр жылы туғандардың көбі елі үшін өгіз қара күшін салатын көпшіл азаматтар болады деп тұспалдасақ, теріс болмайтын секілді.

Кейбір болжаушылар «Сиыр­ жылы тарихта көбінде ауырт­палық, дау-жанжал, қиындықтарға толы болған. Сондықтан биыл апаттар молайып, экономикаға қатты әсер етуі мүмкін» десе, астрологтардың кейбірі бұл пікі­рмен келіспей, «Сиыр жылы мол­шылық жылы болады. Қазақ хал­қы Сиыр жылын жақсылыққа ба­лаған» деген уәж айтады. «Сиыр­ жылы жаңбырлы болады, ас­тық бітік шығып, молшылыққа кенелтеді», «Сиыр жылы мөшке сиырдай молшылықтың жылы болады» деп те айтылады. Ел ішінде «сиыр мүйізін төсесе, жылдың басында сақылдаған сары аяз болады да, көктемдегі «отамалы», «сары атан-зауза» (амал аттары) кезінде қарлы боран соғып, мал төлдеп жатқан кезде апат болуы да мүмкін» деп қарайтын есепші қариялар да жоқ емес. Халқымызда Сиыр жылы туған сәбилердің мінезі біртоға, көнбіс келеді деген көзқарас, «Сиыр жылы туғандар сиыр бауыздамайды» деген тыйым бар.

Соңғы кездері ел ішінде «Мәш­һүр Жүсіп айтқан Сиыр жылы келді» деген шағын бейнежазба тарап жүр. Мұнда өзінің қайтыс болатын мезгілін 10 жыл бұрын болжаған көріпкел әулие «Сиыр жылынан бастап Қазақ хал­қы нағыз бай-бақытты заманға же­теді» деп болжаған екен. Бұған дейін айтқандарының көбі айнымай келген әулиенің осы сөзін алға тартып, «келе жатқан жыл қа­зақ еліне үлкен жақсылық, көл-көсір­ молшылық әкеледі» деп қуа­нып жүрген отандастарымыз көп. «Жақ­сы сөз – жарым ырыс». Лайым, солай болып, Сиыр­ жы­лының қазаққа сыйлар сыйы көп болсын, уайым-қай­­ғы жоқ болсын. Алла тағала індет­ке дауа, жерімізге көз алартқан көр­ші елдерге тәупиық берсін деп тілейік.

Біз, қазақ халқы, ешқашан жақсылықтан күдер үзбеген елміз. Жақсы болады деген Тышқан жылында жамандық келсе, қиын саналып келген Сиыр жылында бәрі керісінше болып жатса деген үміт те жоқ емес.  Сондықтан бұлт артынан күн шығады демекші, биылғы пандемиядан шаршаған ел келген жылда індеттен құты­лып, жаймашуақ күн кешіп, көп жақсылықтарға кенелсін деп тілейміз!

Әкім ҚОЖАҰЛЫ